• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2019

Жігерлі жастардан күтеріміз көп

921 рет
көрсетілді

С. Мұқанов атындағы ғылыми-көпшілік кітапханада орналасқан коворкинг-орталығында жастар саясаты тақырыбын әр қырынан сипаттайтын тағылымды кеш өтті.

Қазақстан халқы облыстық ассамблея, этномәдени бірлестіктер, ардагерлер, жас буын өкілдері,  «Айбын» әскери-патриоттық клуб және «Жас сарбаз» аймақтық штаб мүшелері қатысқан кездесуде түрлі  іс-шаралар аясында жер-жерлерде кең өріс алған жастар жылының маңыздылығы атап өтілді.

   Курдтардың «Барбанг» мәдени ұйымының облыстық төрағасы Рашид Надиров жастар жылы  аясында атқарылатын негізгі міндеттерді Елбасы белгілеп бергенін, бұл орайда басты басымдықтар ретінде жұмыспен, баспанамен қамту секілді әлеуметтік  мәселелерді шешу, сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсене атсалысу, тағы басқа тапсырмалар жүктелгенін жеткізді. Өскелең ұрпақ үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалып келеді. «Дипломмен–ауылға!», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламаларында бірталай жеңілдіктер қарастырылған. Мұның өзі жастарымыздың бойында алға ұмтылушылық талпынысымен табандылығын тудырады. Іскерлік, ізденімпаздық мақсаткерлік қасиеттерін оятады. Мені ел ертеңі, болашағы–жастардың білімге, еңбекке деген ерекше ынта-жігері, романтикалық ізденіске толы жаңашылдықтары  қуантады, деді Рашид Садықұлы.

  Жиналғандар М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уиверситетінің оқытушысы, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Күлбарам Баязитованың сөзін үлкен тебіреніспен тыңдады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасынан ойып тұрып орын алған ізденімпаз ғалымның айтары мол. Оның алдынан жүздеген шәкірт қанаттанып ұшып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. «Мотивация» сән үшін айтылатын жалаң сөз емес. Әр әрекетіміз, ниетіміз алғы мақсат-мүдделермен ұштасып,  сөз бен істің бірлігін сақтап, сенім үдесінен көріне білсек, еліміз дамиды, өркендейді, дей келіп, белсенді жастарға үлкен үміт артатынын, сонымен қатар жігерсіз, босбелбеу санаттағылар қатары әлі де аз еместігін, оларды қатарға тарту, тәрбиелеу, жан-дүниесінде елдік, отаншылдық ұғымдарын қалыптастыру үшін тәрбие, насихат жұмыстарын бәсеңдетпеуді көлденең тартты.

  Саналы ғұмырын ішкі істер қызметі саласына арнаған  Чингиз Курбанов қиындықтарды, әлсіздікті, осалдықты  шыдамдылықпен жеңе білу тәжірибесімен, саламатты өмір сүру жолдарымен бөлісті. СҚМУ жанындағы студенттер ректоры Айнұр Әбілтаева озық идеялар мен өміршең жобалар қашанда қолдау табатынын, бұл орайда  мүмкіндігі шектеулі жастардың ізденістері үлкен қызығушылық тудырып отырғанын әңгімеледі.

  Қоғамдағы жаңғыру үдерістері ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Игі бастамалардың алдыңғы легінде жастардың жүруі  заңды. Оларды қолдау мемлекеттік саясаттың басты буынына айналғаны сондықтан. Өскелең ұрпақ бағындыратын белестер әлі алда, десті өз ойларын ортаға салған өзге де шешендер.