Сопылық поэзияның негізін қалаған Баязит Бистами, Халлаж Мансұр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи секілді ақындардың жолын Ахмед Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Жалаладдин Руми, Юнус Әміре, Сайф Сараи, Әлішер Науаи, Мақтұмқұли Пырағи, сопы Аллаяр секілді түркі поэзиясының жарық жұлдыздары жалғастырып дамыта түсті. Бұл салада «Мен – Хақпын» («Ана-л-Хақ») деген ұстазы Халлаж Мансұрдың жолын ұстанып, сабыр мен қайсарлықтың, ақиқат үшін күрестің рәмізіне айналған әзербайжанның ұлы ақыны Имадеддин Несимидің орны айрықша. Бауырлас елдің ғана емес, табиғаты тылсым терең жырлары арқылы түгел түркінің ортақ ойшыл-ақынына айналған ұлы шайырдың туғанына биыл 650 жыл толып отыр.
Әзербайжан әдебиеті тарихында шоқтығы биік шың болған Несими өз шығармашылығы арқылы ұлттық поэзияның соны мазмұнда дамуына жаңа бағыт ашты. Ақын өлеңдеріне халықтық қарапайым тілдің жауһар байлығын шеберлікпен қолданып, ортағасырлық дәстүрде басымдыққа ие араб-парсы тілді әдеби ортаға бетбұрыс жасап, түрік тілінің сөз маржандарын құлпыртып көрсетіп, өзінен кейінгі сөз майданында Хатайи, Физули, Вагиф тәрізді ізбасарларының жарқырай көрінуіне негіз қалады.
Шайыр Нәсимидің әдеби мұрасы өз дәуірінің терең әдеби-эстетикалық пікірлері мен философиялық көзқарастарының бірлігінен құралады. Несими ақын ортағасырлардағы түрік поэзиясының гуманизм идеяларымен мазмұндық тұрғыдан баюына өлшеусіз қызмет етті. Шайыр өз шығармаларында кемел адамды зерттеу нысаны етіп таңдап алып, оны бәрінен де жоғары ұлықтайды. Несимидің тілі оның жалпы болмысы, таным-түсінігі жайында анық та қанық мәлімет береді. Оның шығармаларында терең ойлай алатын ізденімпаз, жаһанның сан алуан сырларына жауап іздейтін, ұдайы кемелдікке ұмтылған адамның үлгілі образы қалыптасқан.
Жалпы, сопы ақындар өз өлеңдерін «Хақты танып, Хақиқатқа тұтасу», «Жарға ғашық болу», «Сүйіктімен сыр-сұхбат құру», «Ақиқат шарабын ішу», «Пәруана болып, отқа күю», «Өлмей тұрып өлу», «Гүлге ынтызар бұлбұлдай сайрау», «Дидар талап» сияқты айшықты символдармен безендіріп, шартты ұғым-ишарамен терең ойларын көркемдеп, тұспалдап жеткізетін бай дәстүрге ие. Әйткенмен метафоралық реңді бояу мен захир іліміне қайшы келетін «мас болып, естен тану», «шарап ішу» сияқты ұғымдар қолданылғандықтан, кейде шариғат үкімдерімен сопы ақындардың поэзиясы үйлесе де бермейтін. Сол себептен бұл жолда хуруфилік сенімді ұстап «Мен – Хақпын» («Ана-л-Хақ») деген ақын Халлаж Мансұр мен оның ізін жалғастырушы Имадеддин Несими шолақ ойлы дүмше діндарлар тарапынан өлім жазасына жазықсыз кесілген. Болашаққа үн қатқан ақын асқақ үнмен саңқылдап былай дейді:
Несимидің сөзі сырлы ғарышта өмір сүреді,
Бұл – құс тілі, ал құс тілін тек Сүлеймен біледі.
Ұлы ақынның жырлары Қожа Ахмет Ясауи, Жүніс Еміре, Әлішер Науаи, Мақтымқұлы Пырағимен, әсіресе Абай, Мағжанмен үндестігі таңғалдырады.
Сенімді жар уәдесінен таймайды,
Бірін-бірі бөлінбестей байлайды...
Махаббатқа дәрі іздеме, сабыр тұт,
Сенімді жар қоймас сені жаңылтып.
Бұл жолдар ақын Абайдың «Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да» деген терең мағыналы өлеңімен сабақтастықты танытады.
Сүйгендердің құбыласы, ғашық пірі мен болдым,
Аспадағы Бәйтүл Мағмұр – өзімді оған теңгердім.
Мұса – менмін, Хақпен дәйім сұхбаттасам алғаусыз,
Жүрегім – нұр, сондықтан да
Тұр тауымын алдаусыз.
Осы өлеңді оқыған оқырманның ойына Мағжан Жұмабаевтың мынадай шумақтары оралары анық:
Мен де Мұса болар ем,
Тілдестірсе Тәңірімен,
Көкше маған болып Тұр.
Түркі халықтарында даңқы дүние жүзіне жайылған ұлы ақындар аса мол. Алайда олардың арасында «Хаққа жақындығы» тұрғысынан Несими шыңы оқшау көрінеді. Бұл шыңның ұшар басынан махаббат пен ізгіліктің арайлы күні мәңгілік жарқырай бермек.
Ұлы ақынның есімі ғасырлар бойы Шығыста мәрттік, жанкештілік пен ерік-жігердің баламасы болып келеді. Дарға асылып, терісі сыпырылған соңғы демінде де сөзінен, сертінен қайтпаған ұлы ақын қайғылы қазасынан кейін «ақиқаттың ақ жолынан бас тартпаудың» биік рәмізіне айналды. Адамзат тарихында қара таңба болған ауыр үкімге кескенде қыңқ етпеген қайсар ақын былай деп жырлайды:
Үкім етті, сыпырылды жон терім,
Хақ тұрғанда сорлы болмас ертеңім.
Қазы қашар бір саусағы кесілсе,
Ал, ғашықтар шегінбейді шешінсе.
Қанішерлер Несимиді боршала,
Сірә, қорқақ болармысың соншама!
Рухани құндылық, адамға деген сүйіспеншілік, азаттық пен еркіндікке үндеу Несими шығармашылығының негізгі өзегін құрайды. Ақын аяусыз жазаға ұшыраса да, оның идеялары мен поэзиясы, төзімділік пен ұжданды үндеуі ешуақытта ұмытылмайды, ел жадынан өшпейді. Сан ғасырлар бойы адамзат жүрегінің төрінен орын алған Несими поэзиясының философиялық ой-толғамдардарының маңызы уақыт өткен сайын арта береді.
Өлеңдерінде ана тілінің інжу-маржандарын шебер қолданып, жоғары талғамды классикалық поэзияны халықтың жатық тіліне жақындатуы ақынға үлкен абырой әкелді. Несими өз дәуірінің кейбір надан билеушілерінің пікіріне қарсы шығып, діни құндылықтарды дәріптеп, қоғамда әділет пен ақиқаттың орнауы қажет екендігін баян етеді. Шығармаларында халықтың тағдырын күңірене жырлаған ақынның ой-толғамдары, әділетсіздікке қарсылық білдірген рухы үн қатады. Несими қоғамдағы зұлымдық пен бассыздықты аяусыз мінеп, жауыздықты, әділетсіздікті сынайды.
Ұлы ақын адамгершілікті жырлаған өлеңдерінде адамды өмірдегі сұлулық пен күш-жігердің тікелей қайнар-көзіндей көрсетіп, асқақтата суреттейді. Алайда бұл сұлулық, бұл күш-жігер дүние жүзіндегі барлық адамдарға емес, тірліктің мәнін ұғынған кемел адамдарға ғана тән ардақты қасиет. Несими ақын кемел адам рухының өлместігін нұсқай отырып, оның мінсіз бейнесін махаббаттың шұғылалы күніне ұқсатады.
Бұл Несими Сүлейменнің кездессе де мүлкіне,
Бәрін тастап, ұмтылады ғашығына сілкіне.
Өлеңдерінің асыл арқауы «кемел адам» тұлғасы және Жаратушыға деген ұлы махаббаттан тұратын Несими түрік тілімен қатар парсы-араб тілдерінде де керемет поэзиялық шығармалар жазды. Оның өлеңдері тамырлас түрік халықтарының әдебиеттеріне және шығыстың классикалық поэзиясына зор әсер етті. Несими алғаш рет түрлі поэзиялық жанрларды ана тілінде сөйлетіп, рубаи, ғазал, тұйық жанрларында қарапайым халық тілінің тылсым әсемдіктерін көрсете білді. Оның өлеңдеріндегі суфизмнің терең ой-толғамдары өзінен кейінгі ойшылдарға әсер етті.
Несимидің поэзиялық шығармаларында кемелденген, кемеңгер «мен» бар. Ақын жарқын, терең және ғибадаттық мазмұнға толы «мені» арқылы әзербайжан ғана емес, жалпы түрік поэзиясында да алдыңғы қатарда орын алып, замандастарынан асып түскен. Соңғы деміне дейін хаққа ұмтылып, ақиқатты іздеген ойшыл ақын хуруфизм ағымының ең жарқын бейнесінің біріне айналды.
Көкірегіме сыйғанмен тау, дала да,
Мен сыймаймын кеңістікке, ауаға.
Бөлшек – менмін, күн де – менмін, сан – менмін,
Мен сыймаймын көлеміне бар жердің.
Жер, көк – менде, бар болғанмен өзге де,
Мен сыймаймын ұғымға да, сөзге де.
Айналсам да нақ болмысқа, Адамға,
Мен сыймаймын күллі ғарыш, ғаламға.
Дәуір де мен, заман да мен болсам да,
Мен сыймаймын тағдыр деген қоршауға.
Күн боп, Ай боп жалынды рух сыйлаймын,
Сонда-дағы сол рухқа сыймаймын!
Несимидің шығармашылығындағы «мен» – өмірдің өзі, адамзаттың тағдыры. Несимидің сөзіне қарағанда, адамның ең жоғары қасиеті – өзін-өзі танып білуі. Дана ойшылдардың көпшілігі шығармаларында адамдарды өзін-өзі тануға шақырады. Сондықтан Несими поэзиясының арқауы – ақиқаттан ақ жолынан айнымайтын асыл адам, Хақ жолынан таймайтын күрескер, Жар үшін жанын пида етуге дайын толық жетілген кемел адам.
Имадеддин Несими өз шығармашылығында адамның ең саналы тіршілік иесі екенін жырлаумен қатар, халқының арман-қалауын да тілге тиек етті. Oл шығармаларының ауқымы тұрғысынан тек әзербайжан халқының ғана емес, жалпы адамзаттың үлкен құндылығына айналды.
Жырының сырлы айшықтары Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен үндесіп кететін Имадеддин Несими шығармашылығының төзімділік пен гуманистік тақырыптарға аса бай терең қабаттары бар. Ол көптеген ұлы ақын-жазушылар, суретшілер мен өнер қайраткерлері үшін сарқылмас шабыт көзі болды. Оның рухани идеялары мен философиялық пікірлері адамзатты ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуге және бейбіт өмірге бағыттайды. Сондықтан Несими мұрасы қазіргі уақытта да өзінің өзектілігі мен ықпалын жоғалтқан жоқ деп ойлаймыз.
Биыл Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев ұлы ақынның 650 жылдығын кең ауқымда атап өту жөнінде арнайы жарлық шығарды. Осыған байланысты Халықаралық Түркі академиясы 2019 жылды «Несими жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында қазақ тіліне алғаш рет аударылып (тәржімалаған Қ.Құныпияұлы), жарық көрген Имадеддин Несимидің шығармалары оқырман қауымды ұлы ақынның рухымен сырласуға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ