• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2019

Киіз үй тігушілер жарысы

1617 рет
көрсетілді

Киіз үй – қазақтың мақтанышы болса, оның Маңғыстауда көнеден бүгінге дейін тіні құрымай сақталып, жасау-жабдығы түгел қалпында жетуі – өңір мерейі. Бүгінде «құрастырмалы, қорғанды» үйлердің алуан түрі қолданысқа енгендіктен киіз үй тұрмыста бұрынғыдай кең көлемде пайдаланыла бермейді. Өкініштісі, қытайдың «темір құрсанған» киіз үй қалыптас үйлері той-томалақты иемденіп алса, қазақтың киіз үйлері қаралы садақаларда марқұмды соңғы сапарға шығарып салу орны міндетін атқарып жүр. Тіпті ауылдағы қарт кісілердің келін-бала қараусыз қалдырған киіз үй үшін алаңдап, «ертең менің соңғы сапарыма дейін құрт-күйе жемей, сақталса деп едім» деп мұңаятыны бар...

Бірақ киіз үй халқымыз үшін қашанда қымбат қазына. Оны жастар арасына насихаттау, тігу және қайта жығу, жинауды үйрету, жасау-жабдығын орны-орнымен қолдана білуге баулу күн тәртібінен түспегені дұрыс.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдегі ұлттық дәстүр мен мәдени мұраның көз­дің қарашығындай сақталып келген­дігінің айқын айғағындай Маң­ғыстау киіз үйінің мәртебесін көте­ріп на­сихаттау мақсатында «Киіз үй – ұлт­тық құндылықтар қазынасы» тақы­рыбында киіз үй тігуден жарыс өтті.

Халық өнерін, бабалар мұрасын қастерлей отырып, ұлттық дәстүрлі қолөнерді дамыту мен жандандыруды ұрпақ санасына сіңіру, ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді жаңғырта жалғастыруға Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті тарих факультетінің 1-курс студент­тері арасында жасақталған «Алаш», «Шаңырақ» топтары қатысты. Олар киіз үй сүйектерінің дәстүрге сай орналасуы, керегенің жайылуы мен таңғыштарының дұрыс байла­нуы, сықырлауықтың ақаусыз бекітілуі, шаңырақтың көтерілуі, уықтардың шаншылуы, баулар мен басқұрлардың дұрыс ұсталуы, шилер мен киіздердің жабылуы бойын­ша сынға түсті.

– Киіз үйді білу, оны тігу, құ­рал­дарын дұрыс орналастыра білу, сондай-ақ оның бұйымдарын ре­ті­мен, жүйесімен қою – үлкен біл­­гір­лікті қажет етеді. Оны мең­геру оңай шаруа емес, алайда киіз үйге деген құрмет қазақ жастарының, әсіресе Маңғыстау жастарының бойында, қанында бар қасиет болғандықтан, ол өз-өзінен және бірте-бірте қалыпқа түсіп жетіліп кетеді деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – жастардың бойындағы тұма бұлақтың көзін ашу, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, өздерінен кейінгі ұрпақ­қа танытуына күш салу, дейді қа­зылар алқасының төрағасы, Мәдениет қайраткері, «Хас шебер» атағын иеленген қолөнерші Әуес Сағынаева.

Айтса айтқандай, жастар киіз үй ті­гуге ерекше ынтамен, құлшы­ныс­пен кірісті. Әзілдерін айтып, әндете жү­ріп киіз үйді орнықты етіп тікті, жасауын жайғастырды. Жастардың жалынына риза болған қазылар екі топты тең бағалап, бірдей ұпай бе­ріп, дипломдармен марапаттап, му­зей атынан кітаптар сыйға тартты.

Киіз үй ғана емес, өзге де ұлттық ерекшеліктерімізге сай құндылық­тарымыз музейде одан әрі тұрақты, әрі кең көлемде насихаттала беретін болады.

 

Маңғыстау облысы