– Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезге дейін ең маңызды мəселенің бірі – билік пен қоғамның бірлігін көрсетіп келді. Сондықтан Nur Otan партиясының оны президенттікке кандидат ретінде ұсынуы қай тұрғыдан да қисынды əрі заңды деп айтуға болады.
Қ.Тоқаев – Қазақстандағы əлемге танымал бірден-бір азамат, алдыңғы бестікте аталатын үлкен қайраткер. Ол еліміздің сыртқы саяси докторинасын қалыптастыру, оны жүзеге асыру ісіне белсенді араласты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болды, Қазақстанның Премьер-Министрі қызметін атқарды.
Президенттің өзі өткенде сайлауды ашық, анық əрі əділ өткізу керек деп айтты. Меніңше, бұл іс-шараны сол айтылғандай өткізуге болады. Себебі қазіргі жағдайда бұрынғыдай үлкен пайыздар ықпал етпейді, яғни 99 пайыз алудың немесе халықты бір бағытқа үгіттеудің ешқандай қажеті жоқ. Бұл шын мəнінде үміткерлердің бəрін қатыстырып, болашақ парламенттік немесе басқа саяси науқандардың басы болатын, солардың мазмұнын ашатын, бəсекелі, тартысты, жақсы сайлау өткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы