Қыз әуелгіде орамал салдырмай әлекке салады, содан кемпірлерді өлімші күйге түсіріп барып «амалсыз» көнеді. Осыны көріп өскен біз «е, үйлену деген осындай екен ғой» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек бұл екі жастың амалсыздан барған әрекеті екен-ау. «Қалыңмал» төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан әуелі бірін-бірі ұнатқан соң қыз келісіп, соңынан екі жақ кездесіп, осындай амалға барады. Сосын «қашып кеткен қыздың» соңынан қуғыншылар барады. Босаға аттап қойған қызды кері алып қайту дәстүрде болмағандықтан әрі жаман ырым екені ескеріліп, екі жақ дау-дамайсыз құда болып, құшақтары әзер ажырасып тарайды.
Бірақ, бұл бара-бара қызды зорлықпен, еркінен тыс алып қашатын жалпы бұқаралық сипатқа ие болды. Өзі қаламайтын жігітке барған қыз «басқа салды, біз көндік» деп барған жерінде сыңсуын айтып қала беретін. Ал біреулері «босаға аттаған» деген соңынан ерер сыпсың сөздерден сескенетін. Тағы бірі босағада көлденең жатып алған кемпір-көпірден аттап өте алмай, амалсыз қалып қоятын. Алайда, осы «ата дәстүрден» аттап кете алмау көп келіннің басына сор болып та жабысты. Жұбайлық өмірде бір-бірімен тіл табыса алмай, талай ошақтың ойраны шықты.
Осы ретте мына бір оқиға еріксіз ойға оралады. Төрт-бес жігіт қызды жансыздай аңдып, оңаша бір қалтарыста көліктеріне еріксіз мінгізіп тартып кетпей ме. Сөйтсе әлгі қыз байбалам салып жұлқынбапты да, басына бұғалық салынса бұлқынбапты да. Жымиып қойып «Құдай салды, біз көндік» деп үн-түнсіз отыра беріпті. Не керек, оны алып қашып келгендер үйге зорлықпен кіргізіпті. Әбжіл кемпір де келіннің басына орамал салуға дайын тұр екен. Басына орамал салына бергенде жаңағы қыз сыңғырлап күліп:
– Менің басыма осымен екінші рет орамал салынып жатыр. Ойпырмай, не деген бейқам жұрт едіңіздер. Осы әкелгеніміз «қыз ба, әйел ме» деп ешқайсыңыз сұрамайсыздар-ау, – депті.
Бұдан соң не айтуға болады? «Келінді кері апарып тастауға мәжбүрленгендер жердің үстімен барып, астымен қайтыпты. Біріншіден, олар ауыл-аймаққа күлкі болды. Екіншіден, келін жақтың күйеуі «жігітсымақтардың тұмсығына жұдырық иіскетіпті» деседі. Үшіншіден, іс заң қызметкерлерінің құлағына іліккенде, біраз адам сотталып кетер ме еді?
Осы жерде дәстүрге байланысты тағы бір жайт еске түседі. Бұрын қыздарымыз тұрмысқа шыққанға дейін басына қызыл орамал салып жүруші еді. Қазір осы дәстүр ұмытылды. Тіпті, мұны біреулер ескірген, көнерген дәстүрлер санатына қосып жүр. Егер жоғарыдағы келіншек басына жаулық салып, ұзын етек көйлек кисе, «ұрылар» оны сырт айналып жүрмес пе еді? Әйтпесе, бүгінде қызы қайсы, келіншегі қайсы ажыратып болмайды.
Иә, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ал осы озық пен тозықты ақсақалдар, әжелер, ата-аналар кеңестері жұртшылыққа қаншалықты деңгейде түсіндіріп жүр? Бізде атауларынан жаңылысатын көптеген ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты семинарлар, сырласу сағаттары өтіп тұрады. Солардың ішінен біз қозғаған мәселеге байланысты қандай шара өткенін есіме түсіре алмай-ақ тұрғаным. Егер тиісті қоғамдық ұйымдар осындай тақырыптарға семинарлар, кездесулер өткізіп, олары оң нәтиже беріп жатса, кешірім сұрауға дайынмын.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Түркістан облысы