Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық байланыстың рәмізіне айналған Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстары 2007 жылы басталған. Сол жылы 28 қазанда екі елдің үкіметтері арасында келісім жасалып, аталған мешітті реставрациялау жобасына 12 млн АҚШ доллары мөлшерінде бюджет белгіленген. Соған сәйкес, Қазақстан тарапы 4,5 млн АҚШ долларын бөлді. Қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландырып, жоба 2011 жылдың қазанында аяқталуы керек болған. Бірақ сол кездегі саяси және экономикалық дағдарыс себебімен жұмыс тоқтап қалған еді.
Енді аталған тарихи нысанды жаңғырту жұмыстары қайта қолға алынбақ. Қазақстанның елшісі Арман Исағалиев Мысыр Араб Республикасы (МАР) Парламентінде Уақыптар министрі Мұхтар Джумаамен кездесіп, онда Мысыр үкіметінің Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 миллион фунт, яғни 10,5 миллион АҚШ долларын бөлгені мәлім болды. Бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 миллион фунт бергенін айтты. Бұл жаңалық жаңғырту жұмыстарының көп ұзамай аяқталатынын білдіреді.
Былтыр қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жобаны МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғалары жөндеуден өтеді. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.
Сұлтан Бейбарыстың әмірімен сол дәуірдің озық сәулет үлгісіндегі бұл мешіт 1267 жылы бой көтерген. Зәулім ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, ал тас қабырғаларының биіктігі – 11 метр. Салынғанына сегіз ғасыр болған мешіттің тек биік бағаналары ғана сол күйі сақталған. Бұл нысан бойын қайта тіктегеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтардың біріне айналады деген сенім бар.