Бұл ұсынысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, соңғы 2-3 жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасауда министрлік пен Орталық сайлау комиссиясы бірлесіп, елеулі жұмыстар атқарды.
«Кезектен тыс сайлауда барлық сайлаушыларға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауымыз керек. Қазақстанда 680 мың мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады. Одан балаларды және сот шешімімен сайлауға қатыспайтын азаматтарды алып тастағанда, ең кемі 500 мың мүгедек сайлауға қатысуы керек. Сонымен бірге, 2015 жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы туралы БҰҰ конвенциясын мақұлдадық, өзімізге халықаралық міндет алдық. Соны орындауымыз керек», деді Бердібек Сапарбаев.
Министр жергілікті билік өкілдерімен бірге, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жанында көмекшілердің, суроаудармашылардың болуын қамтамасыз етуді ұсынды.
«Біздің ойымызша, жергілікті билік өкілдері осы жұмыстарға, еріктілерді, оның ішінде 3-4 курстағы ЖОО студенттерін пайдалануы керек. Ең негізгісі - барлық 9 950 сайлау учаскелерінде бұл азаматтарға жағдай жасалуы керек. Былтырдан бастап, біздің министрлік жанында интернет-портал жұмыс істейді. Сол интернет-порталға 30 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары енгізілген, оған қосымша 6,5 мыңға жуық сайлау учаскелері де енгізілген», деп атап өтті Б. Сапарбаев.