Астанада “VІProMotіon”, “Іstіsna Corporatіon” агенттіктерінің ұйымдастыруымен және Индустрия және жаңа технологиялар министрігі мен “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың қолдау көрсетуімен исламдық қаржыландыру тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті.
Онда елімізде исламдық “Al Hіlal” банкін ашу, Қаржы министрлігінің сумук атты исламдық бағалы қағаздарды шығару туралы ұсынысын, исламдық қаржыландыру туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерді талқылау, Ислам банкі мен “Қазақстанның Даму банкі” АҚ арасында бірлескен банк құру, исламдық қаржыландыру көздерін пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Оның жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, сөз сөйледі. Бұдан басқа жиында исламдық қаржыландыру жүйесінің маңыздылығы жөнінде Қазақстан тарапынан Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, меймандар жағынан Бахрейн Үкіметі басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Абдулла Хасан Саиф, Исламдық қаржыландыру қызметі жөніндегі кеңестің бас хатшысы Рифат Ахмед Абдель Карим сынды осы саланың белгілі мамандары өз ойларымен бөлісті.
Кәрім Мәсімов қазір елімізде исламдық қаржыландыру мәселесін енгізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын, ТМД бойынша тек Қазақстан ғана қаржыландырудың осы жүйесіне алғаш рет қызығушылық танытып жатқанын, соған дәлел ретінде бүгінде Үкімет аталған жүйені толығымен ендіру мақсатында институттық ортаны қалыптастыруға баса мән беріп отырғанынан хабардар етті. Осыған орай ол исламдық қаржыландыруда басшылыққа алынатын шариғат қағидаттары Қазақстанның экономикалық даму ұстанымымен сәйкес келетінін, еліміздегі қаржы саясатының мөлдірлігін қамтамасыз ету, оны сапалы басқару, қаржы саласы мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыста көрініп отырғанын атап өтті.
Осыдан кейін сөз алған Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев ислам банкингінің маңыздылығын айта келіп, елімізде жақын арада исламдық “Al Hіlal” банкінің құрылатынын, қазір оның құжаттарын дайындау жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Қаржы министрі Болат Жәмішев өз сөзінде исламдық қаржыландырудың еліміз үшін стратегиялық маңыздылығына кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, көптеген елдер исламдық қаржыландыруды енгізуді экономикалық мақсаттылық тұрғысынан қарастыруда. Исламдық қаржы институттарының орнықты қаржылық әл-ауқаты, базалық сипаттары, олардың әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы тұрақтылығы исламдық қаржыландыруға жаңа қырынан қарауға итермелеуде. Қазір, деді ол осы орайда, Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да елдер қаржылық-құқықтық жүйелерін исламдық қаржыландырумен байланыстыруда.
Конференцияда Бахрейн Үкіметі басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Абдулла Хасан Саиф, Исламдық қаржыландыру қызметі жөніндегі кеңестің бас хатшысы Рифат Ахмед Абдель Карим сынды осы саланың белгілі мамандары Қазақстанға исламдық қаржыландыруды енгізу мәселесін қолдайтындарын және ол үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасайтындарын атап көрсетті.
Дастан КЕНЖАЛИН.