• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2019

Орталық Азия елдері балалар семіздігінің таралуы жөнінен әлем бойынша екінші орында тұр

1128 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері балалар семіздігінің таралуы жөнінен әлем бойынша екінші орында тұр. Бұл туралы жасөспірім балалардың тамақтануын жақсарту жөніндегі Симпозиумда айтылды.

Бүгін елордада Қазақстан,  Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Армения, Грузия және Әзербайжан Парламенті депутаттарының, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру министрліктері өкілдері симпозиум жұмысын бастады. Бірнеше күн болатын басқосу барысында  балаларға арналған дұрыс тамақтану жүйесін қамтамасыз ету және оны басқаруды жақсарту жайындағы  өзара іс-шаралар  талқыланып  бекітілетін болады.

"Бүгінде Орталық Азияда балалар семіздігінің таралуы әлемде екінші орында (10, 7%), сонымен қатар 2000 жыл мен 2017 жыл аралығында артық салмағы бар бес жасқа дейінгі балалардың саны 1,6 миллионнан 3,2 миллионға дейін екі есе өскен. Бұл - көп қозғалмаудың, дұрыс ұйықтамаудың салдары. Бұл жеткіншектердің өздерін төмен бағалап, оқу үлгерімінің нашарлауына әкеледі,және ересек кезіндегі де өмір сүру, тамақтану салтына әсер етеді",  - дейді денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану бойынша аймақтық маман Амирхоссейн Ярпарвар.

Аймақтағы азық-түлік және тамақтану жүйесін басқару балалар мен жасөспірімдердің саламатты, дұрыс тамақтануын қамтамасыз етіп, ұлт денсаулығын жақсарта алады, сондықтан мемлекет қаражат бөлуі керек деген пікірге ұйыған симпозиум жұмысын жалғастырып жатыр.

Аталған шараны Дүниежүзілік БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы мен азық-түлік бағдарламасының қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырып отыр.