• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2012

Бір жұмбақты шешудің үш жолы

463 рет
көрсетілді

Бір жұмбақты шешудің үш жолы

Жұма, 15 маусым 2012 6:49

Cәрсенбі күні В тобында өткен екінші турдың ойындары Германияның ширек финалға шыққанын айғақтап берді. Алайда, осы күні Данияны тізе бүктірген Португалия топтағы жағдайды одан бетер күрделендіріп жіберді. Енді келесі жолдаманың иесі соңғы турда бір жұмбақты шешудің үш жолы арқылы анықталғалы тұр. Бұл мақсатты мандаттан үш құраманың да үміті бар.

 

 

Жұма, 15 маусым 2012 6:49

 

Cәрсенбі күні В тобында өткен екінші турдың ойындары Германияның ширек финалға шыққанын айғақтап берді. Алайда, осы күні Данияны тізе бүктірген Португалия топтағы жағдайды одан бетер күрделендіріп жіберді. Енді келесі жолдаманың иесі соңғы турда бір жұмбақты шешудің үш жолы арқылы анықталғалы тұр. Бұл мақсатты мандаттан үш құраманың да үміті бар.

Дания-Португалия – 2:3. Шай­­қастың басы эмоцияның көтерің­кі қалпымен есте қалды. Португалия құрамасы бірден қар­сылас­тар қақ­пасына қауырт жо­рықты бастады. Көп ұзамай Дания футболшылары оларды өз алаң­дары жағынан ығыстырып шыға­рып қана қоя салмай, бағын қарсы бағыттан іздеуге де кірісіп кетті.

Португалдар қос қап­талға кө­бірек салмақ салды. Мұн­­да суы­рыл­ған семсердей ұдайы алға ұмтылған Криштиану Ронал­дуға Луиш Нани және қапталдағы екі қорғаушы көмек­ке келумен болды. Бұл жорықтар көбіне айып алаңы­на қарай әуелетіп доп жіберумен аяқталып жатты. Оларды қақпа маңында Симон Кьяер мен Даниэль Аггер оңай қағып алып тұрды. Осы жиырма минут даттардың аздаған басым­ды­ғымен, тұтастай алған­да, тепе-теңдікке жақын теке­ті­ресте өтті. Бұдан әрі даниялық­тар үшін жа­ғымсыздау оқиғалар ойысты. Алдымен Ники Зимлинг жарақат алып, алаңнан кетті. Оны алмас­тырған тәжіри­белі Якоб Поульсен бірден ойын­ға кірігіп кетпеді. Осыны пай­даланған «еу­ро­па­лық бразилдер» тез арада тізгінді өздері ұстады. Бұрышта­мадан берілген допты Пепе басымен қақпаның сол жақ бұрышына тура жөнелтті.

Португалияның кезекті голына себеп болған шабуылды сол қанат­тағы қорғау­шы Фабиу Коэнтрау өрбітті. Оның аяғы­нан ұшқан доп Жоао Перейру арқы­лы қақпа маңына жетті. Оны іліп алған Нани жақын бағанға қарай асырды. Сол жерде Симон Кьяерден бұрын қимылдаған Элдер Поштига допты маңдайшаның астына сілкіп тастай салды. Осылайша ба­сымдық екі допқа ұласты. Бірақ даттар жеңі­ліске мойын­сұ­нуға асы­ға қоймады. Сол табанды­лық олар­ға үзіліске дейін бір доп­тың қарым­тасын қай­таруға дем берді. Өз ко­мандасының сол шабуылын бас­та­ған Деннис Роммедаль алыс баған­ға қарай доп жөнелтті. Ал қақпашы мен қорғау­шының бір-біріне кел­тірген кедер­гісін жақсы пайдалан­ған Микаэль Крон-Дели допты қақпаға көлбей атты. Одан ары жалғыз тұрған Никлас Бендтнер ашық қақпаға допты сүңгіте салды.

Шайқастың шешуші сәті финал­дық ысқырық естілуге он минут қалған шамада орын алды. Алдымен Жоао Моутинью керемет паспен Криштиану Роналдуды қар­сы­ластар қақпашысымен бетпе-бет шығарды. Алайда, португалдар командасының капитаны Стефан Андерсенмен бірге-бір келіп тұ­рып, тағы да дәрмен­сіздік көрсетті. Оның ұрған добы қақпаның жанынан зу ете түсті. Содан соң «сен соқпасаң, саған соғады» деген ежелгі футбол қағидасы жүзеге асып кетті. Дания ойыншысы Ларс Якобсен оң қанаттан келіп, алыс баған маңы­на доп жөнелтті. Оны жоғары секіріп қағып алған Никлас Бендтнер жақын бұрыш­қа дәл түсірді.

Соның артынша португалдар ышқына алға тартты. Осы жерде ұрыс алаңына жаңа шыққан шабуылшы Силвестре Вареланың жолы бола қойды. Ол айып алаңы­ның алдында алған добын бір ыр­ғап жөнелте алмай, екінші қомдан­ғанда соққы жасап, ақыры голға айналдыра білді. Бірақ бұл допқа жауап қайтаратын шама мен уақыт Дания құрамасында қалған жоқ еді.

Голландия-Германия – 1:2. Талай сыннан сүрінбей өтіп келе жатқан «неміс мәшинесі» ны­сана­ға алған бағытынан жаңыл­май жүруді жалғастырып келеді. Ол әзірге екі турда екі рет жеңіске жетіп, бірде-бір ұпай шығын шығармаған жалғыз құрама болып отыр. Бір кездері ағылшынның атақты футболшысы Гари Линекер: «Алаңда 22 футболшы ойнайды, араларында немістер жеңіске жетеді», деген еді. Сол айтқаны тағы да тура келді. Шегіне жеткенше дәлдікті ұстанатын немістер бұл ойында да өздеріне керек нәр­сені ғана істеді. Бұған керісінше, Голландия құрамасы шашылып қал­ғандай әсер етті. Айтатыны жоқ, Берт ван Марвейктің сарбаздары өткен жолы жіберген кемші­ліктерін тағы да қайталады. Оның командасы тағы да өте ауыр қи­мылдады, қорғаныс шебі арқырап ашық жатты. Мұндай берекесіз­дікті немістер Марио Гоместің екі голымен әдемі жазалап берді.

Сонымен, В тобындағы бір түйін әлі шешілген жоқ.

Кеше түнде С тобында Италия-Хорватия, Испания-Ирландия құрамалары кездесті. Алғашқы ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

_____________________

Ойлар, пікірлер, көзқарастар

Якуб Поульсен, Дания құрамасының жартылай қорғаушысы: – Португалия командасында қорға­ныс сипатындағы мықты ойыншылар көп екен. Кешегі ойын нәтижесін солар жасады. Португалдар стандартты жағ­дай­дан ұруда да қауіпті көрінді. Сосын бізге соққан екі голы жекелеген ойын­шылардың шеберлігі арқасында жүзеге асты. Бұл команданы Криштиану Роналдусыз көзге елестету мүмкін емес деп жүргендердің сөзі жаңсақ. Команда онсыз да ойнай алатынын осы кездесуде анық көрсетті.

Клас-Ян Хунтелар, Голландия құрамасының шабуылшысы: – Біз бірінші таймда саудасыз ұтыл­дық. Бірақ бұған ешкім қуанған жоқ. Өйткені, жұрт бізден немістермен тең дәрежеде ойнауды күтті. Екінші таймда жағдайды түзеп алуға біраз әрекет жасап бақтық. Алайда, 0:2 болып ұтылып тұрып, өзіңді өзің жеңуің өте қиын екен. Әйткенмен, әлі жоғалған ештеңе жоқ. Португалдармен ойында екі доп айырмасымен жеңсек, келесі жолдама біздікі болады.

_____________________

Матч  миниатюралары

* Сәрсенбіде В тобында екінші турдың екі ойыны ойналды. Оларда 8 гол соғылды. Бұлар­дың 5-уі бірінші, 3-уі екінші таймдарда салынды.

* Бұл екі матчты стадиондарда 69 590 көрермен көрді. Осы жерде өткен жолғы Грекия-Чехия, Польша-Ресей құрамалары ойындарын тамашалаған жанкүйерлер санын нақтылай түскіміз келеді: Сол күні Вроцлавта – 41 105, Варшавада 55 920 адам отырды. Жалпы, чемпионат басталғалы стадиондар 522 869 адамның басын қосты.

* Чемпионат басынан бері ойналған 12 ойында қақпаларға 33 доп түсті. Бұл әр ойында орта есеппен 2,72 гол соғылып тұрғанын айғақтайды.

* Өткен екі ойында тағы екі ойыншы дубль жасады. Олар – даниялық Никлас Бендтнер мен германиялық Марио Гомес.

* Чемпионаттың мергендер көшін 3 голмен бастап келе жатқан Ресей құрамасының шабуылшысы Алан Дзагоевтың қатарына германиялық Марио Гомес келіп қосылды. Сол сияқты чех Вацлав Пиларж, украин Андрей Шевченко, хорват Марио Манджукович екі доптан соғып тұр.

* Өткен екі ойында 7 ойыншы ескерту алды. Солардың ішінде германиялық Жером Боа­­тенг осымен екінші рет жазаланып отыр. Жалпы, біріншілік басталғалы ойыншыларға 42 рет «сары қағаз» көрсетілді.

* Үздік ойыншы атағына Никлас Бендтнер (Дания) мен Марио Гомес (Германия) ие болды.

___________________

Деректер мен дәйектер

* Чехия құрамасы Чехсыз және Росицки­сіз жабық режімде жаттығады. Бұлардың екеуі де алдыңғы ойында аздап жарақат­танып қалған болып шықты. Қазір сіңірін созып алған Томаш Росицки дәрігерлердің қарауына көшсе, Петр Чех жеке бағдарлама бойынша жаттыға бастапты.

* УЕФА Никлас Бендтнерге қатысты мәселе қарауы мүмкін. Федерация назары Дания құрамасының шабуылшысына Португа­лия­мен ойыннан кейін жейдесін жоғары көтеріп, шортын аздап түсіргені үшін түскен екен.

*Деннис Роммедаль Германияға қарсы ойынға шыға алмайды. Дания құра­масының шабуылдаушы хавбегі, Аssосіаted Press агенттігінің хабарлауынша, кешегі ойын барысында сіңірін созып алған сияқты. Оның матчтың 60-минутында алаңнан кетуіне сол себеп болыпты.