• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2010

ЖҰМЫС БАБЫНДАҒЫ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

679 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Ақсу ауданындағы “Қызылағаш” су қоймасында орын алған апатты жою мәселесін талқылаған жұмыс бабында кеңес өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Бас прокурор К.Мәми, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша кеңеске қатысушылар апат салдарынан қайтыс болғандарды минуттік үнсіздікпен еске алды. К.Мәсімов Президентті апат болған жерде үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. Баспанасыз қалған азаматтарды алдымен орналастыру жөніндегі бірінші кезектегі міндеттер жедел шешімін тапты. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмектер көрсетілді. Адамдар қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ішкі әскер және ТЖМ бөлімдерінің күшімен апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Президент апаттың салдарын жою, зардап шеккен отбасыларға материалдық, қаржылық, медициналық көмектер көрсету жөнінде нақты тапсырма берді. Балаларды оқу орындарына орналастыру, үйсіз қалғандарды тұрақты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін ойластыру қажет. Н.Назарбаев барлық өңірдің әкімдеріне алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайдан аулақ болу үшін барлық су қоймалары мен бөгеттердің жағдайын тексеруді тапсырды. Құқық қорғау органдарына тыңғылықты тексеріс жүргізіп, егер апаттың болуы өз жұмысына жауапкершіліксіз қараудан және объектіні сақтау жөнінде профилактикалық қажетті жұмыстарды жүргізбегеннен болғаны анықталған жағдайда қылмыстық жауапкер­шілікке тартуды тапсырды. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.