• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2019

Түркістанда ауыл шаруашылығына арналған республикалық семинар-кеңес басталды

1446 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында «Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобалар» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Жамбыл, Қызылорда және Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен тауар өндірушілері, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «КазАгроҚаржы» АҚ төрағалары, екінші деңгейлі банк басшылары, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғалымдар, аудан, қала әкімдері мен облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері  қатысты. 

Шаруаларға арналған жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров – агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несиелер туралы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаубаев – агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несиелері, несиелеу жолдары мен шарттары жайында, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек  Бадырақов – азық-түлік белдеуін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асыратын жобалары хақында, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков – ауданда жүзеге асырылған және асырылатын жобалары туралы, «Қаскелең Агропаркінің» ғылыми жетекшісі Абай Сағитов – агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері туралы,  «Dala Fruit» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы – қарқынды бау шаруашылығындағы жетістіктері мен жеңілдіктері туралы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымы Қалымбетов Бердияр  – бір жылда 2-3 өнім алудың тиімділігі туралы баяндама жасады.     

Семинарда ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық технологияларды қолданып, жылына 2-3 рет өнім алу, сонымен қатар бизнесті жолға қойып, мол табыс тауып отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласында дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн екендігін айтты. Әрі өнім нарықтық экономикаға сай, бәсекеге қабілетті болуы керектігін жеткізді.

«Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен  қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба анықталып отыр. Бұл жобалар облыстың әр ауданының басым бағыттарын дамытып, облыс халқын   азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында таңдап алынды. Ауыл шаруашылығында алдағы уақытта алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек.  Алдағы уақытта талап өзгереді. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Сонымен қатар, аймақ басшысы өңірде жалпы ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі, еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда аз екендігін айтып,    алға қойылған тапсырмаларды тек заман талабына сай ғылыми жетістіктерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде орындауға болатындығын жеткізді. Сондай-ақ,  ауыл шаруашылығында алынған кез келген өнімді тиімді өңдеп, экспортты ұлғайту керектігін сөз етті. 

Семинар кеңесті өткізуге мұрындық болған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жоғарыда аталған тапсырмалар мен 480 жобаның іске асырылуына аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екендігін ескертті.

Семинар соңында қаржы ұйымдары мен банк директорлары және әкімдік арасында Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Ондағы мақсат – Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобаларды жүзеге асыру жөніндегі өзара ынтымақтастық  арттыру.

Бұдан соң семинар Кентау қаласы, Шаға ауылдық округінде жалғасты. Сондай-ақ, шаруаларға арналған семинар Сайрам ауданында жалғасатын болады.