• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 29 Сәуір, 2019

Елбасы және Ассамблея: Татулық пен келісім жолы

3276 рет
көрсетілді

Бүгін Бейбітшілік пен келісім сарайында­ Қа­зақ­стан халқы Ассам­блея­сының XXVII сессиясы өз жұмысын бас­тайды. Биылғы бас­қосудың негізгі та­қы­ры­бы – «Татулық пен келісім формуласы: бір­лік және жаңғыру». Осы оқиғаның алдында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев құрған қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық моделін тағы бір ойша саралап, түсіну­дің маңызы зор.

Көпэтносты Қазақстан үшін тұрақ­ты­­­лықты, этносаралық келісімді қамта­масыз ету – мемлекеттік саясаттың ма­ңызды ба­сымдықтарының бірі, әлеу­меттік-эко­номикалық және саяси рефор­маларды жүргізудің негізгі міндеті бол­­­­ды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­ беделді халықаралық сарапшылар Қа­зақ­станның этностық және діни қақ­тығыстар салдарынан ыдырап кетуі мүм­кін деген болжамдар айтқанын көп­­шілік ұмыта қойған жоқ. Збигнев Бже­зинский өзінің «Ұлы шахмат тақ­тасы» кітабында Қазақстанды «Еу­ра­­зия­­лық Балкандар», яғни, этно­кон­фессиялық сая­­си қақтығыстар салдарынан тас-тал­қан болып бөлінуі мүмкін ел­дердің қа­тарына жатқызған еді. Бірақ бұл пес­симистік болжамдар орындалған жоқ. 

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері халық­­тың бірлігін қамтамасыз етуге бағыт­талды. Бұл саясаттың өмірде іске асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінде көрі­ніс тауып, ол халықаралық тұрғыдан мойын­далды. Оның бірқатар айрықша ерекшелік­­терін атап көрсеткен жөн. 

Біріншіден, ҚР Конституциясында этносаралық және конфессияаралық қа­ты­настар саласын толықтай реттейтін нормалар бар. Ол «біз, Қазақстан халқы» деген сөздерден басталады, бұл әуел бастан-ақ елдің барлық азаматтарының ортақтығы идеясын білдіру үшін жа­зылған. Бұл ретте бізде аз ұлттар ұғы­мы қолданылмайды. Біз біргеміз, бір­тұтаспыз және үлкен ұлт немесе кіші ұлт деп бөлінбейміз. 

Негізгі Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі прин­­циптерінің бірі «қоғамдық келі­сім» деп жария етілді. Барлық азамат­тар­дың, олардың ұл­тының қандай еке­ніне қа­рамастан, құ­қық­тары мен бостан­дықтарының теңдігі бекітілген. 

ҚР Конституциясының 39-бабын­да, 2-тармақта «ұлтаралық және конфес­сияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп та­нылады» делінген.

Осылайша, біздің еліміз әу бастан-ақ мәдениеттердің, тілдердің, халық дәстүрлерінің алуан түрлілігін мойындай отырып, азаматтық қоғам құру жолын таңдады. Қазақстандық бірегейлік – жалпыазаматтық құндылықтарды, экономикалық, әлеуметтік және мәде­ни мүмкіндіктер теңдігі жүйесін орнықты­руға негізделген.

Екіншіден, мемлекет ұлттық сая­сат­тың ойластырылған стратегиясын іске асыра отырып, дәйекті түрде эт­нос­аралық қатынастар саласындағы тұ­рақтылықтың кепілі. Бұған мына фактілер дәлел болады: Тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде тек ҚХА қызметіне қатысты мәселелер бойынша Конституцияға, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға екі рет тү­зетулер қабылданды. Президенттің 10-нан астам Жарлығы шықты. ҚХА-ның орта мерзімді кезеңге арналған (2011 жылға дейін) стратегиясы іске асырылды, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды.

Бұдан басқа, мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасы, «Этнос­аралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылға арналған бағдарламасы», бас­қа да құжаттар әзірленіп, іске асырылды. Яғни, этносаралық келісім мәсе­ле­лері мемлекет пен қоғамның бас­ты назарында. Осының арқасында Қа­зақстан бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің ең теңдестірілген және тиімді жүйелерінің біріне ие болды. Ол Елбасы белгілеген келесі негізгі қағидаттарға негізделген: 

- мемлекеттің мүлтіксіз дамуының, өзара сыйластық пен қоғамның жауапкер­шілігін сақтаудың мызғымастығы; - Қазақстан халқының бірлігі; - этностық, конфессиялық, мәдени және тілдік әралуандық;  - қазақ халқының біріктіруші рөлі;  - барша этностарға мәдениетті, тіл­дер мен дәстүрлерді дамыту үшін бар­лық қажетті жағдайлардың жасалуы.

Үшіншіден, Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында этностық және діни қатыстылығына қарамастан, аза­мат­тық тең құқықтылықтың нақты инс­­­­титу­ционалдық тетіктері құрылып, дәйек­ті­лікпен жетілдірілуде. 

Негізгі институт – 1995 жылы кон­суль­тативтік-кеңесші орган ретінде құ­рылған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оны құру идеясын Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылы өткізілген Қазақстан халық­тарының I форумында жария еткен болатын. 2007 жылғы конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық мәрте­бесі бар мекеме ретінде бекітті. Ассамблеяға кепілді түрде парла­мент­тік өкілдік қамтамасыз етілді, ал ол сайлайтын Мәжілістің 9 депутаты Қазақстанның этностық топтары мүдделерінің бар­лық жиынтығын құрады. Мәжілістің қа­зіргі шақырылымында 31 адамнан тұратын ҚХА депутаттық тобы жұмыс істейді, оған Парламенттегі бар­лық партиялардың өкілдері кіреді. Облыстық мәслихаттарда да осындай топтар құрылған. 

2008 жылғы қазанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, ол оның қызметін нормативтік-құқықтық реттеуді, орталықтағы және өңірлердегі инс­титуционалдық вертикаль бірлігін қам­тамасыз етті. 

Ассамблея қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және қоғамдық келісімнің конс­титуциялық қағидатын іске асыру тетігі ретінде әрекет етеді, бұл – азамат­тық­ қоғам мен мемлекеттің диалогтық алаңы. Оның қызметі қоғамдық келісім мен бірлікке қатысты Конституция норма­ларының толық, табысты және сөзсіз іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, ҚХА құрылған сәті­нен бастап өз қанатының астында елеу­лі қоғамдық инфрақұрылымды қалып­тастырып, біріктірді. 

Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен 1025 этномәдени бірлестік (ЭМБ) жұмыс істей­ді, оның ішінде 28-і республикалық мәр­тебеге ие. ЭМБ активі – 348 мың адам. Елімізде 40 Достық үйі, ал Алматы қала­сында – Республикалық Достық үйі Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталығы ретінде жұмыс іс­тейді. 2009 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша ҚХА Ғылыми-сарап­тамалық кеңесі (ҚХА ҒСК) құ­рылды. Оның құра­мында 52 ғалым, зерттеу институт­тарының басшылары мен қоғам қайрат­кер­лері бар. Барлық өңірлерде ғылыми-сараптамалық топтар құрылып, олардың қызметіне 300 ғалым мен сарапшылар тартылған. Бұл топтар үшін өңірлік жо­ғары оқу орындары ғылыми базалар болып табылады. 

ҚХА ҒСК-нің ғылыми-әдістемелік және білім беру базасы – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, онда Этносаралық және кон­фес­сияаралық қатынастарды зерттеу орта­лығы ашылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафе­дра­ла­рының қауымдастығы құрылды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен колледждерінде ҚХА 42 кафедрасы жұмыс істейді. Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА ғылыми депозитариі бар, онда 1400-ден астам дереккөздер қамтиды, олар­дың көпшілігі электронды форматта. 

Барлық өңірлерде Ассамблеяның қам­қорлығымен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың ұжым­дарында 3014 Қоғамдық келісім кеңесі және 1753 Аналар кеңесі құрылған. Олар жергілікті жерлерде, халықтың өзекті мәсе­лелерін шешуге, соның ішінде қақ­ты­ғыс­тардың алдын алу саласында белсенді қа­тысады. 

ҚХА қызметінің бір бағыты – қоғам­дық келісім саласында медиацияны дамыту. Инклюзивті желіге 1 респуб­ли­калық және 32 өңірлік кеңес, сондай-ақ 628 медиация кабинеті кіреді. ҚХА медиаторларының саны – 863.

Ассамблея қайырымдылықтың да­­­­муы­на жәрдемдеседі. Жыл сайын­ қа­йы­рымдылық ұйымдары мен донор­ла­рының жалпы республикалық науқаны мен «Қайырымдылық керуені» форумы өткізіледі. 2018 жылы тұтастай ал­ған­да ел бойынша 17 мыңнан астам қайы­рымдылық іс-шаралары болып өтті, 400 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге тең болатын көмек жа­салды. 

2017 жылы меценаттық және қайы­рымдылық қызметін дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Жомарт жан» төсбелгісі тағайындалды. 2017-2018 жылдарда бұл төсбелгі 78 меценатқа табыс етілді.

2011 жылы «Қазақстан халқы Ас­самблеясы кәсіпкерлерінің қауымдас­тығы» құрылған болатын. Оның респуб­ликаның барлық өңірлерінде өкілдіктері бар. Қауымдастықтың қызметі бизнес-жобаларды қолдауға, инновацияларды, жаңа технологияларды, инвестицияларды тартуға және енгізуге, кәсіпкерлік топтарды шоғырландыруға бағытталған.

2017 жылдан бастап Ас­сам­блея­ның жаңартылған көпфункционалды assembly.kz веб-порталы іске қосылды.

2018 жылдың наурыз айында ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қоз­ғалысы құрылды. Барлық өңірлерде оның этномәдени бірлестіктердің 135 жастар қанатын біріктіретін өңірлік штаб­тары, 22 мыңнан астам белсенді мүшелері тіркелген.

Бесіншіден, этностардың мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалған.

Ұлттық театрлар: ұйғыр, корей, не­міс, өзбек театрлары табысты еңбек ету­де. Алғашқы үшеуі 2017 жылы «акаде­миялық» деген мәртебеге ие болды. 

Республикада этномәдени бірлестік­тердің 52 БАҚ-ы тіркелген. Ең ірі рес­публикалық газеттер мемлекеттің қол­да­уымен жарық көреді.

Қазақстандық этностардың мәдение­тін, дәстүрлері мен тілдерін дамытуға қолдау көрсету үшін мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс бөлінеді.

Осылайша, Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-бас­қарушылық жүйесі қалыптасты. 

Бүгінде елдегі этносаралық қатынас­тар тұрақты. Әлеуметтік мониторинг деректері бойынша, респонденттердің 93%-­ға жуығы өзара достықты қо­лай­­лы жә­­не тыныш деп бағалайды, осы­ са­ладағы мем­­­­лекеттік саясатты­ қол­дау деңгейі де ша­­­­мамен 93%. Рес­­пон­дент­тердің 97,0%-ы өзінің бір­тұтас Қазақ­стан халқына жата­тынын мақ­та­ныш­пен ай­тады. Биылғы жылдың басында қоғамдық сананы, әлеуметтік саясатты жаңғырту міндеттерін көрсететін ҚХА дамуының жаңартылған тұжырымдамасы (2025 жылға дейін) қабылданды. Әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұ­мыс­­тардың 2018-2020 жылдарға ар­нал­ған жиынтық жос­пары дайындалды. Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ассамблеялары үшін үлгілік мо­дель ретінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту бағдарламасы іске асырылуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын ілгерілету бойынша ағартушылық жоба әзір­ленді. ҚХА «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында 2018 жылы барлық алты жоба бойынша 770-тен астам іс-ша­ра өткізілді. Ассамблея «Қазақтану» мә­­дени-ағартушылық жобасы, «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» тарихи-эко­логиялық жобасы сияқты өз жобалары мен акцияларын да өткізеді.

Еліміздің жаңа тарихының шешуші кезеңдерінде Ассамблея әрдайым тұ­­рақ­­­тандырушы және біріктіруші рөл ат­­қарды. Қазақстан халқы ық­пал­дасты­ғының бағыттары мен векторларының барлық спектрін көрсете отырып, Ассам­блеяның қоғамдық-саяси рөлі күрделене түседі. Біріншіден, әлеуметтік әл-ауқаттың ұлттық моделін қалыптастыруда Ассам­блеяның әлеуметтік маңызы артады.  Бұл қоғамның рево­люциялық емес, эволюциялық дамуы­на алғышарттар жасайтын құрал ретінде қайы­рымдылық пен медиацияны дамы­туға оң әсер етеді. 

Сонымен қатар этностық ортада кәсіп­керлікті дамытуға және этностар­дың та­рихи отандарымен экономикалық ын­тымақтастықты пайдалануға баса назар аударудың маңызы зор. 

Екіншіден, Қазақстан халқы Ас­сам­­­блеясы қоғамдық сананы жаңғырту және осы процеске барлық қазақстандық этнос­­­тарды тарту процестерінің драй­вер­лерінің бірі болып табылады. Бұл ретте «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала» сияқты жобаларды іске асыру елдегі мәдени-тілдік ортаны одан әрі үйлестіруді, ортақ құндылықтардың, мақ­саттар мен міндеттердің бірлігін қамта­масыз етуге бағытталған.

Рухани-мәдени интеграция үдеріс­терінің маңызды құрамдас бөлігі – тарихи сананы жаңғырту барлық этностарды біріктіруші бірлік негіздері, біздің дүниетанымымыздың, халықтың өткені, қазіргі күні және болашағының іргелі негізі болып табылады. 

Үшіншіден, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы XXI ғасырда азаматтық біре­гейлікті қалыптастырудың және оны ел азаматтарының әрбір жаңа буынында молайтудың маңызды тетіктерінің бірі болып қалады. Жаһандану жағдайында бұл егемен­дік пен тәуелсіздікті сақтау шарттарының бірі, ұлттық қауіпсіздік факторы болып та­былады. Осылайша, алдымызда қоғамда бей­­біт­шілік пен келісімді қамтамасыз ету­­де, жан-жақты жаңғырту үдерісте­рінде Ассамблеяның рөлін одан әрі кү­шейту бойынша жұ­мыстар, сондай-ақ қазақстандық қоғам­ды рухани жаңартуға белсенді қатысу мін­деті тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының  бүгінгі сессиясы – Тұңғыш Прези­дент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев­тың және іс басындағы Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен өтетін ма­ңыз­­­­ды қоғамдық-саяси шаралардың бірі. Сессия қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі ны­ғайтуды қамтамасыз етуді мұрат етеді. Онда ҚХА алдына жаңа міндеттер қо­йылады. Сондықтан алдымызда бізді ұлттық бір­лікті, бейбітшілік пен келісімді ны­ғайту жөніндегі Елбасы бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету мәселеле­рінің барлық саласы бойынша жауапты жұмыс күтіп тұр.

Халық Ассамблеясы Нұрсұлтан На­зар­­­баевтың жеке бастамасы бойынша құ­рылған біріктіру мен ықпалдастықтың бірегей институты және солай болып қа­ла береді. Ол әу баста-ақ қоғамдық өмір­мен астаса өріліп, жоғары позицияға ие болды. Алдыңғы сессияда сөйлеген сөзінде Елбасының Ассамблея біздің елі­міздегі бейбітшілік пен келісімнің шынайы сақтаушысына айналғанын атап өтуі кездейсоқ болмаса керек!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы  Төрағасының орынбасары –  ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі