Елбасының 2001 жылғы 7 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Дегенмен, іс жүзінде іс қағаздары бұрынғыдай орыс тілінде дайындалады, одан соң аудармашының көмегімен қазақшаға аударылады, абзалында керісінше болуға тиіс. Ата Заңымыздың, Тілдер туралы Заңның осы талаптары қашан орындалады?
Бұл өзекті мәселені шешу үшін әкімшілік реформа бағдарламасы аясында аумақтардан, яғни ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық мемлекеттік органдардың аппараттарында істеп жүрген қазақ тілінде іс қағаздар дайындауды жақсы білетін мамандарды министрліктер мен ведомстволардың аппараттарына ауыстыру қарастырылған болатын. Осы мақсатта республикалық бюджет есебінен Астанада 1000 орындық жатақхана да салынды. 2010 жылға арналған республикалық бюджетте жатақхананы пайдалану шығындары үшін қаржы қарастырылды. Ал, осы жоба жүйелі түрде іске асты ма? Асқан болса, ол қандай нәтиже беруде? Қайсы министрліктердің аппаратына, Үкімет Кеңсесіне қанша қазақ тілді мамандар ауыстырылды? Бұл жоба жалғасын таба ма?
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына арналған үлгілік біліктілік талаптарында әрбір әкімшілік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде мемлекеттік тілді білуге тиіс делінген.
Әділет министрлігінде тіркеуге алынған осы біліктілік талаптары мемлекеттік органдарда әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді конкурс арқылы қабылдауда пайдаланылуда ма? Қандай әкімшілік лауазымдар мемлекеттік тілді қандай көлемде білуі қажеттігі белгіленген бе? Ол қалай анықталады?
Міне, осы сауалдар тез арада қарастырып, жедел шешім қабылдауды талап етеді. Осы бағытта жауапты органдар, бірінші кезекте Үкімет шұғыл жұмыстар жүргізуі қажет деп есептеймін.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.