Азия чемпионатына Қазақстанның дзюдошылары тұңғыш рет 1993 жылы қатысты. Сол кезден бері 20 мәрте жалауы желбіреген жарыста еліміздің ерлер құрамасы 77 жүлде алды. Тарқатып айтсақ, 14 алтын, 18 күміс және 45 қола медаль олжалады. Ең зор көрсеткішке жерлестеріміз 2004 жылы қол жеткізді. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жалауы желбіреген додада 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен екінші орынға жайғасты. Тағы бес рет (1993, 1995, 1997, 2016, 2017 жылдары) үздік үштіктің қатарынан көрінді. Алты мәрте (1996, 2000, 2009, 2012, 2015, 2019) төртінші сатыға табан тіресе, төрт рет (2001, 2003, 2008, 2011) бесінші орынға тұрақтады. Ал 1999 және 2007 жылдары сегізінші орында қалып қойды. Бұл біздің балуандардың құрлықтық додадағы ең нашар нәтижелері.
1993-2019 жылдар аралығында өткен Азия чемпионатында түрлі елдің өкілдері жеңіс тұғырына көтерілгенімен, жалпы есепте үздік үштіктің қатарынан көріну бақыты небәрі алты командаға ғана бұйырған екен. Бұл ретте, ұзақ уақыт бойы негізгі бәсекелестік Оңтүстік Корея мен Жапония құрамалары арасында өрбуде. Бір қызығы, Күншығыс елі – дзюдоның Отаны саналғанымен, осы тартыста олар әзірге басты қарсыластарынан қалып келеді. Сол 26 жыл аралығында оңтүстік кореялықтар 10 рет – бірінші, 7 рет – екінші және 2 рет – үшінші орынды олжаласа, жапондар 6 рет – бірінші, 8 рет – екінші және 3 рет – үшінші сатыға жайғасты. Моңғолия мен Иранның татами шеберлері командалық есепте екі реттен топ жарды. Сонымен қатар парсылар – бес және моңғолдар – төрт мәрте жүлдегерлер санатынан көрінді. Үздік үштіктің санатына қосылған, қалған екі команда – Өзбекстан (2-орын – үш рет, 3-орын – екі рет) мен Қазақстан (2-орын – бір рет, 3-орын – бес рет).
Өз өрендеріміздің Азия чемпионатындағы көрсеткіштеріне тоқталсақ, Қазақстанның балуандары 1993 жылы тұңғыш рет Макаода бой көрсетті. Жаңадан жасақталған жас команда болсақ та, көңіл толатындай нәтижеге қол жеткіздік. Оңтүстік Қытай теңізінің жағалауында Иван Каразелиди (65 кило) алтын алса, Игорь Пешков (75 кило) күміспен күптелді. Ал Серік Адығанов (66 кило), Сергей Әлімжанов (86 кило) және Сергей Шәкімов (95 кило) қола медальді мойындарына ілді.
1995 жылы Нью-Делиде Сергей Шәкімов (95 кило) теңдессіз деп танылды. Сергей Әлімжанов (86 кило) екінші орын алса, Ахат Әшіров (71 кило) үшінші сатыға тұрақтады. 1996 жылы Хошиминде Сергей Шәкімов (95 кило) тағы да топ жарды. Ахат Әшіров (71 кило) күмісті иеленсе, Ержан Омарбаев (66 кило) пен Руслан Сейілханов (78 кило) қолаға қол созды. 1997 жылғы Маниладағы да көрсеткішіміз көңілімізді марқайтты. Сергей Шәкімов (95 кило) Азия чемпионы атағын қатарынан үшінші рет жеңіп алса, Руслан Сейілханов (78 кило), Мұса Зайпуллаев (86 кило) және Вячеслав Бердута (+95 кило және абсолютті салмақ) қола жүлдені еншіледі.
1999 жылы Қытайдың Вэньчжоу қаласында қазақстандықтар кеңінен көсіле алмады. Тек Алексей Аляпин (90 кило) мен Вячеслав Бердута (+100 кило) қоланы қанағат тұтты. 2000 жылы үш бірдей отандасымыз ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткенімен, барлығы да шешуші тұста ұтылды. Олар – Асхат Шахаров (73 кило), Руслан Сейілханов (81 кило) және Вячеслав Бердута (+100 кило). Абсолютті салмақта күрескен Елдос Ықсанғалиев үшінші тұғырға табан тіреді. Тағы бір айта кетерлігі, осы жарыста Қырғыз елінің туы астында өнер көрсеткен қазақтың ұлы Айдын Смағұлов күміс медальді иеледі. Арада бірер ай өткенде қандасымыз Олимпия ойындарында айды аспанға бір-ақ шығарып, қола медальға қол жеткізді.
2001 жылы да төрт жүлдені қоржынға салдық. ҰланБатырда абсолюттік салмақтағы Еркін Тұяқов күміс және Рауан Инаттилаев (73 кило), Дастан Пірімқұлов (100 кило), Елдос Ықсанғалиев (+100 кило) қола медальді еншіледі. 2003 жылы Асхат Житкеевтің асығы алшысынан түсті. 100 кило салмақта ол қарсылас шыдатқан жоқ. Ерлан Слямбаев (66 кило) екінші орынға жайғасса, Елдос Ықсанғалиев (+100 кило және абсолютті салмақ) екі мәрте дәл сондай құрметке бөленді.
2004 жылы Қазақстан тұңғыш рет Азия чемпионатын қабылдады. Алматыда өткен байрақты бәсекеде біздің жігіттер ерледі. Базарбек Донбай (60 кило), Мұратбек Қыпшақбаев (66 кило) және Асхат Житкеев (100 кило) сынды сайыпқырандар алдарына жан салмады. Сағдат Садықов (73 кило) шешуші тұста ұтылды. Елдос Ықсанғалиев (+100 кило) қоланы қанағат тұтты. Командалық есепте Қазақстанның ерлер құрамасы тек Оңтүстік Кореяны алға жіберіп, екінші орынды иеленді. Әзірге бұл – отандық дзюдошылардың құрлықтық додадағы ең үздік көрсеткіші.
2005 жылы Ташкентте жерлестеріміз бес рет жеңіс тұғырына көтерілді. Айдар Қабимоллаев (73 кило) мен Асхат Житкеев (100 кило) күміспен күптелсе, Саламат Отарбаев (60 кило), Елдос Ықсанғалиев (+100 кило) және Вячеслав Бердута (абсолютті салмақ) қолаға қол жеткізді. 2007 жылы әл-Кувейтте жолымыз болмады. Базарбек Донбай (60 кило) мен Максим Раковтың (90 кило) қос қоласын қанағат тұтуға мәжбүр болдық. 2008 жылы Чеджуде Асхат Житкеев (100 кило) үшінші рет Азия чемпионы атанды. Ринат Ибрагимов (73 кило) күміс және Саламат Отарбаев (60 кило) қола медальді кеудесінде жарқыратты.
2009 жылы Тайпэйде Максим Раковқа (100 кило) тең келер ешкім табылмады. Тимур Болат (90 кило) мен Ұлан Рысқұл (+100 кило) үшінші орынды иемденді. 2011 жылы Әбу-Дабиде Ислам Бозбаев – күміс, Еркебұлан Қосаев (60 кило), Тимур Болат (90 кило) және Ержан Шынкеев (+100 кило) қоланы еншіледі. 2012 жылы Ташкентте бір алтын мен бір күмісті қанағат тұттық. Ол жүлделердің иегерлері – Сергей Лим (66 кило) мен Виктор Демьяненко (100 кило). 2013 жылы Бангкокта Елдос Сметов (60 кило), Азамат Мұқанов (66 кило), Ислам Бозбаев (90 кило) және Ержан Шынкеев (+100 кило) үшінші орынға табан тіреді.
2015 жылы әл-Кувейтте бас жүлде бұйырмады. Максим Раков (100 кило) финалда сүрінсе, Елдос Жұмаханов (66 кило) пен Ержан Шынкеев (+100 кило) жүлдегерлер санатына қосылды. 2016 жылы Ташкенттен табысты оралдық. Елдос Сметов (60 кило) қарсыластарын қоғадай жапырса, Дидар Хамза (73 кило) ақтық сында ұтылды. Тағы төрт балуанымыз жүлделі орындарды иеленді. Олар – Елдос Жұмаханов (66 кило), Әзіз Қалқаманұлы (81 кило), Максим Раков (100 кило) және Ержан Шынкеев (+100 кило). 2017 жылы Максим Раков (100 кило) қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып алтын тұғырға көтерілді. Елдос Жұмаханов (66 кило) пен Ислам Бозбаев (90 кило) екінші орын алса, Елдос Сметов (60 кило) үшінші сатыға тұрақтады.
Ал күні кеше ғана Фуджейрада аяқталған Азия чемпионаты жайында жоғарыда баяндадық. Айтулы додада 66 кило салмақта белдескен қос қандасымыз Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов жолы финалда қиысты. Алғашқысы – алтын, екіншісі күміс медальді мойнына ілді. 60 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев пен 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев үздік үштікті қорытындылады.
Міне, Қазақстан дзюдошыларының қатысуымен өткен Азия чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай. Сонымен қатар 2011 жылдан бері абсолютті салмақтың орнына командалық сайыстар өте бастады. Осы жеті жарыстың түгелге жуығында біздің балуандар үздік үштіктің қатарынан көрінді.