Трансплантолог-хирург қандай болуы керек дегенге келсек, иммунология бағытында, заманауи дәрі-дәрмектер, диагноз қою, тексеру тәсілдерінде мол ақпаратпен қаруланған, уақытпен есептеспейтін, білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби әлеуеті жоғары, ойшыл, хирургияның барлық сатысынан өткен, болашаққа жұмыс жасайтын, өмірін осы жолға арнаған фанатты айтамыз. Яғни, кәсіби білікті хирург болу үшін үш нәрсе – терең білім, еңбекқорлық, іскерлік қабілет керек. Кәсіби хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановты осы қасиеттің бәрін бір бойына жиған алтын қолды дәрігер, ағза алмастыру ісінің хас маманы деуге әбден болады.
Әсілінде, қазіргі профессор Баймаханов бала кезінде медицинаға барамын деп мүлдем ойламаған. Экономист, құрылысшы әулетінде тәрбиеленген ол қаржыгер болуды армандаған. Алайда айбатты әке баласына дүниедегі ең абзал, қайырымды мамандық дәрігер екенін кесіп айтады. Көргенді, тәрбиелі ұлға әке сөзі заң. Осылайша Алматы медицина институтына түскен болашақ дәрігер алғашқы екі курста тек химия, физика, философия, саяси экономика пәндері оқытылғандықтан, оқуды тастағысы да келген. Тек үшінші курстан топоанатомиядан дене мүшелері құрылысын оқи бастағанда қызығушылығы оянып, шәкіртақысына клиникалық хирургияның журналдарын сатып алып, кейіннен жаздырып алып оқиды. Әрі факультативті сабақтарға үзбей қатысады. Ал тәжірибеден өтуге ауруханаға барған бұл өзінің жаны қалайтын мамандық екенін түсінеді. Ол кезде диагнозды тек науқастың ауруды сипаттауымен қолмен ұстап қояды. Сонда ғой практикант студенттің қойған диагнозы дәл келіп жататын. Өйткені 6 курсқа дейін жалпы хирургияға байланысты монографиялардың тізімін алып, жүзге жуығын оқып тастаған. Жаңа кітап, жаңа тәсіл шықса үйренуге асығатын. Тіпті ұстазы Сапар Орашов кейде дәріс үстінде: «Болат, дұрыс айтып жатырмын ба?» деп пікірлесіп отыратын. Өйткені көп ізденетінін білетін. Сол кездері алған негізгі базалық білім, оны әрі қарай үздіксіз жетілдіру осы күнге дейін көмегін тигізуде.
– Дәрігерлер көп оқуы керек, – дейді профессор Баймаханов. – Қызығушылық болмаса, еш нәрсені оқи алмайсың. Маған студент кезімде ешкім оқы демесе де қажетті деген оқулық, әдебиеттерді оқуға тырыстым. Мәселен, 80 пайыз жағдайда диагнозды науқастың түр-келбеті, жүріс-тұрысы, жатқан жатысына қарап білуге болады. Бізде қалай, науқас «мына жерім ауырады» дейді, дәрігер сонымен тоқтайды. Әрі қарай ол қалай ауырады: сыздай ма, ашып, бүріп ауырады ма? Әрбір дерт өз белгісін береді.
Мен алдымен науқастан бәрін тәптіштеп сұрап шығамын. Сонда симптомның жүз пайыз жағдайында бір ауруға сәйкес келеді.
Жалпы, медицинада хирургия – элиталық сала. Кейбіреулер үшін жақсы хирург атану оңай сияқты көрінер. Медицинаға келген жастар жалақының аздығынан, болмаса ізденіп оқуды қаламай басқа салаға кетуде. Олар еңбектенсе, кәсіби деңгейін арттырса, танымал маманға айналар еді. Ондай маманды шетелден де іздеп келіп жатады. Ал білім-білігің болмаса, саған кім келеді? Рас, тырысу керек, бірақ ол жаратылысында берілген қабілетке де байланысты. Оқуды қызыл дипломға бітірсе де науқасқа келгенде, білімін қолданып анализ жасай алмай жатады. Қабілет-қарымы жетпейді. Яғни, бұл қабілет-қарым, талант табиғаттан келетін қасиет.
– Қазіргі жағдайда хирург ота жасауға жүз пайыз диагнозбен бару керек. Ал кейбір жағдайда ота үстінде шешім қабылдауға тура келеді. Менің оталарымның 95 пайызы онкологиялық аурулар. Кейде жас адамның екі-үш ағзасын алып тастауға тура келеді. Ота жасаған жөн бе, жоқ жауып қоя салу керек пе? Әрине, қайта жаба салу оңай. Онда адамнан айырыламыз. Тәуекел етсең, артынан асқынулар болуы да елу де елу пайыз. Мықты хирург соны жылдам бағамдауға, қорытынды жасауға қабілетті болуы керек. Жақында екі жастағы қызға ота жасадым. Ұйқы безінің қатерлі ісігі. Бір емдеу мекемесінде ота жасап, ашқан да жаба салған. Диагноз компьютерде көрініп тұр. Егер қолыңнан келмесе, өзіңе сенбесең ондай жауапкершілікті алма. Оны жасайтын адамдар бар. Жақсы, мені тауып келді, келмесе ше? Менің айтарым, қолыңнан келмесе, зияныңды тигізбе, – дейді кейіпкеріміз.
Ақшамен есептелмейтін де дүниелер бар
«Адамның үміт отын жалғап, жүзіндегі қуанышты көру – айтып жеткізгісіз керемет сезім ғой. Егер мен қаржыгерлік мамандықты таңдағанда, әлдеқашан бизнеске кетіп, жағдайым бұдан мың есе жақсы, шалқып өмір сүрер едім. Бірақ бәрібір бүгінгі мамандығымнан тапқан бақытқа жетпейді деп ойлаймын. Жанын саған тапсырып, көзі жәутеңдеп жатқан адамның соңғы үмітін жалғаудан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Оны ешнәрсемен өлшей алмайсың. Ағза алмастырған күні қанша шаршасаң да, ертең науқастың жақсы болатынын біліп шығасың. Сол көңілге зор медет. Науқастың, оның бала-шағасы мен жақындарының қуанғанын көргендегідей рахат сезімді еш жерден сезіне алмайсың. Олардың берген батасы, жүректерін жарып шыққан ізгі ниет-тілектері ешнәрсемен өлшенбейді. Сол баталардың қасиетін қашанда сезініп тұрамын». Міне, біздің кейіпкеріміз осылай толғанады...
Жақсы команда – сенімді тірек
Қазір елімізде 11 трансплантация орталығынан төртеуі ғана қалған. Солардан науқастар негізінен қолы жеңіл, кәсіби шеберлігі кәнігі хирургтерді таңдап жатады. Мұндай маманда – білім, қол, техника, адами қасиеттері – бәрі сай болады. Дегенмен, трансплантация – командалық еңбек. Оны жасақтаудың өзі үлкен мәселе. Олар жетекші хирургтің білім-білігін таңдап келеді. Яғни, жақсы команда – мықты маманға жиналады. Мәселен, бір трансплантацияда науқастың айналасында елу-алпыс адам жүреді. Болатбек Бимендеұлы болса, олардың білімін жетілдіруге шетелге оқуға жіберіп, жағдайын жасап, ештеңеден аянып қалмайды. Міне, осы аса жауапты істі атқару үшін 14-20 сағат бойы аяғыңнан тік тұрып, ақ тер, көк тер болып операция жасау өз алдына, одан кейінгі ем, күтімнің барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін қатаң тәртіп талап етіледі. Ол жағынан профессордың командасына еш өкпесі жоқ.
Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты
Елімізде тұңғыш рет 1979 жылы бүйрекке, 1997 жылы бауырға трансплантация жасалды. Сол кездері Болатбек Бимендеұлы отандық хирургияда өз орны бар академик Мұхтар Әлиевпен бірге трансплантация жасауға қатысқанымен, нәтижесі дұрыс болмаған соң тоқтайды. Бірақ осыдан сегіз жыл бұрын мүше алмастыруды қайта қолға алған ол Алматыдағы №7 қалалық ауруханада бүйрек, бауыр трасплантациясын жасауға кірісті. Бүгінде еліміздегі трансплантологияда Болатбек Бимендеұлынан көп ота жасаған дәрігер жоқ. Қазірге дейін 450 бүйрек пен бауыр алмастырды. Оның 70-сі бауырға жасалды. Бүйрек пен ұйқы безін бір мезетте алмастырған да профессор Баймаханов. Сондай-ақ Қазақстан тарихында тұңғыш рет 9 айлық балаға бауыр трансплантациясын ешқандай шетелдік дәрігерлердің көмегінсіз жасап, осы күнге дейін 24 баланың өмірін сақтап қалған. Ал жақында дүние жүзінде алтыншы мемлекет болып Қазақстан бір емес, екі туыстық донордан бауырларының бір-бір бөлігін алып, бірегей күрделі ота жасады. Бұл – еліміздің трансплантация саласын дамыту ісіндегі зор тәжірибе.
– Нәтижеміз жақсы, жаһанға мақтанып айтуға тұрарлық, – дейді әңгімесін жалғаған хирург мырза. – Тіл көзден сақтасын, туыстық донордан қайтыс болғандар жоқ. Ал операциядан кейінгі науқастардың өмір сүру мерзімінің нәтижесі дүниежүзілік деңгейге сәйкес келуі де еңбегіміздің жемісі. Қалай дегенде де, қайтыс болған адамнан мүше алмастыруға қарағанда, туыстық донор өте күрделі ота. Өйткені екі бірдей адамның өміріне жауаптысың. Шетелде негізінен қайтыс болған донормен жұмыс жасайды. Ал бізде ет жақындары донорлыққа рұқсат етпейтіндіктен, шамамен жүз пайыз туысқандық алмастыру. Қазір шетелдіктер біздің нәтижемізді көріп, үлкен құрметпен қарауда. Өйткені мықты хирургтер әлемде санаулы. Солардан үйреніп, қазір өзіміз де сол деңгейге жеттік. Жасаған оталарымыз олардан артық болмаса да, кем емес. Кезінде біз олардан үйренсек, қазір біреуді үйретуге қол жеткіздік. Бөле-жара айтатын жағымды жаңалық, Болатбек Бимендеұлы ағзаны алмастыруға машықтанғаны сонша, қазір туыстық донордан бүйректі кеспей, лапароскопиямен алу жағынан дүние жүзінде бестікке кіреді. Ал жасаған операцияның жылдамдығы бойынша әлемде бірінші орында. Мәселен, мықты деген Кореяның білікті хирургі Т.К.Пак донордан мүшені үш сағатта алса, Баймахановтың қолының шапшаңдығы 40-45 минутқа жетеді. Қалыпты жағдайда ол ота 5-6 сағат жасалса керек. Болатбек Бимендеұлының шәкірт туралы өз ойы бар. Шәкірттің бақыты – жақсы ұстазға жолыққаны. Хирургияда жолын ашқан алғашқы ұстазы Мұхтар Әлиев осы орталыққа жұмысқа келгенде жас дәрігерді ординатурада қалдырып, кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғатады. Сондай-ақ профессорлар А.Шүленбаев, Ш.Жураев, М.Сейсембаев, шетелдік профессорлар В.Вишневский, Субаш Гупта, Ли Кванг, Т.Пакты айнымас ұстаздары санайды. Бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеуде. Қазір командада бүйрек алмастыруды жастардың өздері жасайды. Бауыр трансплантациясында біраз деңгейге дейін шәкірттеріне сеніп тапсырады, нәтижесі жақсы. Жүректің анасы – бауыр Мамандардың айтуынша, адамның бауыры ең қайырымды ағза болып саналады. Өйткені кесілген бауыр уақыт өте өсіп, өз қалпына келеді екен. Техникалық жағынан жүрек, бүйрек ауыстыруға қарағанда, бауыр трансплантациясы өте күрделі. Жүрек алмастырудың оңтайлылығы – одан шығатын төрт қолқа тамырдың диаметрі өте кең. Ал бауырдың тамырлары аттың қылындай өте жіңішке, нәзік. Оған қоса өт жолдары бар. Тамырдың бәрін микроскоппен 14-20 сағат аралығында аяғыңнан тік тұрып тігіп шыққанда көздері қарауытып шығады. Ең басты жауапкершілік – бауырын берген донорға зиян тигізбеу.«Марапатты бізге емес, дәрігерлерге беру керек»
Болат Бимендеұлы отыз жылдан аса қолынан қандауыры түспей денсаулық күзетінде жүрген ай емес, күн, сағат санап соңғы демін күтіп, өлімнен хабар күтіп жатқан жақындарына бауырын қақ бөліп берген жандарды көп көрді. Бұл бүгінгідей баласынан безінген тасбауыр әке, тасбауыр ана,
тасбауыр бала көбейіп келе жатқан заманда адам мейірімнің, бауырмалдықтың биік үлгісі екені анық. Сондықтан ол туыстық ағза алмастыруға келіскен сол адамдардың осы қадамын батырлыққа балап, ерліктерін атап өтуді ойластырады. Осылайша Болатбек Бимендеұлының идеясымен орталық әлемде тұңғыш рет бауырының бөлігін өз еркімен сыйлап, адамның өмірін ұзартуға баға жетпес үлес қосқан донорларды марапаттау рәсімін үлкен салтанатпен атап өтті. Онда 2011-2016 жылдары бауырын берген 40 донор мен 40 реципиентке «Бауырымды – бауырыма сыйлаймын» естелік медалі табыс етіліп, ерекше құрмет көрсетілді. Бұл шарадан көңіл тебіренбеуі мүмкін емес еді. «Жанымызды шүберекке түйіп екі дүниенің ортасында жатқанымызда бауырлардың бауырын бөліп бергені өз алдына, ең алдымен елімізде осындай күрделі отаны жасауға мүмкіндік беріп, дәрігерлерді оқытып, тегін ота, тегін ем-домын жасатуға қамқорлық көрсеткен Үкіметімізге, профессор Баймахановқа шексіз ризамыз», деген сондағы көпшілік мұндай медальды Алланың рақымымен екінші өмірді қайта сыйлаған дәрігерлерге беру керектігін де Денсаулық сақтау министрлігіне құлаққағыс қылған еді. Расында да, бізде кейде осындай бірегей таланттардың еңбегі бағаланбай жатады. Медицина шексіз мамандық. Міне, осы шексіздікте әр дәрігер өз биігін бағындырады. Дәрігерлер, әсіресе кәсіби хирургтар – бейбіт өмірде қаһармандық қадамға баратын кадр сыртындағы батырлар. Болатбек Бимендеұлы да сондай батырлардың бірі. Бірақ ол жалғанға жар салмайды. Қарапайым қалпынан бір айнымайды. Тек өзі емдеген адамдардың шын жүректен айтқан алғыстарын естігенде ғана көңіліне қанат біткендей марқаятыны, масаттанатыны бар.Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»