• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Сәуір, 2019

Мәңгілік құндылықтың мәйекті мәні

574 рет
көрсетілді

Уақыт шымылдығы тұмшалаған құн­дылықтары­мыздың қайтадан ажары жар­қырап, айдыны толып, халқымызбен қайта қауыша бастаған­дығы қуаныш. Бұл істің басында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының тұрған­дығы анық. Соныға із салған, сананы қозғаған осы еңбек еді. Теңіздің түбінен маржан тергендей өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды іздегелі екі жыл өте шықты.
Осы бастаманың баяны түзілгелі қаншалықты істің басы қайырылып, шырайлы шаруаның қалай өрістегені форум барысында жан-жақты көрініс тапты. 

– Екі жыл ішінде біз санамыздың қалай жаңғыр­ғанын, ойымыздың қалай тоғысқанын, еліміздің өткеніне қаншалықты тереңдей түскенімізді енді сезініп отырмыз, – деді белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, – Елбасы өзінің еңбегінде ұлт тарихын зерделеу, оны қалыптастыру міндеттерін қойған болатын. Қазақстанның киелі жерлері географиясының жасалуының өзі тарихымызды құрметтеуге бағытталған қадам.  

Қазақстанның киелі жерлерінің география­сына Ақмола облысынан 10 нысанның енуі жерлестеріміз үшін үлкен мақтаныш. Демек, Алаштың жақсысы мен жайсаңының кіндік қаны тамған қасиетті топырақта өшпес ізі қалып отыр. Уақыт лебімен сәл көнерген дүниені жаңаша жасартып, елдің рухани игілігіне жарату осы бастамамен байланысты. 

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Күнім Жұмаенова өз сөзінде бағдарлама аясында атқарылған істі  жіпке тізгендей етіп баян­дап берді. Аймақта өңірлік-жобалық кеңсе, 44 «Рухани жаңғыру» кабинеті жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы облыстық деңгейдегі жобаларды іске асыруға 18,181 миллиард теңге қара­жат қарастырылып отыр. Көкшетау – Астана бағытындағы тас жолдың бойында ұлт мақтанышы – Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Кенесары Қасымұлы, Балуан Шолақ тәрізді тарихи тұлға­лардың ескерткіштері орнатылмақ.  

Форум барысында Шоқан Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов, филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабай, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі Жаслан Үкеев сөз сөйлеп, латын графикасына көшу, төл тарихымызды зерделеу мәселелеріне байланысты өзінің орынды пікірлерін білдірді. 

Форумға қатысушылар «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы көрмені, театрландырылған қойылымды тамашалады. Әсіресе Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мүшелерінің мүбәрак қолынан туған өнер туындылары көзтартарлық. Театрландырылған қойылымды көрген көрермен көне заманның көмбесін көкірегіне көшіріп, тұңғиықтан нәр алғандай.  

Дәл сол күні облыс орталығындағы қалалық кітапханада «Рухани жаңғыру» залы мен «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» фотогалереясы ашылды.

Ақмола облысы