• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Сәуір, 2019

Заманауи театр безендірілуінің бірнеше нұсқасы талқыланды

1312 рет
көрсетілді

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кеңесте облыс орталығында салынып жатқан заманауи 500 орындық қазақ театры ғимаратының құрылыс барысы талқыланды.

Жиында  мәдениет нысанының дизайны бойынша алматылық мердігерлер әзірлеген үш жоба таныстырылды.  Оның бірін «ПС Акцент» компаниясы ұсынғанымен, сәулетшілердің жұмысы комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан жоқ.

«Көрермен мәдениет ошағына кіргеннен-ақ классикалық, яғни ғасырлардан бері қалыптасқан стильді сезінуі тиіс. Ал сіздер дайындап әкелген жоба заманауи үлгіде  ғана жасалған. Әрі болашақ театрдың макеті өңірімізде салынып жатқан өзге нысандардан еш ерекшеленбейді», деді Құмар Іргебайұлы.

Қалған екі жоба бойынша да бірқатар сындар айтылды.  Алқалы бас қосуда жоба иелері мәдениет ошағын классикалық стильде әзірлеп, іші , сырты  алтын түстермен безендірілуі қажет деген шешім алынды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев ғимаратты ұлттық нақышта тұрғызуды ұсынды.

Солтүстік Қазақстан жылқыны  алғаш қолға үйреткен өңірлердің бірі болғандықтан,  безендіру кезінде жылқы мүсінін қосу жөнінде ойлар айтылды. Үлкен субұрқақ орнатылып, айнала жасыл желекпен безендіріледі.

Бүгінде ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары басталып кеткен. Оған елордалық «DBK-engineering» компаниясы жауапты. Қажетті заманауи қондырғыларға тапсырыс беріліп, Канада және Еуропа елдерінен жеткізілмек.

Болашақ  қазақ театрының аумағы  1,5 гектарды құрайды. Қоңыр күзге таман пайдалануға беру жоспарланған.