• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2019

Дана – ең үздік!

1009 рет
көрсетілді

Жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналған «Бала дауысы» ұлттық балалар байқауының төртінші маусымының іріктеу кезеңі Қызылжар өңірінде өтті.

8 бен 12 жас аралығындағы дарындылар бай­қауының ме­нед­жері Толғанай Хасен қатаң талаптан іркілмей өткен бал­дырғандар ғана суперфиналда өнер көрсететінін, одан бағы жанғаны музыкалық оқу орнына арналған білім грантымен қоса, «Диснейленд» ертегілер еліне саяхат жасау бақытына ие болатынын жеткізді.

Аудандар мен елді мекендерден облыс орталығындағы Оқушылар сарайына жиналып, кастингке қызу дайындыққа кіріскендердің арасынан киім үлгісі де, ән айту мәнері де өзгеше бір қыз көзімізге оттай басылды. Сөйтсек, ол Петропавл қаласындағы №2 орыс мектебінің оқушысы болып шықты. «Тоғыз жастамын, есімім Дана Бәскенова» деп қазақша амандасты. Ана тілін жатық білетіні қуантты әрі біздің өтінішімізді жерге тас­тамастан қазақша әнді шырқай жөнелді.

Шалғайдағы Уәлиханов ауданынан келген Әйгерім Абай қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш ән да­йындап келгенін айтты. Домбыра да тартады екен. Ән айту өнерін меңгеруге анасы Бағлан мен технология пә­нінің мұғалімі Гауһар көп кө­мектесіпті. Ай­мақтық «Әнші балапан» конкурсына қатысып, жүлделі орын­ды иеленіпті.

Қазылар алқасының мү­шелері Фарида Ниязова мен Әлімжан Омаров бағын сы­науға келген 102 үміткерге кас­­тингтің ережелері мен шарт­тары дарынды балаларды анықтау және қолдау, шы­ғармашылық әлеуетін жү­зеге асыру, қабілеттерін одан әрі дамытуға көмектесу еке­­­нін түсіндіргеннен кейін ірік­теу жарысы басталып кетті. Сахнаға алғаш көте­ріл­гендердің қатарында 11 жас­тағы Айгүл «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасын қатты толқытты. 6 жастағы Нарғыз да әпкелерінен қалыса қойған жоқ. Сөз мәнерінен ұлттық балабақшада тәрбиеленгені бірден білінеді. Әңгіме арасында кастингте қазақша әндердің молынан қамтылғанын айта кеткен жөн. Орыс қызы Ирина «Маралдымды» шырқағанда залдағылар сілтідей тынып тыңдады.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігі мен Тұңғыш Пре­зидент Қорының қолда­уы­мен «Жандану әлемі» қоры ұйым­дастырған өңірлік ән бай­қауы жас таланттардың шығар­машылық қабілет-қа­рымын танытуға жан-жақ­ты мүмкіндіктер берді. Мына қызықты қараңыз! Жарыс­тың шымылдығы ашылар қар­саңында жолықтырып, ән ай­ту өнеріне сүйсінген Дана Бәс­кенова іріктеу кезеңінің же­ңімпазы атанды.

Ол енді Алматыда өтетін ақтық сайыста облыс намысын қорғайтын болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы