Осының алдында Рим папасы қолтығына су бүріккен батыс жұрты қайта-қайта шабуылдап, Алтын Орданың біраз жерін басып алған да, Днепр мен Донның арасындағы Дешті Қыпшақ даласындағы біздің жұртты қырғанын қырып, қалғанын құлдыққа айдап әкеткен. Ендігі мақсат Еділ мен Ертістің арасындағы халықты жер ету еді. Борсықты шайқасында біз жеңілгенде бүгінгі қазақ деген халық болар ма еді, болмас па еді?! Таққа таласқан хандар қырылысып жатқанда (жиырма жылда жиырма хан өлтірілген) мылтықсыз халқын көк мылтыққа қарсы қоя біліп, жеңістің туын желбірете алған, келер ұрпақтың да еркін ел болуы үшін арпалысқан Едіге батырдың ерлігі бүгінгі де, келер ұрпақ үшін де шексіз үлгі.
Құмкент қаласында Құтлықияның отбасында дүниеге келген Едігенің де өмір жолы оңай болмаған. Тақ үшін тартысқа түскен Ұрысханның қолынан Құтлықия да, Тоқтамыстың әкесі Тайқожа хан да қаза болған. Жан сауғалаған Тоқтамыс та, бас амандығы үшін жас Едіге де Әмір Темірді паналаған.
Ақыры жанжалдан, қырқысудан әлсіреген Алтын Орданы тағына Тоқтамыстың келуіне жәрдем еткен. Әмір Темірге дұшпан болып шыға келген Тоқтамыс өзара жауласуға әкелді. Ерлігінен жұрт сөзіне елігуі басым Тоқтамыс өзін жаңа Шыңғыс хан деп түсінді. Ол Шыңғыс хан иеленген жердің бәріне өзі иелік еткендей ниетте еді. Күнбатыс жұрты Алтын Орда жерін басып алып жатқанда ол оны елемей, түбі түркі елін өзара жаулауға жол салды. 1391 жылы Сарысуды бойлай Тоқтамыс қолын қуа шыққан Әмір Темір қолының ішінде Едіге де бар еді. Едіге күні бұрын жасырын хабаршы жіберіп, түбі қазақы жұрттың Әмір Темір қолынан алысырақ жылжып кетуіне қамқорлық жасады. Әйгілі Әмір Темірмен бетпе-бет шайқасуға жүзі шыдамаған Тоқтамыс Ұлытау өтіп, онан әрі Тобылға жылжи қашып, ақыры Еділді бойлап, орысқа таяу Күндіршінге жеткен. Одан әрі қашатын да жер жоқ еді. Оған осы жерде біраз орыс қолы да қосылады. Күндіршіндегі қырғын соғыста Тоқтамыс қолы апатты жеңіліс тапты. Ол өзі поляк королі Витовтты паналаса, балалары Жалаладин мен Керімберді орыс князьдарының арасына барып, бас сауғалады. Осы шайқастан соң кері оралған Едіге иесіз қалғандай болған Алтын Орда тағына Темір Құтлықты отырғызды да, өзі Әмір Темірден біржолата бөлініп кетті. Ол хан тағына жақындамады, Ұлы даланы мекен еткен көшпелі елдің арасынан өзінің мекенін тапқан. Едіге хан тағына отыруды мақсұт тұтпаған тұлға. Тайпа-тайпаның арасында тақ үшін талас болмауы үшін, бірлікті, тыныштықты сақтау үшін тек қана Шыңғыс ұрпақтары хан болуы керек деген ұстанымды берік ұстаған.Борсықтыда Едігеден оңбай жеңілген Витовттың беті қайтқан жоқ еді. Күндіршінде жеңіле бастағанын көріп, ұрыс даласын тастай қашқан Тоқтамысты ол тегін паналатқан жоқ. Витовттың арманы Тоқтамысты әрі қарай пайдаланып, түбі Алтын Орданы басып қалып, қорғаушысыз қалған орыстарды да бағындыру еді. Витовт Тоқтамыс билігіне жер бөліп берді, өз әскерін құруына көмек етті. Сөйтіп ол ақыры Қырымда Тоқтамысты хан деп жариялады. Алтын Орданың қасиетті жерінің бірі Қырымдағы жұрттыТоқтамыс бастап келген жатжұрттықтардың зорлық-зомбылығынан құтқару да Едігенің үлесіне тиген еді.
Хан тағын Едіге батырдың, Алтын Орданың ұлы биінің сырттай бақылауымен, көмегімен біраз уақыт басқарған, іштей тыныштыққа қол жеткізген Темір Құтлық хан да ажалы жетіп, дүниеден озған. Хан тағына енді кім ие болады дегендей кезең туған. Анталаған үміткерлер жетерлік еді. Ұлы би Едіге хан тағына деген таласты біржолата тоқтату үшін тақ мұрагерлік жолмен ғана берілетін ұстаным енгізген. Басқа ыңғайлы тұлға болмағандықтан таққа өзімшілдеу Шәдібекті отырғызды. Шәдібек өзінше билеп-төстемек болды. Ұтымды іс жүргізе алмаған Шәдібектің күн сайын ел арасындағы беделі де кете бастаған. Ол Едігенің сөзін тыңдамауға тырысты. Кеше Алтын Ордаға қарсы шыққан орыс князьдарына Витовтқа қарсы шығады деген сылтауымен екі полк әскер де берген. Сөйтіп Шәдібек іштей араздықты өршітті. Едіге батырдың Сібірге өтіп кеткен Тоқтамысқа қарсы аттанғанын естіп, осы шақты пайдаланған Тоқтамыстың ұлы Жалаладин Шәдібекті қуып шығып, Алтын Орда тағын басып қалды.
Едіге батырдың ат басын бұрып, Алтын Орда астанасына таяп келе жатқанын естіп Жалаладин Орда тағын тастай қашқан. Едігеге бет көрсетуге жүзі шыдамаған, Орда тағын жау ниеттіге бере салғандай болған Шәдібек те Ордадан безген. Көп кешікпей оның да ажал құшқан хабары жетіп, Едіге мұрагерлік жолмен хан тағына Шәдібектің ұлы Болатты отырғызды. Орыс жерін паналаған Тоқтамыстың балалары Жалаладин мен Керімберді орыс князьдарын дүрліктіріп, жиі-жиі Алтын Орда жеріне басып кіріп, қарақшылық шабуылдарын жүргізе берген. Орыс князьдары бұрынғыша Алтын Ордаға салық төлеуін де тоқтатқандай еді. Алтын Орда қанша әлсіресе де орыс жері Алтын Орданың орыс ұлысы болып есептелетін. Бұл жағдайды да реттеу керек еді. Әрі Борсықтыдағы соғыста Витовт бастаған батыстың әскеріне қосылған князьдарды да жуасыту қажет-тін. Борсықтыдағы шайқастан кейін он жыл өткен соң ондағы баланы жиырмаға, он бестегісін жиырма беске келтіріп, тың күш жинаған Едіге батыр жорыққа аттанды. Ұлы би Мәскеу князіне «Бізге дұшпан Тоқтамыс балаларын паналатып отырсың, соның үшін қалың қолмен саған келе жатырмыз», деген хат та жіберген. Шыбын жаны көзіне көрінген Мәскеу князі Василий қаланы тастай қашты. Мәскеу қорғанының іргесіне таяу салынған ағаш үйлерді «жаудан қорғауды қиындатады» деп боярлар өртеген. Өрт қаланың ішіне де кірген. Сөйтіп Мәскеуді өрт шалды. Қорғанның сыртында баспанасыз қалған сан мыңдаған орыстарды бала-шағасымен қорған ішіне кіргізбеді. Едіге батыр тас қамалды шабуылдауға асықпады. Ол бірде-бір сарбазының босқа ажал тапқанын қаламады. Ұлы би Тверь князі Михайлдың Иванына тас қамалды бұзу үшін зеңбіректерімен келуін тапсырған. Иван да зеңбіректерін сүйретіп келіп қалған еді. Мәскеуді ұстаған боярларда да ес қалмаған. Тамақ жетіспей қала халқы да ашына бастаған. Боярлар өздерінің кінәсі үшін үш жүз мыңдық алтын төлейтіндерін әрі Алтын Ордаға мәңгі бағынатындарын айтып елші де жіберген еді.Осындай сәтте Алтын Орда тағындағы Болат ханнан асығыс хабаршы келді. Едіге батырдың орыс жеріне кеткенін пайдаланып, күнбатыстың қарулы әскерін ертіп, Жалаладин Ордаға жетіпті.
Алтын Орда тағының маңында бүліншілік болып жатуы Едігені еріксіз мәскеуліктердің ұсынысын қабылдауға мәжбүрлеп, Ордаға қарай ат басын бұрған. Ұлы би Василий князьға хат жазып кеткен екен. Көне архив мұны да сақтапты. «Орыс жері біздің адал ұлысымыз болатын... салық төлейтін... сен өзің не істеп жүргеніңді білемісің? Ұлысың талан-таражға түсті... Хан салығын орнымен төлеп тұрсаң, орыс жері тыныш болар еді. Ал сен құл сияқты бұқпалап қашып жүрсің. Ойлан да ақылға кел».
Мұнан кейін Мәскеу князі өле-өлгенше салықты уақытында Ордаға жеткізіп тұрған. Алтын Орда тағына ие бола қалған Жалаладин Едіге батырға қарсы шығуға жүрегі дауламай, тақты тастай қашқан. Оның тағы да Витовтты паналағаны естілген. Тақ таласы Болаттың да басын жұтқан. Басқа ретін таппаған Едіге Алтын Орда тағын Болаттың туған ағасы Темірге берген. Өркөкірек Темірдің хандық ісі Шәдібектен аспады. Темір хан Едігеден теріс айналған. Бұл араздықты сәтті пайдаланған Жалаладин бір-ақ түнде Орда тағына ие болып шықты. Едіге бұл жолы істің аңысын күтіп, асықпаған. Таққа осынша ұмтылып жүрген Жалаладиннің ісін көргісі келгендей еді. Бірақ сонша болмаған, Жалаладинді інісі Керімберді өлтірді деген хабар жеткен. Тақ таласы тағы да шыңына жеткендей. Керімбердінің хандығы да ұзаққа созылмады, ол інісі Кепектің қолынан ажал табады.Жалаладинді Витовт қолдап, ол Витовттың дегенін жасаса, Керімберді Мәскеудің қолшоқпары. Витовттың да, Мәскеудің де сүйенгені алтын-күміске араны ашылған білікті топ. Кепек те олардан ұзап кетпеген.
Едіге батыр орыс пен литваның арасына кезек жүгірген Кепекті хан Ордасынан қуып тастап, хан тағына Шыңғысты отырғызған. Шыңғыс Бұхар, Самарқан жағында өсіп, шығыстың тәрбиесін алған, діні басқаны кәпір деп түсінетін сұлтан еді. Тәрбиесі бөтен Шыңғыстың таққа ие болуы Витовттың бар жоспарын бұзған. Ол енді Шырын әулетімен жалғасып, Егімбердіні Қырым ханы деп жариялады. Іле сақадай-сай әскеріне Радзивилинді қолбасы етіп тағайындап, жорыққа аттандырған. Ойда жоқта хабарсыз жетіп келген жауға Шыңғыс қолда бар жасағымен қарсы шыққан. Сол арпалыста Шыңғыс та қаза болады.
Енді 1411 жылы Дербіс сұлтанды хан тағына ие еткен Едіге Егімбердінің соңына түседі. Витовттың одақтасы генуялықтар мекендеген Тана қаласын басып алды. Қашқан Егімберді Кофаны паналаған еді, Едіге батырдан қорыққан кофалықтар ұстап беретін болған соң, одан да қашып шықты. Литваға бет алған Егімбердіні жолшыбай сапарластары өлтіріп тынған. Қанша рет жеңіліске ұшыраса да дүмпуі арғы жағынан болып жатқан Поляк, Литва, оған қосылған орыс князьдарының негізгі мақсаты Алтын Орданы жоюға арналған жорықтарын тоқтатпады. Орда үшін тыныштық керек еді. Ұлы би Едіге батыр поляк королі Витовтқа хат жазған. Хатта «... Ар намыс үшін бел жазбаған, талай ерлік істеген бізге көңілсіз кәрілік келіп жетті. Қалған ғұмырымызды бейбіт тыныштыққа бағыштағанымыз дұрыс болар. Екеуара төгіскен қанымызды жер жұтты... жүрегіміздегі ашу-ызаны... су сөндірді», деп жазылған. Біраз тыныштық орнап, келісім де жасалған.Бір кезде Едігеге қатын болған Тоқтамысқызы Жәніке сақтап қалып, кейін жат жерде өскен Кәдірбердіні Шырын әулеті сүйеп, Қырымда хан деп жарияланды да, оны Витовт қолдап шықты. Витовттан мұздай қаруланған әскер алып, оған Қырым жұртынан жасақталғандарды қосып, Кәдірберді Алтын Ордаға қарсы жорыққа шыққан. Едіге батыр жаумен Елек өзенінің Үш бөрте аталатын сағасында кездесті. Дұшпанды бастап келген Кәдірберді ажал құшса, Едіге де ауыр жараланған.
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай «Ноғайлы» деген бұлтартпас деректер негізінде жазылған зерттеу кітабында Едігені «Ләшкербасы Хажы Мұхаммед (Көшім ханның бабасы) Құмкент, Баба түкті Шашты Әзиз жанына жеткізе алмай, Ұлытауға жерледі» деп тарихи деректерге сүйене отырып дәлелдеген.
Таққа отыруды мақсұт тұтпаған, бар ғұмырын ұлы мемлекеттің тағын да, халқының бағын да сақтау үшін сарп еткен Едіге батыр дүниеден озған.
Ұлы тұлғаға әр елдің де, әркімнің де бар таласы. Ресей ғасырлар бойы Шыңғыс ханды жамандап келді. Сол орыстың бір журналисінің «Великий Чингиз хан славянского происхождения» деп жазғанын оқып, таңғалған едік.
Ұлы Едігені татар да, башқұрт, қарақалпақ, ноғай да өздерінің ұлттық батыры деп есептейді. Өйткені бұл халықтардың барлығы да Алтын Орданың құрамындағы елдер. Оларда Едіге туралы талай жырлар сақталған.
Кейінгі кезде Едіге батырдың мәңгілік орны туралы неше қилы әңгімелер шығып жүр. Алдыңғы жылы біреулер Ер Едігенің моласын Маңғыстаудан тапқан болып жазса, өткен жылы «пәлен деген шал айтты» деп, Едіге Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жерленген деп жазды. Бірақ сол ауданда Едігенің жалы деген жота бар екенін, сондағы бір бейіттің Едігенің анасының моласы деп аталатынын бұрыннан біз естіген жағдай әрі ол туралы газеттер де жазған.
Шоқан Уәлиханов жанына академик Шренкті ертіп, Ұлытауға шығып, Едігенің басына тәуеп еткен. Бұл қазіргінің алып-қашпа сөзі емес, тарихи факт. Шоқан да, оған жол бастап барған ақсақалдар да иманы бар, әділ, таза жандар. Олар бір қияли әңгімені айта салатын бүгінгінің аумалы-төкпелі шалдары емес.
Ер Едігенің, қазақтың ұлы биінің Ұлытаудың шыңында жатқан туралы бәз біреулермен айтысқанымыз «Егемен Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде кезінде жарық көрген. Едігенің бассүйегі деген сүйекті қолымызға ұстап отырып, оның олай емес екенін, Едігенің пирамида тәрізді тас моласы ашылмағанын да дәлелдеп шыққан едік.
Сайын даланың сайыпқыраны Ер Едігенің Ұлы даладан шыққан батыры екенін бар әлемге мойындататын уақыт әбден жетті. Ұлы би Едігенің дүниеден озғанының 600 жылдығына орай Нұр-Сұлтан бастап, Қарағанды қостап, Ұлытауда тәуеп ететін ғылыми- практикалық конференция өтуі сұранып тұрған жағдай. Әрі бұл ұлттық намысымыз да. Оған татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ ғалымдары қатысса, нұр үстіне нұр.Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы