Кеше Парламент Сенатында “Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Аталған маңызды шара еліміздің биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының орындалуы аясында жүзеге асты.
Қазақстанның құрамында 27 ел бар Еуропалық Одақпен қарым-қатынасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы 1992 –1995 жылдарды қамтиды. 1993 жылғы сәуірде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Бельгия Корольдігінде Қазақстан елшілігі ашылса, сол жылы желтоқсанда Брюссельде ЕО жанында Қазақстан Өкілдігі құрылды. Ал араға бір жыл салып, қараша айында Алматыда Еуропалық Комиссия өкілдігі ашылды. Одан кейінгі кезең 1996-2000 жылдар аралығын қамтиды. Бұл аралықта “Қазақстан – Еуропа Одағы” ынтымақтастық кеңесінің бірқатар мәселелер бойынша отырыстары болып өтті. Ал 2000 жылы Еуропа одағы елімізді нарықтық экономикасы бар мемлекеттер қатарына қосқаны белгілі. 2001 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. 2004 жылы Еуропалық Комиссия Еуропа Одағына мүше елдерге қазақстандық 8 кәсіпорынның барлық өнімдерін импортқа шығаруға рұқсат берді. Қысқаша айтқанда, Қазақстан мен Еуропа елдерінің арасындағы ынтымақтастық осылайша оң тұрғыда және үдемелі қарқында қалыптасты.
Бұл жөнінде Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ЕО Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін айта келіп, оның негізі Қазақстан – Еуропа Одағы, Орталық Азия – Еуропа Одағы стратегиялық әріптестік ынтымақтастығында жатқанына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, арадағы сауда-саттықта да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген, тек өткен жылдың өзінде сауда айналымы 30 миллиард АҚШ долларын құраған. Инвестиция салу жөнінен де Еуропалық елдер алда. Әйтсе де, бұл инвестициялық қаржылар, өкінішке қарай әзірге тек отын-энергетикалық кешенге бағытталуда. Осы себепті ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты Еуропаның өркениетті елдерінің назарын елдің ғылыми-өндірістік саласына аудару болды.
Отырыста үйлестіруші болып отырған Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева осы ойды қуаттай келіп, Президент тарапынан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының да ұлттық басымдықтарды Еуропа интеграциясы мен институттық құқықтық реформасының оң тәжірибелеріне жақындата түсуге бағытталып қабылданғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құны 10 миллиард долларға жететін 300 жоба қолға алынуда. Оның үстіне еліміздің Кеден одағына мүше болуымен 170 миллион тұрғыны бар рынокқа шығуға мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, осы аумақтағы ішкі жалпы өнім көлемі 2 триллион доллардан асып жығылады екен. Осының барлығын ескере келгенде, еуропалық инвесторларға үлкен мүмкіндіктер ашылады.
Отырыс барысында сөз алған бірқатар еуропалық елдер елшіліктерінің өкілдері өз елдерінің кәсіпкерлеріне Қазақстан Ресей рыногына шығудың базасы болуы қажеттігі тұрғысынан ойларын ортаға салды. Мысалы, көптеген қазақстандық кадрлар француздық компанияларда өз біліктілігін жетілдіруде екен. Еліміздің әуе компаниялары ұшақтарын қара тізімнен шығару мәселесі де назардан тыс қалмады. Көмірсутегін өндіру мен өңдеу, атом энергетикасын тиімді пайдалану, қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану мәселелері ерекше әңгіме өзегіне айналды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.