«Съездің күн тәртібінде 2019 жылғы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына партия атынан кандидатура ұсыну мәселесі тұр. Жиынға партияның облыстық филиалдарының өкілдері, жастар қанатының мүшелері, партиялық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады», делінген партия хабарламасында.
Еске сала кетейік, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу жөнінде шешімін жариялады.
Айта кетейік, 23 сәуір күні «Nur Otan» партиясы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев тіркелді.
Кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті.
Одан бөлек, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан қоғам қайраткері, жазушы-журналист Сәдібек Түгел кандидат ретінде тиісті құжаттарын тапсырды.