• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2019

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы бірлескен мәлімдеме

1011 рет
көрсетілді

2019 жылғы 21-23 сәуірде Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді.

2019 жылғы 22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласындағы келіссөздер барысында екі мемлекет басшылары (бұдан әрі – Тараптар) Қазақстан Республикасы (бұдан әрі – Қазақстан) мен Корея Республикасы (бұдан әрі – Корея) арасындағы стратегиялық әріптестікті орнатудың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында өзара сенім мен өзара құрмет көр­сетуге негізделген жоғары деңгейдегі екіжақты ын­тымақтастықтың дамуын қанағаттанғандықпен атап өтті.  Екі ел арасындағы ерекше достық қарым-қатынастарды растай отырып, тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық, мәдени, спорт және туристік салалардағы өзара тиімді және практикалық ынтымақтастықты нығайту жөнінде ортақ пікірге келді.

Қазақстан тарапы инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішінде инновациялық индустрияландыру мәселесі бойынша Кореямен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Корея тарапы әлем мен экономиканың синергиясына негізделе отырып, экономикалық дамуға қол жеткізген Қазақстан «Жаңа Солтүстік саясат» стратегиясындағы негізгі әріптестердің бірі болып табылатынын атап өтті. Тараптар «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жаңа солтүстік саясат» стратегия­сын үйлесімді жүзеге асыру үшін ынтымақтастықты нығайту қажет деген ортақ пікірге келді.

1. Тараптар екі елдің арасындағы саяси сенімді нығайтуда тығыз ынтымақтастық орнатуға, прак­тикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және стра­те­гиялық әріптестік негізінде екі елдің арасын­дағы достықты дамытуға келісті.

2. Тараптар Корея түбегінің денуклеаризация мәселесін қоса алғанда, жаһандық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша екі елдің ортақ ұстанымға ие екенін атап өтті, сондай-ақ өңірлік жә­не халықаралық деңгейлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы екіжақты ын­тымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

3. Корей Орталық Азия елдерінің күш-жігерімен өңірде Ядролық қарудан азат аймақ құру тәжірибесіне назар аударды. Тараптар Қазақстанның денуклеаризация мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайындығын ескере отырып, осы бағытта диалог пен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға шешті.

4. Тараптар КХДР ядролық проблемасын бейбіт жолмен реттеу және кореяаралық қатынастарды дамыту Корея түбегінде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деген пікірге келді. Осы тұрғыда Қазақстан Кореяның толық денуклеаризацияға қол жеткізу және Корея түбегінде тұрақты бейбіт жүйені құру ісінде, сондай-ақ кореяаралық қарым-қатынастарды дамытуда өзінің дәйекті қолдауын растады.

5.  Тараптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Корея қоры арасындағы яролық қаруды таратпау және Корея түбегінің денуклеаризация мәселелерін терең талқылауын оң бағалады және екі Қор арасында кейінгі консультациялар өткізу жөнінде күш салуға уағдаласты.

6. Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты тауар айналымының өсуіне қанағат­танушылық білдіріп, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін бірлескен күш-жігерлерін жұмсауға келісті. Инфрақұрылымының құрылысы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және мәдениет сияқты түрлі салалардағы өзара іс-қимылды дамыту бойынша нақты бағыттар көрсетілген Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының «Самал жел» жаңа (жаңартылған) экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюды құптады. Тараптар осы бағдарламаның орындалу барысын үкіметаралық комиссия шеңберінде үнемі бақылауға  уағдаласты.

7. Тараптар Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия сауда және инвестициялар саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқаратынын растады және 2019 жылғы 20 наурызда өткен Комиссияның 8-ші отырысының нәтижелерін құптады.

8. Тараптар 2019 жылғы 22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өткен бизнес-форумның қорытындысын жоғары бағалады және іскер топтар өкілдерінің уағдаластықтарын табысты жүзеге асыру үшін ынтымақтасуға уағдаласты, сондай-ақ Кореяның Президенті Мун Чже Иннің Қазақстанға сапары аясында қол қойылған коммерциялық құжаттар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге үлес қосатынын атап өтті.  Осы мақсатта екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Кореяның іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру үшін қолайлы жағдай жасауды қолдады.

9.  Корей тарапы «Цифрлы Қазақстан 2018-2022» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға қызығушылық танытып, экономиканың барлық салаларын цифрландыру бойынша тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін білдірді. Сондай-ақ Қазақстан корей тарапының Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан-Корея бірлескен халықаралық IT-орталығын құру туралы бастамасын қолдады.

10.   Тараптар перспективалы салаларда, оның ішінде 4-ші өнеркәсіптік революция саласында өзара тиімді ынтымақтастықтың қажеттілігін таныды және жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды үнемі кеңейтуге ұмтылатын болады. Екі мемлекет басшылары Қазақстанның Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Кореяның Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технология­лар министрлігі арасындағы 4-ші өнеркәсіптік революция саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды құптады. Сондай-ақ тараптар екі елдің 4-ші өнеркәсіптік революция дәуіріне табысты кіре алатынына және Кореяның осы елде алғаш рет енгізілген 5G мобильді желілер пайдалану тәжірибесі арқылы инновацияларды инклюзивті өсіру мүмкіндіктерін пайдалана алатынына сенім білдірді.

11. Тараптар денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда денсаулықты сақтандыру жүйесін дамыту, денсаулық сақтау, медициналық білім мен ғылым, фармация салаларындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, ауруларды диагностикалау мен емдеуде заманауи технологияларды пайдалану бойынша тәжірибе алмасудағы ынтымақтастықтың  маңыздылығын атап өтті.

12. Тараптар «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы» (ҮАААЖ) жобасы аясында жұмыстардың сапалы және уақтылы аяқталатынына сенім білдірді. Мемлекет басшылары ҮАААЖ жобасы шеңберінде табысты өзара іс-қимыл Қазақстанның стратегиялық жобаларына Кореяның одан әрі қатысуы үшін серпін беретініне түсіністік білдірді.

13. Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы көлік қатынастарын дамыту бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға бел байлағанын білдірді. Осыған орай, логистика және транзит саласындағы ынтымақтастықты ерекше атап өтті. Екі ел басшылары осы саладағы ынтымақтастықты тереңдетудің және өзара тиімді бағыттарды қарастырудың маңыздылығын баса айтты. Қазақстан Ляньюньгандағы (Қытай) қазақстандық терминалды пайдалануды кеңейту бо­йынша ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді, ал корей тарапы бұл үшін бірлесіп күш салуды ұсынды.

14. Тараптар «Арал теңізінің құрғақ түбінің фитомелиорациясы» жобасын қоса алғанда орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін жоғары бағалай отырып, Орталық Азия аймағының орман селдіреуінің алдын алу үшін халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Азия орман шаруашылығы ұйымымен (AFoCO) орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігі туралы пікір білдірді.

15. Тараптар ғарыш саласындағы ынтымақ­тас­тыққа дайын екендіктерін растады және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірлесіп зерттеу екі елдің ғарыш қызметінің дамуына үлес қосатыны туралы пікір білдірді. Осыған орай, мемлекет басшылары Қазақстанның Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Кореяның Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірігіп зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптады.

16.  Тараптар Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мен Кореяның Білім министрлігі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды құптай отырып, Корея үкіметінің түрлі бағдарламалары бойынша қазақстандық азаматтарға қолдау көрсетуді күшейту арқылы білім беру саласындағы адами ресурстармен алмасуды жандандыру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ тараптар түрлі салаларда, оның ішінде мәдени-гуманитарлық салада алмасуды кеңейтуге уәделесті және, әсіресе, дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 30-жылдығына орай 2022 жылды Мәдени алмасу жылы деп белгілеп, түрлі мерейтойлық іс-шараларды өткізуге келісті.

17. Қазақстан тарапы Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлерінің әлеуетін нығайтудағы Кореяның рөлін жоғары бағалады. Тараптар Қазақстанда кадр­ларды басқару жүйесін жаңғырту үшін бірлесіп күш салуға дайын екендіктерін растады.

18. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қоюды құптай отырып, аталған шарттың күшіне тез арада енуі өзара түсіністік пен өзара сенімді нығайтуға ықпал ететіндігін, сондай-ақ құқықтық саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.

19. Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комитеттің табысты іске қосылуын құптады, 2019 жылғы 27-28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен бірінші отырыстың нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді. Болашақтағы  ынтымақтастық үшін жағымды үрдістерді атап, екі елдің әскери-өнеркәсіптік кешендері арасындағы байланыстарды жандандыруға үміт білдірді.

20. Тараптар Азия өңіріндегі сенімді күшейту арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты және халықаралық қауымдастықтың орнықты дамуын нығайту бойынша бірлескен күш-жігер салуды жалғастыру қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді. Тараптар диалог арқылы алмасуды кеңейтуге, ынтымақтастықты нығайтуға және өзара сенімді тереңдетуге ықпал ететін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) тұғырнамасын жоғары бағалады.

Тараптар елдері үйлестіретін АӨСШК өлшем­дерінің шеңберінде тиісті іс-шаралар өткізу жолымен АӨСШК-нің сенім шараларын одан әрі ілгерілету үшін дәйекті түрде күш салуға келісті.

21. Тараптар БҰҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдарда өзара ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруды жақтады. Корея БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның белсенді қызметін, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығай­тудағы Қазақстанның делдалдық рөлін жоғары бағалады.

22.  Тараптар 2007 жылы жұмысын бастағаннан бері «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы тұрақты көпжақты консультативтік диалог ретінде табысты дамып, Корея мен Орталық Азия елдері арасында өзара сенімді нығайтуға және алмасуларды жандандыруға үлес қосқанын атап өтті және форумды дамыту үшін бірлескен күш-жігер салуға келісті. Тараптар 2019 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында сыртқы істер министрлері деңгейінде «Орталық Азия – Корея Республикасы» 12-ші форумын өткізуді құптады.  Тараптар 2017 жылы ресми түрде ашылған «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумының Хатшылығы Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың жаңа жобаларын анықтауға және ілгерілетуге мүмкіндік туғызатынын атап өтіп, Хатшылықты күшейту арқылы жобаларды кеңейту әрі дамыту жолдарын белсенді түрде қарастыруға ниеттестігін растады.

23. Тараптар екі ел парламенттері арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жоғары бағалады, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі, Кореяның Ұлттық Ассамблеясы және Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенімділік. Әріптестік» тақырыбында ұйымдастыратын Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің  4-ші кеңесін табысты өткізу үшін күш салуға уәделесті.

24. Тараптар Корея Президенті Мун Чже Иннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына қанағаттанушылық білдіріп, жоғары деңгейдегі белсенді өзара іс-қимыл екіжақты қатынастардың дамуына айтарлықтай серпін беретінін ерекше атап өтті. Президент Мун Чже Ин Қазақстанның Үкіметі мен халқына қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевты екі тарапқа ыңғайлы уақытта Кореяға сапармен келуге шақырды. Президент Қ.Тоқаев шақыруды алғыспен қабылдады.

Нұр-Сұлтан қаласы

2019 жылғы 22 сәуір