Республика Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола облысының әкімі А.Рау басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Республика Үкіметінің басшысы К.Мәсімов облыс активінің жиналысында жұртшылыққа Елбасы Жарлығын таныстырып, оны облыстық мәслихаттың депутаттары қолдағанын атап көрсетті.
– Альберт Павлович Рау астаналық облысты басқарған екі жылдың өзінде өңірге заманалық тұрғыдағы жаңа тыныс алып келуімен ерекшеленді, – деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. – Елбасы тапсырмасы бойынша облыс Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда жетекші орын алады. Осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісінде қуатты қайта өңдеу кәсіпорындары пайда болды. Соңғы жылдары республикалық маңыздағы инновациялық жобалар жүзеге асса, биылдың өзінде нақты қайтарым беретін 8 жоба қолға алынып, қаржыландырылды. Бурабайдағы арнайы экономикалық аймақтың құрылуында, туристік кластердің назар саларлық қадамдарында, өңірдегі әлеуметтік кешенді тапсырмалардың шешімін табуында А.Раудың ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі танылды. Біз осы үшін Альберт Павловичке ризалығымызды білдіреміз.
Одан кейін Үкімет басшысы облыстың жаңа әкімі болып тағайындалған С.А.Дьяченконы таныстырды. Сергей Александрович — осы өңірдің тумасы. Көкшетау қаласының комсомол, партия ұйымдарына басшылық жасап, республикамыздың атқарушы және билік органдарында тәжірибе қалыптастырған азамат. Ол бұған дейін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ел дамуына серпін берген заңнамалардың қабылдануына ұйытқы болды.
Премьер-Министр К.Мәсімов Альберт Раудың жаңадан құрылған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары болып тағайындалғанын хабарлап, ғылым докторының жаңа қызметінде табысты болуына тілектестік қосты. Өз сөзінде А.Рау Елбасы сенімін абыроймен ақтайтынын білдірді.
Жаңа әкімнің алдына облыс тұрғындарының өмір тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды міндеттер қойылды. Өңір басшылығы Елбасы Жолдауында алға қойылған тапсырмалардың табысты орындалуын қамтамасыз етуге тиісті. Мұнда, ең алдымен, мемлекеттің индустриялық-инновациялық бағдарламасын орындау, тәжірибеде үлкен қайтарым берген “Жол картасы” бағдарламасын жүйелі жалғастыру, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының серпіні, басқа да өмірлік маңызды бастамалардың салтанаты сұралатын болады.
Актив жиналысына Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин қатысты.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.