• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2019

«Жолбарыс сынды ақырғы, Оспан батыр атылды»

3321 рет
көрсетілді

Сәуірдің 29-ы – «Жолбарыс сынды ақырғы, Оспан батыр атылды» деп ақын Жәркен Бөдеш жырлағандай, ХХ ғасырдың 40-жылдары Шыңжаң-Алтай қазақтары арасында өрбіген ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшысы Оспан батыр Исламұлының атылған күні. Сонымен қатар биыл асылзаданың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы орайда Алматы қаласында тұратын батырдың туған немересі Өркен Нәбиұлымен сұхбаттасқан едік.
– Өркен мырза, әңгімені әуелі өзіңізді таныстырудан бастасақ?

– Менің әкем Нәби батырдың үшінші ұлы. 12 жасында қолына қару алып әкесі қолға түскен 1951 жылдың соңына дейін 11 жыл аттан түспепті. Жарықтық 2002 жылы 74 жасында дүниеден өтті. Өз ба­сым 2003 жылы атажұртқа оралып, Түркіс­тандағы Ясауи атындағы Қазақ-тү­рік университетін «Халықаралық қаты­нас­тар» мамандығы бойынша 2008 жылы бі­тірдім. Қазір жеке кәсіппен айналысып жүр­мін. 2011 жылы шаңырақ көтердім, үш балам бар. 

– Сіз маман тарихшы болмасаңыз да көтеріліске бастан-аяқ қатысқан ті­рі куәгер әкеңіз Нәбидің әңгімесін көп тың­­дадыңыз, жоғарыдағы ұлт-азаттық қозға­лыстың басталуына себеп болған дү­ние не? 

–  Сіз айтып отырған ұлт-азаттық қоз­ғалыстың себебін сол тұстағы әлем­дік геосаяси кеңістік ауқымында қа­ра­ған дұрыс. Мысалы, 1937 жылы Кеңес Одағының басшысы И.В.Сталин «Ха­лық жау­ларының көзін жою» туралы үкім шы­ғарды. Осы саяси науқанға Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жа­қып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанбек Қожанов, т.б. қазақтың бетке ұстар азаматтары ілініп кетті. Дәл осы қуғындау шарасының жалғасы 1938 жылдың аяғында Қытай қазақтарына жүргізіліп, бұған Алтай қазақтарының рухани ақылшысы Ақыт Үлімжіұлы, хан тұқымы Шәріпхан Көгедаев, атақты дала билері Мәнкей, Әлен, Халел бастаған 200-ден астам атқамінер мықтылар ілікті. Ақыт қажы Үрімжі түрмесінде өлтірілді. Алтайлықтардың дүрк етіп көтерілуіне себеп болған дүние осы. Көтерілістің арқа­сында қытай қазақтары сталиндік нәу­­беттен аман қалды. Әйтпегенде көп қа­зақ­тың басы кетер еді. 

– Түсінікті. Кө­терілісті бастаған кім­дер? 

– Көте­рілісті бастаған Есімхан және Ақте­ке деген дала билері. Ақыттың өлгені тура­лы хабарды естіген халық қайтерін білмей толқып тұрғанда Көктоғайдың Өндір­қарасында отырған Оқан зәңгінің үйі­не қасында оншақты нөкері бар аудан әкімі Чүй Ер Лан келе қалмай ма. Ашуға булыққан 40 шақты адам Есім­хан­ның бас­тауымен Оқанның үйіне қа­рай беттейді. Мұндағы қытай ұлықтары ста­линдік репрессияның дайындығы ретін­де ел арасындағы беделді тұлғаларды тізім­деу­ге шыққан тәрізді. Осыны аңдаған халық Оқанның үйіне басып кіріп, аудан әкімі­нің басын кесіп алады. Дәл осы тұста Шәкуіртінің қара Бұлғынында отырған Ха­лел ауылында Сарноғай дейтін ұлық бас­қарған бір топ қытай қонып жатады. Бұлар­дың басын Ақтеке бастаған жігіттер кесіп тастайды да, адамдарын бастап Есімхан­ға қосылады. 

– Бұл кезде Оспан батыр қайда жүр? 

– Жоғарыдағы Оқанның үйін басып алған 40 адамның бірі Оспан. Ол кісі бұл толқудың басы екенін аңғарса керек, дереу қыс ішінде асудағы қарды бұзып, жалғыз өзі Ышқынты жайлауына тартады. Себебі бірнеше жылдың алдында Оспан Қобда бетіне ұзатылған жалғыз қарындасы Дариғаның жасауын жеткізіп беруге барады. Қайтар жолда шекара күзетіне тұрған моңғол әскерлерінің қолына түседі. Олар батырды заставаға қарай айдайды. Жол ортада Оспан әскерлерге ымдап дәретке отырам дегенді ұқтырады. Белін шешіп жеңілдеп, дәретін алып болған соң екі жасауылды ұрып жығып, бесатарын оғымен олжалап тайып тұрады. Мылтықты ел көзі­нен жасырып, Ышқынты жайлауы­на, тастың қуысына тығып қояды. Ел көте­ріл­ген­­де қараса, адамдардың қолында бақан-қам­шы­дан басқа түк те жоқ. 

Кешікпей көтерілген елге басу айтып Үрім­жіден Жанымхан төре келеді. Ол айта­ды: «Сендер бүлікті тоқтатып, Үрімжіге барыңдар, онда үлкен жиын болады. Талап-тілектеріңді сол жерде айтасыңдар». Бұл істің артында шикілік барын білген Оспан қасына үлкен ұлы Шердиман мен досы Сүлеймен Бектұрұлын қосып алып, тау­ға шығып кетеді. Бұлар қарап жатпай қару-жарақ артқан керуенді тонайды. Сөй­тіп Оспанның аты шыға бастайды.

– Үрімжіге барғандар не болды?

– Барған жер­де бәрін зын­дан­ға тастайды. Ол жерде көбі өліп, аман шыққан бірер адам Ос­пан­­ға қосылады. Ақтеке мен Ырысхан да сонда өледі. 

– Яғни, Есімхан мен Ақтеке өлген соң көтеріліс тізгіні Оспанның қолына көшті. Сөйтіп 1940 жылдың соңында жап­­пай атқа қонған көтерілісшілер не іш­тен, не сырттан келер көмек жоқ, гомин­­­дан әскерімен төрт жыл аюдай арпа­­лысты. Осындағы шайқас барысы туралы әкеңізден естіген әңгімелерді ес­ке түсірсеңіз?

– Әкем Өр Алтайдың етегіндегі Қал­жыр өзені бойында сұмдық қырғын болды дейтін. Жау өзеннің арғы бетін иеле­ніп алған, өткелге келген елге оқ жаудырады, ел кері бұрылса, ол жақты да жау қоршаған. Балалы-шағалы көш өзеннің ортасында тұрып қалды. Жаудың оғы судың бетіне түскенде кәдімгі жаңбырша жауып тұрыпты. Осы оқиға жайлы анам «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген ғой, осы сұмдықтан тірі шықтық, деп көзінің жасын сүртіп отыратын. 

Осы шайқаста Нәби бірінші болып жағаға ілігіп, жалғыз өзі жаудың бетін қайтарыпты. Артынан сарбаздар да келіп екі жағалауды бітеп тұрған пәленбай жүз әскерді түре қуып Қалжырға тоғытыпты. Осы соғыста Рахметолла деген адам жамбасына оқ тиіп, суда қалып қойыпты. Өлген адам сияқты суда бір күн, бір түн қалқи ағып құтылыпты. Жарықтық 2009 жылы қайтыс болды.

Бізбен көрші отырған Зарықхан деген қария болды. Өзі керемет мерген. «Бірде терең сайды өрлеп келе жатыр едік, тарс еткен мылтық дауысы естілді», дейді Зақаң. – Қарасақ, сайдың екі жақ биік қабағында қаптаған қытай. Бізді қоршап алыпты. Жылғаның табанына жата-жата қалдық. Маңайымыз жұдырықтай тасқа толы екен. Бір-бір тасты бетімізге қалқан етіп ұстап алғанбыз. Бірдеңе тарс еткендей болды да, көзімнің оты жарқ етті. Есімді жиып қарасам, жау жаққа қаратып ұстап жатқан мылтығымның дәл ұңғысын кеу­леп кірген оқ, ұңғыны екі жаққа айырып кетіпті. Шалқалап жатып-ақ жауды қырып жібердік. Терімізді сүртіп қарасақ, көзкөрім жерде бір төбенің басында бекініп алған біреулер оқ жаудырып болмайды. Содан әлгі жігіт намыстанып, төбеге қарай тіке шапқаны. Сасқалақтап қалдым... қол мылтығымды оқтап алып, артынан мен де шаптым. Құрдасым арқан бойы алда кетіп барады. Бір кезде ол оқ тиіп аттан ұшып кетті. Келесі оқ маған тиерін білдім де өтірік аттан ұшып түсіп, жата қалдым. Төбеде жасырынған үш адам екен. Олар баспалап оқ тиген жігіттің қасына келіп қатарласып тұра қалды. Дәл осы сәтте аунап түстім де, үшеуінің қатарын бұзбай атып жібердім. Жалғыз оқ үш қытайды түйреп өте шыққаны. Сөйтіп бір оқпен үш қытайды атып алдым дейтін. 

– Менің білуімше, 1944 жылға дейін Оспан жаумен жалғыз өзі соғысты. Осы жылдың басында Сталин көтері­ліс­ші­лер­ге көмек қолын созды. Бұл жайлы не білесіз?

– Бұл оқиға тарих бетіне қатталған. Елдің көбі хабардар деп ойлаймын. Десе де айтарым, Шыңжаң билеушісі Шен Шицай Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес армиясы сөзсіз жеңіледі деп ойлады. Сөйтіп 1943 жылдың басында Шыңжаңда қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандар мен әскери күштік құрылымдарын елден аластатып, оның орнына Чан Кайши басқарған гоминдан әскерлерін енгізді. 

Шығыс Түркістан өлкесі қолдан шы­ғып бара жатқанын аңғарған Сталин мұн­да­ғы гоминдан әскеріне қарсы тұрған жалғыз күш Оспан батырды қолдау қажет деген шешім шығарды. Нәтижесінде Сталин­нің басшылығымен 1944 жылы қаңтар айының 22-сі күні Молотов, Иванов, Чой­балсандар қатысқан жиын өтіп, Шың­жаң­дағы гоминдан күшін әлсіретудің жолы Оспан бастаған көтерілісшілерді пайда­лану дегенге тоқталады. Сталин дереу армия генералы А.Антонов пен Забайкалье әскери округінің қолбасшысы М.Ковалевті шақырып алып, Чойбалсан арқылы Оспанға беретін қару-жарақтың мөлшерін айтып, дереу орындаңдар деген бұйрық береді. Наурыздың 5-і күні маршал Чойбалсан көтеріліс басшысы Оспан батырмен жолығып, ертеңінде наурыз айының 6-сы күні тапсырманың орындалғаны туралы: «Мәскеу. Жолдас Сталинге. Оспан туралы толық мәлімет алдық. Ол сөзге сараң, секемшіл, діндар, тақуа адам екен. Қару-жарақты түгел тапсырдық. Қатты риза болды. Оспан кешікпей Алтай аймағын гоминдан әске­рі­­нен азат етуі тиіс...» деп Мәскеуге сүйін­ші­леген радиохабар жіберген. 

– Яғни Сталин өзінен бет бұрған Шыңжаң билеушілеріне сес көрсету үшін, Чойбалсан болса, еліне төніп келе жат­қан гоминдан шапқыншылығын тоқ­тату үшін Оспанға жүгінді. Оспан да қарап қалған жоқ, олардың қару-жара­ғын пайдаланып, 1945 жылы Алтай айма­ғын жаудан тазартып, жеке уәлаят құ­руға ұмтылды...

 – Барлық қайшылық осы кезден басталған сияқты. Өйткені Оспан батырды өз жағына тартушылар көп болды. Бір мысал айтайын, 1944 жылы батырға Моңғол елінің басшысы Чойбалсан өз елінің ең жоғары наградасы Қызыл Ту орденін табыстайды. Орденді олай-бұлай ұстап көрген батыр: – Мынаны біздің жақта теңге дейді, мұны қатындар шылауышына тағады, мен жылтырақ тағатын қатын емеспін, – деп пеш түбінде тезек көсеп отырған әйелге: – Мә, Бәтіш қарағым, мынаны сен ала ғой, – деп лақ­ты­рып жіберіпті. Келесі 1945 жылы көте­рі­ліс­шілер Алтай аймағын азат еткен тұста Үш аймақтың әскер басшысы генерал Ысқақбек Мононов та Оспанға ең жоғары атақ «Азаттық» орденін береді. Батыр тағы да мырс етіп күліп: «Теңге-моншақты біздің елде тек қыз-келіншектер тағады» деп, оны да әйеліне лақтыра салыпты.

Бұны неге айтып отырмын. Оспан өзінің мақсат-мүддесін еш нәрсеге айырбастамады. Өзіне бағынышты жасағын бастап көтерілісті жалғастырды.

– Дәл осы тұстағы Оспан батырдың жау­лары кімдер болды?

– Бірінші жауы әрине, гоминдан әскер­ле­рі. Бұлардың сыртында кешегі қару беріп көмектескен сыртқы Моңғолия да жау болып шыға келді. Үшінші жауы – жаңадан құрылған Шығыс Түркістан армиясы, төртінші жауы – Екінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан Кеңес армиясының әбден сайланған солдаттары. Бұлар «шығыс түркістандық әскерилер» деген атпен Оспанға қарсы соғыстыру үшін құпия түрде шекарадан енгізілген еді.  – Қысқасы, Оспан батыр Кеңес Ода­ғы, Моңғолия және қуыршақ мемлекет Шығыс Түркістан әскерімен қатар со­ғыс­­ты. Ақыры бұларға төтеп бере алмай шығысқа қарай шегінді... 

– Бұл жерде басын ашып айтатын дүние, 1947 жылы Үрімжі қаласының маңындағы Санжы деген жерде гоминдан генералы Шүй Жи Чан, қазақтан Қалибек, Жанымхан қажы, Тәкіман батыр, Оспан бар – барлығы бас қосып, кеңеседі. Осы кеңесте «Уақытша шығысқа шегіну» жос­пары қабылданады. Сөйтіп Оспан елі шығысқа ауып, Қайызға барып қыстады. 

– Дәл осы жерде қыстап отырғанда ұс­талды емес пе?

– Иә. Ұсталардан бір күн бұрын атамыз үлкен ұлы Шердиманды шақырып алып, «Қайыздың маңындағы тибет-моң­ғол­дармен жалғасып, көш көлікке ат-түйе тауып кел» деп тапсырады. Үнемі үркін-қорқын, соғыс-шапқын көрген ауыл­­дың жылқы-түйелері бел артуға жара­май қал­ған кез екен. Егер Шердиман көрші­лер­ден күш-көлік алып үлгерсе, ер­те­ңін­де дереу көшуге қамданып отырыпты. Шердиман атамыз, «таң ата жолға шы­ға­мын, моңғолдардан ат-түйе алып келуім керек» деп ұйқыға жатады.  Таңмен тұрады. Далаға шығып, жеңіл дәрет жаңалап, бір етігін киіп, екінші еті­гін кие бергенде далада азан-қазан, у-шу, тарс-тұрс атыс басталып кетеді. «Жау шапты» деген сөзді құлағы шалып қалады. Босағада сүйеулі тұрған бесатарын жұлып алып атып шығады. Жау әскері таң қараң­ғысын пайдаланып, ауыл­ды басып қа­лып­ты. Біреуді біреу біліп болмайды. Бір қызығы, Оспан батыр ғана қолға түскен де, басқа­лары жауды жарып шығып кеткен. 

Дәл осы оқиғаның ортасында болған Қызмет дейтін апамыз айтатын: Жерге жа­рық түскенде қарасақ, ауыл алдындағы бел­ді шаң басып тұр екен, соған қарап азаматтардың құтылғанын болжадық. Күн көте­рілгенде қарасақ, Оспан батырдың қолын артына қайырып байлаған, түйеге мін­гі­­зіп жетектеп жүр екен. Батыр қа­ба­­ғын қарс түйіп, түнеріп алған, сыр біл­дір­мейді. Ауыл толы қатын-қалаш не істерімізді біл­мей күңіреніп тұр едік, батырдың қызы Пән­сия жылап-еңіреп әкесіне жетіп барды. Сол кезде Оспан батыр қызына: «Тарт көзің жасын, болды еңіреме, мені қытай ұстады дейсің бе, бұл құдайдың әмірі, Алланың әміріне ешкім қарсы келмейді» деді де, ошарылып қарап тұрған қауымға: – Менің дәуірім осымен аяқталды. Енді жоқпын», депті. 

– Ата жаумен азаттық үшін 11 жыл айқас­қан атаңыз 1951 жылы көктемде Үрім­жіде атылды. Бірақ арада жыл өткен соң туыстары батырдың сүйегін қазып алып, атажұрты Тамырдыға әке­ліп жерлеген дейді. Бұл туралы не біле­сіз?

– Әкемнің айтуынша, 1952 жыл­дың күзін­де Оспанның үлкен ұлы Шер­ди­ман Қы­тай үкіметімен бас араз­дық­ты тоқтатып, мәмі­лелесу жайлы тоқ­­там­­ға қол қойған. Осы тоқтамның бі­рін­ші тармағында, көте­рілісшілер қа­ру-жарағын тапсыру тиіс болған. Екін­­шісі – Оспан батырдың сүйегін алып, оны ата-баба қорымына жерлеу. Үшін­шісі – өткен істер қаузалмайды, бар­лық көтерілісшілерге кешірім жасау. Төртіншісі – қолға түскен тұтқындарды босату, бесінші тармақ – үкімет соғыстан зардап шеккендерге мал-мүлік, ұн-шай, астық сияқты жәрдем беріп, көмектесу. Соңғы тармақ – көтерілісшілер ішіндегі беделді тұлғаларды үкімет қызметіне тағайындау. Сөйтіп жоғарыдағы шарт бо­йынша туыстары батырдың сүйегін қазып алған екен. 

–  Батырдың сүйегін кімдер барып қазып алыпты? 

– 1952 жылдың қақаған қысында Үрімжідегі «Ұланбай» қорымына жерленген атамыздың мүрдесін қазып алуға батырдың үлкен ұлы Шердиман және балуан Дәлелхан, Құрман деген кісілер барыпты. Осы адамдар Оспанның мәйітін қазып алған. Әкемнің айтуынша, батыр ұсталғанда үстінде шешеміз тігіп берген үлкен қара тысты күпісі болыпты. Батырды сол күпісімен жерлепті. Қазып алғанда күпінің жүні түтеленіп, астары жыртылып, шудасы қобырап шығып қалыпты. Осыны айтқанда әкем көзіне жас алатын... Осы жылы қар қалың түскендіктен, мәйітті өрге алып жүре алмай, ауыл маңындағы зиратқа уа­қыт­ша аманатқа жерлепті. Содан көктем шығып, даланың қары сөгіліп, жер аяғы кеңіген тұста аманатқа қойылған мәйітті қайтадан қазып алған. 1953 жылдың сәуір айын­да батырдың жеті атасына мекен болған Көктоғай ауданы Күрті ауылының Тамырдысына жерлеген. Осылай азаттық үшін арпалысқан атамыз 51 жасында бақилық болған екен. Қазір сол атамыз аңсаған азаттық қолымызда. Соның арқа­сын­да батырдың аты аталып, арманы ұлық­талып жатыр. Бұған да шүкір.