• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2019

Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер Хайдар Арыстанбекұлының туғанына – 100 жыл

2314 рет
көрсетілді

«Адамгершілік – білім берудің алтын қазығы» деген сөздің түп мағынасы терең. Адамгершілік – рухани тәрбие. Ол адам бойындағы асыл қасиет. Бұл адамды мейірімділікке, Отанын, отбасын сүюге, елге адал қызмет атқаруға үйретеді. Біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алып, ұлылар өнегесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз. Елге еңбегі сіңген, халқына қалтқысыз қызмет еткен, адамгершілігі мен парасаты мол азаматтың бірі – Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мол үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ұстаз-ғалым, академик Хайдар Арыстанбекұлы болатын.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Хайдар Арыстанбекұлы – ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі дариядай, өзіне жүктелген қандай жауапкершілігі зор міндеттерді мүлтіксіз іске асырған білікті басшы, ұстанымы мықты нағыз ұстаз болды. Қай­раткер ғалымның терең білімі мен қуат-күші, рухани келбеті мен мық­ты ерік-жігері жүрегінде екені тұл­ға­лық болмыс-бітімінен, тіршілігінде ат­қар­ған жүйелі де нәтижелі ісінен айқын аң­ға­рылып тұратын.

Хайдар Арыстанбекұлының білім-ғылым жолындағы айшықты бір белесі Қазақ ауыл шаруашылығы институтында – тоқсан жылдық терең тарихы бар қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті қабырғасында өткенін біз мақтанышпен айта аламыз. Қайраткер ғалым осы институтта 1963–1981 жылдар аралығында басшылық қызмет атқарып, 19 жыл ректор болды. Одан кейінгі жылдары ұлағатты ұстаз ретінде институтта кафедра меңгерушісі, профессор болып, жастармен мол тәжірибесін бөлісті.

«Білім – таусылмайтын кен, ақыл – аздырмайтын ем» деп айтқан ата-бабаларымыздың сөзін жалау етіп, оқу-білімге ұмтылып, ғылымды игеруге талпынып, ауыл шаруашылығын мамандық ретінде таңдаған қаншама жасқа Хакең айқын бағыт көрсетіп, оларға үлкен өмірге жолдама алып берді.

Мен Хакеңді диқан сияқты дер едім. Ол зерделі ұстаз ретінде әр адамның жанына білім дәнін септі. Әр шәкіртін ая­лап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қатайтып ұшыра білді. Адамды өмір сүруге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төкті.

Хайдар Арыстанбекұлының өнегелі өмірі негізінен ауыл шаруашылығымен байланысты болды. Дана халқымызда қалыптасқан түсінік: ауыл – алтын бе­сік, ұлт ұясы, мемлекеттік бірлікті, тұ­тас­тықты қалыптастырудың алғышарты. Ауыл – ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәс­түрдің, тұмса табиғат пен қазақы ән мен күйдің, береке мен молшылықтың ошағы. Осы бір құндылықтар алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын іні­лердің сабақтастығы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді.

Хакең қарапайым ауыл ортасын­да қалыптасқан, өз уақытының тарпаң тар­тысты талабынан озық бола біл­ген, саналы өмірі мен қызметін жеміс­ті нә­ти­желерге бағыттап, ұтқыр ұйымдас­ты­рушы бола білген қайраткер тұлға.

Қарағанды өңіріндегі Қоңырат ауданынан түлеп ұшып, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын 1941 жылы бітіріп, үлкен еңбекке араласып,­ ғылымды игеріп, биік белестерді ба­ғындырды.

Қазақ КСР Техникалық дақылдар министрінің орынбасары, Қазақ КСР Мақта шаруашылығы министрінің бірін­ші орынбасары, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақ ауыл ша­руашылығы академиясы ғылыми-зерт­теу институтының директоры лауа­зымдарын атқарып, ел сенімін ақтады.

Зиялы азамат, білікті басшы, із­де­німпаз ғалым ретінде ауыл шаруа­шы­лығының уақыт талабына сай дамуы­на тікелей ықпал жасап, тиісті ше­шім­дер қабылдап, соған сәйкес қолда бар мүмкіндіктерді жұмсай білген Хакең шынында да нағыз еңбекқор адам еді. Қай қызметте де қатаң тәртіп пен жеке бастың кіршіксіз тазалығын сақтап, жастарға қамқор болып, ғалымдар мен қарапайым шаруаға дейін қолдау біл­дірді.

Хайдар Арыстанбекұлының елі­міз­дегі ауылшаруашылық саласының өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Көп жылдар экономи­ка­ның осы саласының шебер ұйым­дас­тырушыларының, көрнекті басшы­лары­ның бірі болды. Соның арқасында есімі тек қана республикада емес, бү­кіл Кеңес Одағы көлемінде бел­гілі болды. Қазақстанда тың және тыңайтылған жерлерді игеру ісі­не тікелей араласып, күрделі де жауап­кер­ші­лігі мол жұмыстарды іске асырған Ха­кең, әсірелемей айтқанда, ауыл ша­руа­шылығының қара нары еді. Хайдар Арыстанбекұлы тың игеру жұмысының себеп-салдарын терең талдауға салды. Туған елдің ауыл шаруашылығына ти­гізетін пәрменді ықпалын ауылды көркейту мәселесіне бағыттады. Мил­лиондаған гектар жерді қопарып тас­тау бір жылдық қана науқан емес, бір­тұтас қаралып, кезекпен іске асатын, ұзақ уақытқа есептелген қоғамдық, мем­лекеттік шаруа екенін, оның Қазақстан жер-суына байланысты ерекшеліктері болатынын, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені мұқият еске алу, ғалымдар мен мамандар, егіншілер мен малшы­лар кеңесіне құлақ асу керектігіне ше­шім қабылдайтын орындардың көзін жет­кізуге көп күш салды.

1954 жылдың алғашқы қыс айларынан тың игеру аяқталғанға дейін осы тың аудандарының шаруашылығын жолға қоюға белсене қатысты. Солтүстік облыстарға келген жүз мыңдаған адамды қарсы алу, орналастыру, мамандыққа үйрету, тұрмыстық жағдай жасауын ұйым­дастырудан бастап, жүздеген кеңшардың орналасатын жер мөлшерін белгілеу, жаңа ұжымдарды техникамен, жағар-жанармай, тұқым, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелерін шешті.

Өндіріс басында шыңдалған майталмандарды, белгілі ғалымдар мен жас мамандарды өз маңына топтастырып, үлкен мектеп қалыптастырды. Алматы, Мәскеу мекемелерінде аграр­лық мәселелерді талқылап, Киев, Минскі­де республика басшыларымен кез­десіп, техника, кадр мәселелерін шешумен қатар кеңшар, аудан көлемінде істеліп жатқан жұмыстарды көзбен көріп, сапалы қарқынын көте­руге көп көңіл бөлді. Хакең әрбір кеңшар директорымен, бригада басшы­ла­рымен олардың шаруашылық-ұйым­дас­тыру жұмыстарымен жақын таныс болды. Белгілі мемлекет қай­рат­керлерімен қа­тар қарапайым еңбек адамдарымен де тығыз байланысын үзбей, сыйлас­ты. Олармен таныстырған да, табыс­тырған да – туған жер, оны ұтымды пайдаланудағы арман-мұрат үндестігі.

Хакең парасатты тұлға екенін еліне таныта білді. Ол адам бойындағы биік қасиеттерге білімімен, ғылымымен ке­ле­тінін аңғартты. Бүкіл ауыл шаруа­шы­­лығына игілікті ықпалын молынан тигізген Қазақ жер өңдеу (КИЗ) инсти­тутын да басқарды. Кейін Ауыл­шаруашылық ғылымдары академия­сы­ның президенті болды, көрнекті ғылыми нәтижелердің иегері ретінде Қа­зақстанның Ұлттық ғылым академия­сы­ның мүше-корреспонденті болып сайланды.

Хайдар Арыстанбекұлы Ауылшаруа­шы­лық институтын басқарған жылдары аталған оқу орны жаңа белестерге көтерілді. Осы қызметке келерден бұ­рын да ауыл шаруашылығын бес сау­сағындай жақсы білетін тәжірибелі кә­сіби маман ретінде мүмкіндіктерін ел игілігіне жұмсай білді. Сондықтан Ха­кең ауылға қандай мамандар керек, заман мен шаруашылық талабы қандай екенін терең түсінген адам. Ол институт басшылығына келісімен оның жан-жақты дамуына, оқу сапасын арттыруға негізделген іс-шараларды жүзеге асырды. Көптеген жаңа оқу ғимараттарын салғызып, жаңа мамандықтар ашуға мұрындық болды. Хакеңнің іскерлігі мен табандылығының нәтижесінде қысқа мерзімде 4 оқу ғимараты, 5 жатақхана салынды. Оқу ғимараттары оқыту үрдісіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті құралдармен жабдықталды. Соның ішінде машина мен трактор паркін пайдалану кафедрасының қажеттілігін ескеріп, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге бағытталып ұйымдастырылған топырақ каналы Одақ көлемінде басқа жоғары оқу орындарында болған емес. Осы кезеңде ауылшаруашылық инт­ситутының бастамашыл қадамдары мен енгізген жаңалықтары Одақ көле­мін­де назарға ілініп, басқа жоғары оқу орын­дарына үлгі ретінде ұсынылып жүрді. Институттағы окыту үрдісін же­тіл­­дірудегі, заман талабына сай қайта құрудағы іс-әрекетінің дәуірмен үндес болуы – Хакеңнің көп ізденістерінің, ерен еңбектерінің бір қыры ғана.

Хакең студенттердің алғашқы білім алу қадамын тәжірибемен астастыра жүргізуді жүзеге асыру керектігін ұжым мүшелеріне, окытушылардың назарына әрдайым еске салып, соның жүзеге асуы­на тікелей назар аударып, ерекше кеңіл бөліп отыратын. Соның нәтижесі болар: бітіруші мамандарға республикадан да тыс жерлерден сұраныс көп түсетін. Өмір-ортамен араласа жүріп, тәжірибеде байқай отырып, білім алудың тиімділігін алғаш дәлелдеушілердің бірі, бірегейі бола білді.

Ауыл шаруашылығы маманы тек бір саланың ғана шеңберінде шектеліп калмауы керек. Ол ауыл халқымен бір­­­­­лікте қызмет атқаратын, түйсік-та­ны­мы ауқымды, жұртты өз бастамасына ілестіре алатын, ұйымдастырушы қа­бі­леті жан-жақты болуы шарт. Соны ой­ластырған Хакең жас мамандардың әлеуметтік танымының кең де толымды болуын іске асыру жолында әр мә­селеден мәлімет беретін секциялар ашу­ды қолға алып, жастардың білімін же­тілдірумен қатар рухани-әлеуметтік мәселелеріне барынша көңіл бөлді.

Хакеңнің кіндік қаны тамып, өскен ортасы Ақтоғай – атақты аймақ. Оның атағы – айтулы азаматтары, қалың қа­заққа қадірлі қыздары. Ақтоғайдың үш арысы: Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев ұлтының бостандығы мен тең­дігі, өз алдына мемлекет кұру, де­мо­кратиялық өзгерістер жасау қозға­лысының көшбасшылары болғаны тарихтан белгілі. Осындай алаш арыстары Кеңес өкіметі басшылығының алдына Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Тас­қалаға дейінгі аймақты занды түр­де, декретпен казақ халқына мәңгі бекіту туралы ұсыныстарын қойып қол жеткізгеніне тарих куә. Жерді сақтау – ұлт болашағы деген ақиқатқа ардагерлік арымен, кө­регендік, көсемдік күштерін сарп етті. Ал ақтоғайлык Күләш Байсейі­това­ның әлем тарихында «Қазақ бұл­бұлы» деген аты алтын әріптермен жазылды.

Болмысы бекзат, жүрегі кең, білімі терең Хакең өмірінің соңына дейін өз ұстанымдарына адал болып, тынымсыз еңбек етіп, соңынан сүбелі ғылыми мұра қалдырды. Ғалымның аграрлық салада атқарған зерделі еңбектері ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағасын алып, әр жылдары құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды.

Хайдар Арыстанбекұлы ауылшаруа­шы­лық саласын көтерумен қатар елі­міздің іргелі мемлекет болып қалып­та­суына қызмет еткен ұлтжанды азамат болды. Білім мен еңбекті өнегелі тәр­биемен ұштастыра білген тәлімі мол ұс­таз­дың өмір жолы кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге.

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі