Өкінішке қарай, +91 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қамшыбек Қоңқабаев Өзбекстанның өкілі Баходир Жалоловтан жеңіліп қалды. Иә, Жалоловтың мықты боксшы екеніне күмәніміз жоқ. Ол – 2015 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионы, 2016 жылы Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жетті. Сонымен қатар, Баходир кәсіпқой рингте алты кездесу өткізіп, алтауында да айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Десек те біздің Қамшыбек те қатардағы көп боксшының бірі емес. Ол – 2017 жылы Азия және әлем чемпионаттарында күміс медальді иеленді. Құрлықтың басты додасында қандасымыз дәл осы өзбекке есе жіберген еді. Бұл жолы да Баходир Жалоловтың мерейі үстем болды. Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальді иеленді.
Жалпы командалық есепте Өзбекстан құрамасы алдымызды орады. 4 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалаған олар көш бастады. Қазақстан екінші орынды иеленді. Біздің жігіттер 2 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қанжығаға байлады.