Бейсенбі, 5 сәуір 2012 7:36
Олимпиадаға 113 күн қалды
Бүгін Астана төрінде Азияның 29 елінің боксшылары қатысатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнир басталады. Осы дүбірлі додада Азия аймағы бойынша 10 салмақта Жазғы Олимпия ойындарының 29 жолдамасы сарапқа салынады.
Олимпиадаға 113 күн қалды
Бүгін Астана төрінде Азияның 29 елінің боксшылары қатысатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнир басталады. Осы дүбірлі додада Азия аймағы бойынша 10 салмақта Жазғы Олимпия ойындарының 29 жолдамасы сарапқа салынады.
Бұл бәсекеде білікті бапкер Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы 4 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Онда ең жеңіл, яғни 49 килода Біржан Жақып, 52 килода Ілияс Сүлейменов, 64 кило салмақта Данияр Елеусінов пен 91 килода Василий Левит қолғап түйістіреді. Осы боксшылар Қазақстан құрамасының былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңіп алған 5 лицензиясынан басқа тағы 4 жолдама үшін таласатын болады.
Ал Бакуде болған әлем чемпионатында біздің елімізден қола жүлдегер атанған Ғани Жайлауов (60 кг.), күміс жүлдегерлер Серік Сәпиев (69 кг.) пен Әділбек Ниязымбетов (81 кг.) және қола жүлдегер болған аса ауыр салмақтағы Иван Дычко Олимпиада жолдамасын иеленген болатын. Сонымен бірге, осы сында 75 килодағы Данабек Сужанов та Лондонға жолдаманы жеңіп алды. Ол өз салмағында ширек финалға шығып, лицензияға ие болды. Осылардың ішінде Сужанов пен Ниязымбетовтің алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, жолдаманы жеңіп алғанын айта кеткен жөн.
49 килодағы Біржан Жақып – ұлттық құрама бапкерінің төл шәкірті. Ол да Бакуде өткен әлем чемпионатына қатысып, Олимпиада жолдамасы үшін күш сынасқан болатын. Алайда, сол жолы мықты қарсыластарға кезіккен Біржанның жолы болмады. Ол – осыған дейін де біраз әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлердің, тіпті Бейжің Олимпиадасының да жейдесін тоздырған боксшы. Оның ең басты жетістігі – 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғаны. Содан кейін ол бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды. Бұл жерде оған Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы қытай Зоу Шиминнің күні бүгінге дейін басты қарсылас болып келе жатқанын айту керек. Зоу Біржан үшін алынбайтын қамал сияқты. Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында да қытай боксшысы үшінші мәрте чемпион атанғанда, біздің Біржан бармағын тістеп қалған. Сол жолы ол Олимпиада жолдамасын ала алмай, жарысты ерте аяқтады. Осы жеңілісінен кейін Біржанның Лондон Олимпиадасына жолдама беретін жарыстарға қатысуы белгісіз болған. Бірақ, оның бағы бар екен. Оның салмағындағы лицензиялық жарыс осы жылдың басында Астанада өтетін болып шешілді. Бұған дейін Халықаралық олимпиадалық комитет 49 килода Олимпиада жолдамасы сарапқа салынбайды, өйткені, Бакуде өткен әлем чемпионатында бұл салмақтағы 6 боксшы Олимпиада лицензиясын алып қойған деп мәлімдеме жасағанын білеміз. Бірақ АИБА басшылары өздерінің шешімдеріне шұғыл өзгеріс енгізіп, Азия аймағы бойынша 75 кило салмақтағы бір лицензияны Еуропаға беріп, өздеріне Еуропадан 49 килодағы бір жолдаманы қосып алды. Біздің боксшы үшін Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға бұдан асқан мүмкіндік бар ма? Енді біздің боксшыға осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға ұмтылу керек.
Келесі 52 салмақта біздің құрамадағы тәжірибелі боксшымыз Олжас Сәттібаевтың турнирге қатысуға басты үміткердің бірі болғаны белгілі. Алайда, соңғы сәтте оның орнына Ілияс Сүлейменов шығатын болып шешілді. Осы турнирде Сүлейменовке мықты қарсылас болатын боксшылар көп. Оның ең басты қарсыластары ретінде Қытай, Моңғолия сияқты елдердің өкілдері саналады. Дегенмен, Ілиястың Лондон Олимпиадасы сарапқа салынатын төрт жолдаманың біреуін жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жартылай финалға шықса жетеді.
Бұдан кейінгі 64 килода сары құрлықтың лицензиясын Данияр Елеусінов жеңіп алуға ұмтылатын болады. Бұл боксшы да Бакудегі әлем чемпионатында орта жолдан сүрініп, жолдамаға қол жеткізе алмаған болатын. Сондықтан Д.Елеусіновке Астанадағы турнирде соңғы мүмкіндік.
Осы турнирде 91 кило салмақтағы Василий Левитке де Олимпиада лицензиясын иеленуге мүмкіндік беріліп отыр. Оның Астана турниріне қатысатыны соңғы сәтте шешілді. Бастапқыда Левиттің жарақат алуына байланысты 91 килода Данияр Үстембаевтың шығатыны туралы әңгіме болған. Бірақ, Левит жарақатынан айығып, өзіне тез келді. Сөйтіп, бапкерлер оған тағы бір мүмкіндік беруге шешім қабылдады. Бұл боксшымыз да Бакудегі әлемдік бәсекеде жолдамадан қағылған болатын. Енді сол кезде кеткен есесін Астана төрінде қайтарады деп сенеміз. Левиттің салмағында Азия аймағы бойынша 2 лицензия бөлінген. Ал Олимпия ойындарында бұл салмақта 16 боксшы күш сынасады.
Астанадағы турнирден кейін Олимпиада жолдамасы үшін тағы бірнеше жарыс өтетін болады. Жыл басынан бергі алғашқы жарыс 20-26 наурыз күндері Австралияның Канберра қаласында өтті. Онда Мұхит аймағы бойынша лицензиялар сарапқа салынды. Енді алдағы жарыстар Еуропа, Америка және Африка құрлықтарында өтеді деп жоспарлануда. Атап айтқанда, 13-22 сәуір аралығында Түркияның Трабзон қаласында Еуропа елдері Олимпиаданың қалған 26 жолдамасын сарапқа салса, 27 сәуір мен 6 мамыр күндері Африка елдері Марокконың Касабланка қаласында құрлықтық лицензиялар үшін бақ сынасады. Ал Америка құрлығындағы жарыстар 4-13 мамыр аралығында Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтеді. Осы іріктеу турнирлері біткен соң, АИБА Халықаралық олимпиада комитетімен бірігіп, тағы сегіз жолдаманы бөледі. Оның біреуі Азия құрлығына беріледі деп күтілуде.
Астанада өтетін лицензиялық турнирде сарапқа салынатын жолдамалардың саныСалмақ дәрежесі Саны49 кило 152 кило 456 кило 360 кило 164 кило 469 кило 375 кило 481 кило 391 кило 1+91 кило 1Барлығы 25
Құрлық бойынша қалған жолдамалардың саныСалмақ Африка Америка Азия Еуропа Барлығы49 кило 6 3 1 4 1452 кило 6 2 4 3 1556 кило 5 4 3 4 1660 кило 6 4 1 4 1564 кило 6 5 4 1 1669 кило 6 5 3 2 1675 кило 5 5 4 2 1681 кило 4 5 3 3 1491 кило 2 3 1 1 7+91 кило 2 3 1 2 8Барлығы 48 38 25 26 137
Дастан КЕНЖАЛИН.