Заң жобасы туралы баяндаманы Әділет министрі Марат Бекетаев жасады. Ол заң жобасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті одан әрі жетілдіру, ізгілендіру және кейбір баптардың әсіреқатаңдығын төмендету бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтінін айтты. Соның ішінде заң жобасы мына бағыттарды қарастырған, дей келіп министр оның әрқайсысын атап берді. Біріншіден, әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдары алынып тасталады. Реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес оны азаматтық немесе тәртіптік нормалармен қарастыруға болады. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың кейбір бақылау, қадағалау функцияларын оңтайландыру және автоматтандыру сияқты шаралар енгізілген. Осы мақсатпен 32 құрамды алып тастау ұсынылған. Екіншіден, заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету қарастырылған. Бұлар ізгілендіру мақсатымен жасалған. Ол үшін заң жобасында 40-тан астам құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, 10 құрам бойынша әсіреқатаңдықты төмендету, 6 құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылған. Жалпы, кодекс қабылданғаннан бері оның әсіреқатаңдығын төмендету қажеттілігі бойынша алғашқы ұсыныстарды депутаттық корпус жасаған. Олар мемлекеттік органдарға депутаттық сауал түрінде түскені атап өтілді. Министр заң жобасы берілген рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уәкілетті органдардың құзыретіне беруді қамтығанын жеткізді. Конституциялық реформаның аясында атқарушы мемлекеттік органдардың және олардың басшыларының жауапкершілігі артуына байланысты осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада да ұқсас реформаларды талап еткен, деді министр өзінің баяндамасында.
Баяндама аяқталған соң сұрақ беру рәсімі басталды. Соның ішінде депутат Зәуреш Аманжолова жуырда ғана допинг қолдану сияқты қитұрқы тәсілмен жеңістерге жетіп жатқандарға, спорттық жарысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды сатып алатындарға қарсы жауапкершілікті күшейту туралы заң жобасы қаралғанын еске салып, ал бүгінгі заң жобасы сонда белгіленген айыппұлдың көлемін 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке азайтуды ұсынып отырғаны қалай деген сұрақ қойды. Сонымен бірге ол әкімшілік тұтқындаудың да неге алып тасталғанын түсінбегенін жеткізді. Оған министр М.Бекетаев жауап беріп, бұл түзетудің асығыстықтан енгізіліп кеткенін, «сондықтан оны бұрынғы күйінде қалдырумен келісеміз», деді. Осы жерде талқылауға Спикер араласып, өзгерісті енгізген нақты кім екенін анықтады. Оған өзгеріс Мәдениет және спорт министрлігінен келгендігі айтылды. Н.Нығматулин өзінің сұрағын аяғына дейін жеткізіп, отырысқа қатысып отырған Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапановтан өзгерісті неге енгізгендерін сұрады. Е.Қожағапанов бұл жерде өздерінің кінәсі бар екенін мойындап, ұсынған адамның жазаланатынын жеткізді. Ал өзі осы бапты одан әрі қатаңдатып, қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізу қажет екенін де қолдайтынын айтып қалды. Бірақ оның тез өзгергіштігін Спикер қатаң сынға алды. «Күні кеше ғана жұмыс тобына сіздің атыңыздан хат келіп, жауапкершілікті қатайту керектігімен келістіңіздер. Бірақ іс жүзінде сіздер осындай қитұрқы тәсілдермен күрес жүргізіп жатқан жоқсыздар. Тек ауызбен ғана айтасыздар. Жұмыс тобына кеше ғана хат жазғаныңыз соның айғағы. Оған дейін ізгілендіруді сылтауратып, жауапкершілікті азайтуды ұсындыңыздар» деп нақты ескертулер жасады. Е.Қожағапанов бұл пікірлермен толық келісетінін айтты.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту, сонымен қатар ізгілендірудің нақты өлшемдерін белгілеуге қатысты бірқатар мәселелер көтерді. Соның ішінде, бюджетті тиімсіз игеруге, жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кетуге байланысты жазаны анықтауға қатысты нақты талаптар қажеттілігі айтылды. Осы ретте, Н.Нығматулин: «Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші оқылымға дейін бюджеттік қаржылардың тиімсіз пайдаланылғанын анықтау үшін барлық шараларды әзірлеуі қажет. Олар осы кодекс аясында мемлекеттік бюджет қаржыларын игеру барысында мемлекеттік органдар әкімшілік бағдарламаларының бірінші басшылары үшін жеке жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді», деді. Сондай-ақ депутаттар, сапасы төмен туристік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтатуды қарастыратын норманың дұрыстығы туралы мәселе көтерді. Мәжіліс Төрағасы Мәдениет және спорт министрлігінің осы сұрақ бойынша ұстанымының көмескілігіне де назар аударды.
Осындай қызу талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы отырыста кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да қаралды. Бұл құжат Елбасы Н.Назарбаевтың көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру үшін әзірленген. Заң жобасы басқа мәселелермен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» және бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарды тұрғын үймен қамтудың қолжетімді жолын қарастырған. Қазір кезекке тұрған көп балалы отбасылардың саны 31725 екен. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге бөлінуде. Соның арқасында жыл сайын кемінде 6 мың пәтер тапсырылады. Заң жобасы оларды пәтер кезегіне тұрған жалпы әлжуаз топтардың тізімінен алып, басқа тізіліммен қамтуды талап еткен. Заң жобасының маңыздылығын палата Төрағасы атап өтіп, оның орындалуы мұқтаж адамдарға аса қажет екенін айтты.
Сонымен бірге отырыста 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасына қорытынды әзірлеудің мерзімі белгіленді.