• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2019

Қарағанды жастары Nur Otan партиясы ұсынған кандидатқа қолдау білдірді

957 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Елім үшін» атты жастар форумы өтіп, оған облыстың барлық жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері, үкіметтік емес жастар ұйымдарының белсенділері, шығармашыл және жұмысшы жастар, спортшылар қатысты.

Форумда «Қазақмыс» корпорациясының жас қызметкері Алдияр Қазкен сөз алып, студент жастарды Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына ұсынылған кандидатты қолдауға шақырды.

– Қарағанды облысы еліміздің экономикалық және саяси тірегі. Біз кеніштерде, шахталарда және карьерлерде жұмыс істейтін жерлестеріміздің еңбек жетістіктерін мақтан тұтамыз. Осындай толайым табыстардың  барлығына әрбір қазақстандықтың адал еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Мен осы форумда "Қазақмыс" корпорациясының жұмысшы жастарын таныстыру абыройына ие болғанымды мақтан тұтамын. Біз Nur Otan партиясын қолдаймыз. Тұңғыш Президент таңдаған үміткер Елбасының сара жолын жалғастыратынына сенімдіміз, – деді ол.

Форум қатысушылары Қазақстанда өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына және өздері қалаған жұмысқа орналасуына, әлемнің жетекші оқу орталықтарында біліктіліктерін арттыруына барлық жағдайдың жасалғанын мақтанышпен айтты. Студент жастар алдағы болатын Президенттің кезектен тыс сайлауы ел экономикасының дамуына және ішкі келісімді нығайтуға жаңа серпін беретіндігін атап өтті.

Жиын барысында сөз сөйлеген ҚарМТУ-дың студенті Әуен Тұрғымбаева жастарды Президент сайлауы сынды жауапты саяси науқанға бір кісідей қатысуға үндеді.

– Елбасы саясатының арқасында біз әлемдік аренада еркін бәсекелесе алатын беделді мемлекет құрдық. Жастардың сайлауға қатысуы – олардың азаматтық тұрғыда жетілгендігінің, әлеуметтік жауапкершілік пен патриоттық сезімдерінің жоғары деңгейде екендігінің бірден-бір көрсеткіші. Біз сайлауға белсенді түрде қатысуымыз керек, – деді студент.

Кезінде Елбасының өзі білім алған жоғары оқу орнында өткен «Елім үшін» жастар форумының жұмысы облыстың шығармашылық ұжымдары мен студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған концертпен түйінделді.

Қарағанды облысы