Іс-шараны «Жауынгер роботтарға тыйым салу кампаниясы» үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық коалициясымен бірігіп, Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы ұйымдастырды. Екі күнге жалғасқан жиынға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Молдова, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің сарапшылары қатысты.
Соңғы онжылдықта технологияның қарқынды дамуы әскери қимылдардың бағытына да әсер етті. Әлеуетті мемлекеттер қақтығыс жағдайында адам шығынына ұшырамас үшін кез келген нүктені таңдап, соққы жасай алатын толықтай автономды қаруларды жасап шығаруға бейілді. Ондай мемлекеттер қатарында АҚШ, Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Ресей және Ұлыбритания елдері аталады. Қарудың мұндай жүйесі көптен бері БҰҰ алаңында талқыға салынып, халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары бойынша халықаралық шарттардың сақталуы тұрғысында күрделі мәселеге айналды.
Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметовтің айтуынша, автономды қаруды жасау мен тарату халықаралық қауіпсіздікті тұрақсыздандырып, жаһандық қарулану жарысына жол ашады. Соғыс кезінде алыстан басқарылатын жасанды интеллекті бар жойғыш роботтар әлдекімдерге тиімді болғанымен, дос пен дұшпанның ара-жігін білмейтін «көзсіз батырлар» бейбіт тұрғындардың үрейін туғызады.
– Автономды қаруларды әскери әрекет мақсатында жасап шығаратыны туралы ешқандай тарап ашып айтпайды. Бірақ ұшатын қару түрлерінің бары жасырын емес. Оған көпке аян дрондар да мысал бола алады. Және ондай қару-жарақтардың толық немесе жартылай автономды екені де белгісіз. Оны анықтау – БҰҰ-ның жеке қарастыратын тағы бір мәселесі. Азаматтық қоғамның ең басты мәселесі – осындай қаруға тыйым салмағанның өзінде, бақылау орнату, деді Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбен.
Ал ресейлік «Этика және технология» талдау орталығының директоры Алена Попова: «Біздің мемлекет адам өміріне қауіпті автономды қаруларға қарсы әрі оларға тыйым салуды толық қолдамайды» деген пікір білдірді.
Бүгінде айтылған мәселе бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге ұсыныс әзірлеу үшін үкіметтік сарапшылар тобы жұмыс істейді. Жауынгер роботтарға тыйым салуды қолдайтын белсенді мемлекеттер мұндай қару жүйесіне бақылауды күшейту жөнінде келіссөзді тезірек бастауға шақыруда. Дәлірек айтсақ, 28 мемлекет «терминаторларға» тосқауыл қоюды көтеріп жүр. 2018 жылы Бельгия парламенті автономды қару түрлеріне шектеу қою туралы қарар қабылдады.
Адамзатқа зор қауіп төндіретін мұндай қару жүйесіне қатысты әлемнің әлеуетті технократтары өз ұстанымдарын білдірді. Мәселен, Google компаниясы қаруландыру жүйесіне жасанды интеллекті әзірлемеуді және жобаламауды өздеріне міндет деп санайды, сондай-ақ 200-ден аса технологиялық мекеме мен топтар мұндай қаруды жасамауға уәде берді. Бұған қоса, осыдан бір жарым жылдай бұрын ғылым мен техника саласында аттары шыққан 115 адам «ақылды» қаруларға қарсылық білдіріп, БҰҰ-ға ашық хат жолдады. Оның арасында SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаған Илон Маск және DeepMind басшысы Мұстафа Сүлейман бастаған белгілі адамдар бар. Олар оқ-дәрі мен ядролық қару сияқты қару жасауда үшінші революция жақындап келеді деп алаңдайды. Өйткені бағдарламаланған роботтар арам пиғылды тараптартың қолына түсіп қалу қаупі бар. Ондай жүйені бұзуға қауқарлы хаккерлер қашанда табылады.