• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2010

ЗАРДАПТАРДЫ ЖОЮ – ОРТАҚ МІНДЕТ

600 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Н.Назарбаевтың тапсыруы бойынша Алматы облысының Ақсу ауданында орын алған төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі комиссия құрылды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко басшылық ететін комис­сия құрамына Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев, Құрылыс істері және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық агенттігінің төрағасы С.Нокин, Көлік және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, сондай-ақ Ішкі істер министр­ліктерінің өкілдері кірді. Тәуліктің екінші жартысында Премьер-Министр мен үкіметтік комиссия толық құрамында Талды­қорған қаласына келіп, оқиға бол­ған Қызылағаш ауылына бағыт ал­ды. Сол жерде қалыптасқан жағ­дай­мен және су тасқыны салдарын жою жөніндегі жедел штабтың жұмысымен танысып, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету барысын көрді. ТЖМ деректері бойынша, 11 наурыз күнгі 22 сағат 20 минөтте нөсер жаңбырдың және ауа райы­ның күрт жылынуының салдары­нан Қызылағаш су қоймасының плотинасын тасқын су бұзып кеткен. Соның салдарынан Қы­зыл­ағаш ауылы топан судың астында қалған. Қауіпті аймақта тұрып жатқан адамдар алдын ала құлағдар етіліп,  тұрғындарды облыс орта­лығына жеткізу ұйымдастырылған. Қазіргі кезде лагерь құрылып, тір­ші­лікке қажетті жүйелер әкелін­ген. Бұл жұ­мыстарға әскер мен өрт сөндіру, ішкі істер, “Қазселден­қорғау”, т.б. құрылымдар күш­тері тартылып, тікұшақтар, арнайы тех­никалар мен құрал-жабдықтар жеткізілген. Содан кейін Премьер-Министр көшірілген тұрғындар уақытша орналасқан жерде болып, олардың тұрып жатқан жағдайларымен та­ныс­ты. К.Мәсімов адамдардың қа­за­сына орай өз көңілін білдіріп, зар­дап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетілетінін қадап айтты. Премьер-Министр сондай-ақ жедел штабтың мәжілісін өткізіп, онда Мемлекет басшысының атал­ған оқиғаның салдарын жою және өзге өңірлерде төтенше жағдай­лардың туындауына жол бермеу жөніндегі нақты  тапсырмасын жария етті. Сонымен қатар, К.Мәсімов Ден­саулық сақтау министріне тұр­ғындарға алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдауды тап­сырды. “Олардың жағдайын түсіну керек: тұрғындар бір сәтте бас­панасыз, ақшасыз және құжатсыз қалды. Арасында көптеген орал­ман­дар бар. Барлығына қажетті кө­мек көрсетілуі тиіс”, – деді ол. Пре­мьер-Министр сондай-ақ туыстары мен жақындарын жоғалтқан отбасыларына көмек көрсетуді де тапсырды. Сонымен бір мезгілде, К.Мә­сімов су басқан аймақтан көші­ріл­ген балалардың оқу үдерісі үзілмеуі қажеттігін атап көрсетті. Төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі шаралар шеңберінде Қаржы министрлігіне қысқа мерзімде қажетті қаржы бөліп, оның діттеген жеріне жетуі керектігі де қатаң тапсырылды. Сондай-ақ Премьер-Министр Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігіне, сонымен қатар, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларының  әкімдеріне төтенше жағдай­дан зардап шеккен үйлерді қалпына кел­тіруге және салуға көмек көрсету керектігін тапсырды. К.Мәсімов  осы ретте В.Божко мен Алматы облысының әкімі С.Үмбетовке зардаптарды жою бойынша іс-қимыл жоспарын жасап,  Үкіметтің бекітуіне ұсы­ну­­ды тапсырды.  Сондай-ақ төтенше жағ­дайдың орын алу себептерін тексеру қажеттігін айтты. Жедел штаб мәжілісінің қоры­тындысында Премьер-Министр В.Божкоға облыс әкімдіктері және  Су ресурстары жөніндегі комитет өкілдерімен бірлесіп, Алматы және Шығыс Қазақстан облыс­тарын­дағы, сондай-ақ бүкіл ел аумағын­дағы ықтимал қауіпті аумақтарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.