• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2019

Батырдан қалған жалғыз мұра

1026 рет
көрсетілді

Абылай ханмен тізе қосып, қалмақтарға қарсы атой салған қазақтың ержүрек ұлда­рының бірі Тышқан батыр туралы деректер тым мардымсыз. Оның ерлік жорықтары көбіне Оңтүстік Сібір аумағында қалмақтар мен башқұрттарға қарсы өткен шайқастарда ғана сипатталады. Жаужүрек баһадүрдің Қызылжар өңірінде тұратын ұрпақтары аз емес. Ол жөнінде суырыпсалма айтыс­кер ақын Ахметжан Нұртазин, Қобылан қажы Хамзин біраз естеліктер қалдырған. Қазіргі Шал ақын ауданы Көктерек ауылы маңын мекен етіп, ағайынды Тілеке, Құлеке батырлардың ерлік істерін жалғастырған.

Халқымыздың ба­сына қара бұлт үйірілген қилы кезеңдерде жердің шетінен, желдің өтінен табылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір кезінде ел-жұртына ақылшы, пана, қамқор бола білген. Абылай Балтабаев ақсақалдың жазуына қарағанда, шын аты Қазбек екен. Бір орында байыз тауып отыра алмағандықтан жеңгелері еркелетіп «тышқан» атап кеткен. Орта бойлы, қараторы, шымыр денелі, өте шапшаң кісі болған. Көзінің өткірлігі соншалық, адамдар тура қараудан именген. Оның ержүректілігі, парасаттылығы, ақылдылығы баласы Қойлыбайға жұққан деседі. Ал немересі Сыздық қажы өз қара­жатына қос мұнаралы мешіт салдырып, медресе ашқызған. Молдаларды Ресейдің Орал өңірінен, Қостанай жағынан алдыртып, балаларды дін жолына баулыған.

Тышқан батырдың жауға қарсы пайда­ланған бес қаруы бертінге дейін сақтал­ғанымен, кейін ұстағанның қолында, тісте­геннің аузында кетсе керек. «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде най­засының ұшы ғана сақтаулы тұр. Оны осы­дан екі жыл бұрын ұрпақтары сыйға тар­тыпты. Найзаның басы – 24,3 санти­метр, диаметрі 3 сантиметр. Жақын қашық­­­тық­та дұшпанмен бетпе-бет келгенде қол­­да­нылғанға ұқсайды. Мұражай экспози­­ция­сының «Тақ» залына қойылған жәдігерді 30 мың­­нан астам адам тамашалапты. Шет­ел­ден келген меймандарға да оның тарихы, батыр жайлы мағлұматтар кеңінен ұсынылады.

Суық қаруға QR коды қойылып, қазіргі заман талабына сәйкес цифрландырылған.

Солтүстік Қазақстан облысы