Бірінші кезең жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Ойынның төртінші минутында сан басымдығын сәтті жүзеге асырған Никита Михайлис есеп ашып, командасын алға шығарса, араға екі минут салып Антон Некряч есепті еселеді. Ал 16-минутта Михайлис дубльдің авторы атанды – 3:0.
Алайда екінші кезеңнің соңғы минутында словениялықтар қарымта екі шайба соғып үлгерді. Ойынның 38-минутында Анже Куралт алғашқы шайбаны Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға дәл бағыттаса, араға 81 секунд салып Давид Родман есепті қысқартты – 3:2.
Үшінші кезеңде есеп өзгеріссіз қалды. Сөйтіп жерлестеріміз әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Андрей Скабелка баптайтын Қазақстан құрама командасы келесі кездесуін 1 мамырда Литва құрамасымен өткізеді.
Алмас МАНАП, «Egemen Qazaqstan»