Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:09
24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.
Бұл сынға Қазақстан құрамасының бапкерлері жас зілтеміршілерге үлкен сенім артып отыр. Себебі, негізгі құрамдағы толағайлар мамыр айында Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде. Ал ел біріншілігінен соң, Олимпия ойындарына кімнің баратыны түбегейлі белгілі болмақ, деп хабарлады Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы.
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:09
24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Пхентхэк қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.
Бұл сынға Қазақстан құрамасының бапкерлері жас зілтеміршілерге үлкен сенім артып отыр. Себебі, негізгі құрамдағы толағайлар мамыр айында Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде. Ал ел біріншілігінен соң, Олимпия ойындарына кімнің баратыны түбегейлі белгілі болмақ, деп хабарлады Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы.
Қазақстан құрамасы Лондондағы төртжылдықтың басты додасында 8 салмақта сынға түсетіні белгілі. Оның ішінде төрт салмақта әйелдер, тағы да осыншама салмақта ерлер жарысқа шығады.
Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанның ұлттық құрама командасы өздерінің оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Олар енді Алматыда бірер күн аялдайды да, одан кейін Талдықорған және Текелі қалаларына қарай тартады. Негізгі даярлықтарын сол жақта пысықтайды. Ал мамыр айының соңында Алматы облысының орталығында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жарыстың қорытындысы бойынша биылғы жылдың 27 шілдесі мен 12 тамызында Ұлыбритания астанасында алауы тұтанатын Олимпия ойындарында нақты кімдердің өнер көрсететіні анықталады. Еліміздің беткеұстар зілтеміршілерінің барлығы да негізгі күшін сол жарысқа сақтауда. Себебі, төрт жылда бір мәрте ғана жалауы желбірейтін дүбірлі додаға санаулы спортшылар ғана қатысады. Ал үміткерлер қатары өте қалың. Сөз орайы келгенде, Қазақстан құрамасы Олимпия ойындарының сегіз жолдамасына иелік еткенін айта кетейік. Лондонда біздің ерлер мен әйелдер төрт-төрт салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетеді.
– Командамыздың дені жастар екені рас. Алайда, біз Оңтүстік Кореяға тек жай серуендеп қайту үшін бара жатқан жоқпыз. Бүгінгі таңда ауыр атлеттерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Дене шынықтыру және спорт істері агенттігі мен бас демеушіміз – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының да қамқорлығын үнемі сезінудеміз. Сондықтан да ауыр атлеттерге әркез үлкен жауапкершілік жүктелуде. Сенім үдесінен шығу үшін шәкірттеріміз еш аянып қалмайды. Осы Азия чемпионатында да барынша нәтижелі өнер көрсетуге тырысамыз, – дейді Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы.
Азияда ауыр атлетика деңгейінің өте жоғары екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Соңғы Олимпиада мен әлем чемпионаттарының нәтижелеріне зер салсақ, соған анық көз жеткіземіз. Аталмыш жарыстарда Азия апайтөстері өзге құрлық өкілдерінен үнемі озып жүр. Олай болса, Оңтүстік Корея төріндегі жарыста отандық зілтеміршілер жерге қаратпайды деп сенеміз.
Азия чемпионатына аттанатын ерлердің тізімі:
Ерболат Жоламанов (62 кг)
Әділбек Балқаев (69 кг)
Александр Ким (69 кг)
Медет Жүндібаев (77 кг)
Нұрсұлтан Рахатов (77 кг)
Ермек Өміртай (85 кг)
Ербол Мейірманов (85 кг)
Игорь Вашанов (94 кг)
Станислав Копытов (105 кг)
Дмитрий Каплин (+105 кг)
Азия чемпионатына баратын қыздардың тізімі:
Галина Мамонтова (48 кг)
Гүлсара Төлегенова (53 кг)
Сәуле Сәдуақасова (63 кг)
Фаина Сыбанбаева (63 кг)
Анастасия Швабауэр (69 кг)
Гүлназ Наурызова (75 кг)
Александра Аборнева (+75 кг)
Арғы жақтан бір жаңалық
Ашылу салтанаты кеш басталады. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатын өткізу британиялық кинорежиссер Дэнни Бойлға сеніп тапсырылғаны белгілі. Қазір ол басқаратын шығармашылық топ жарыстың ресми түрде ашылу рәсіміне дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жақында Дэнни Бойл Олимпиаданың 27 шілдедегі ашылу салтанаты бастапқыда келісілгендей 19:30-да емес, сәл кейінірек, 20:55-те басталса деген ұсынысын айтты. Оның айтуынша, халыққа іңір қараңғысындағы отшашулардың әсері онша болмайды. Ал ашылу салтанаты сәл кейінірек басталып, қараңғылық орнаған кездегі отшашулардың жөні бөлек, олар адамды ерекше бір әсерге бөлеп, айрықша мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Әзірше Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті режиссердің бұл ұсынысына нақты жауап қайтарған жоқ. Егер оның ұсынысы қабылданса, онда ұйымдастыру комитетіне билеттен бастап, жарнамалардың брошюраларын, қоғамдық көліктің жұмыс кестесін қайта түзеуге тура келеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.