Айтулы туындылар қатарында қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосы, Шыңғыс Айматовтың «Балалық шаққа саяхат», жазушы-драматург Сұлтан Раевтың «Жанжаза» және «Қазіргі қырғыз поэзиясы» жинағы бар. Тұсаукесер рәсіміне Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, жазушы-драматург, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, академик-профессор Қадыралы Қоңқабай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, белгілі композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов және ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов бастаған құрметті қонақтар қатысты.
– Қырғыз-қазақ ағайындығы жөнінде таңды таңға жалғап ұзақ айта беруге болады. Бұл екі елді ешқашан ешнәрсе ажырата алмайды. Біз – рухы ортақ үндестік тапқан елдерміз. Бір туған ағайынбыз. Сондықтан да бүгінгі осындай тамаша тағылымды шараны ұйымдастырып, қырғыз әдебиетін қазақ оқырманына жақын таныстыру бағытында жасалып жатқан барлық ниет-тілек, дархан пейілдеріңізге күллі қырғыз елі атынан зор алғысымды білдіремін, – деді тұсаукесер рәсімінде сөз алған Сұлтан Раев.
Аталған шараның мәні мен мазмұнына жан-жақты тоқталып өткен Дархан Қыдырәлі өзі басқаратын мекеменің қырғыз әдебиетін қазақ тілінде сөйлету жобасымен бірнеше жылдан бері жүйелі түрде айналысып келе жатқандығын жеткізді.– Біз былтыр тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ортақ мақтанышы, жалпы адамзаттың Айтматовы атанып кеткен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай бірқатар шара өткіздік, кітаптар шығардық. Биыл да сол үрдісті жалғастырып, тағы да бірнеше жинақты оқырманға ұсынып отырмыз, – деді Дархан Қуандықұлы.
Айтулы шарада бауырлас қос елдің әдеби әлемі жан-жақты сөз болып, Баянғали Әлімжан «Манас» жырынан үзінді оқып, Ілия Жақанов өзі мәңгілік ғұмыр сыйлаған Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің» туындыларына арнап жазған әйгілі «Даниярдың әні», «Әселім» әндерін тамылжыта шырқады. Сондай-ақ кеш соңында сазгер: «Қазақ пен қырғыз бауырластығының ерекше құдіретті болып көрінетіні – осы «Манас» пен қазақтың «Қырымның қырық батыры» жыры. Бір күндері «Қырымның қырық батыры» қырғыз тілінде шығып жатса, тіпті ғажап болар еді. Бүгінгі тұсауы кесілген кітаптардың қай-қайсысы да екі ел арасындағы мызғымас рухани достықты әйгілейді. Әрдайым осы ағайындық, туысқандық байланысымыз нығая берсін», деп тұсаукесерге жиналған оқырмандарға күллі Алаш елі атынан ақсақалдық ақ батасын берді.