• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2010

ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

736 рет
көрсетілді

Сонау кеңестік кезеңнен құлаққа сіңісті болған “Кадрлар бәрін шешеді” деген сөз бекерден бекер айтылмаса керек. Бодандықтың тұмылдырығы сыпырылып түскенде іргесі нық мемлекет құру үшін қай салада да білікті отандық мамандар қажеттігі айқын сезілген. Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесіне қажетті мамандар даярлау мақсатында елімізде Мемлекеттік басқару академиясы құрылса, енді, міне, бір жылдың ар жақ, бер жағында академия құрамында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі (МСҰМ) жұмысын бастаған-тын. Біз осы орайда аталған оқу орнының басшысы Саясат НҰРБЕККЕ жолығып, ұлттық мектептің тыныс-тіршілігі жөнінде айтып беруін өтінген едік. – Әңгімемізді алдымен осы мектептің ашылу себептерінен, мақсат-міндеттерінен бастасақ. – Біздің мектебіміз Президент Н.На­­зарбаевтың Өкімімен 2008 жылы ашылды. Ал ашылуының тарихына қысқаша көз жіберіп, мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлау жүйесінің қалыптасу тарихын қысқаша шолып өтсек, 1994 жылға дейін бұрынғы Жоғары партия мектебі Саясаттану институты болды да 3 жылдан кейін Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебіне айналды. Осылайша, 1994 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебінің негізінде және Француз мемлекеттік әкімшілік ұлттық мектебімен серіктестік қарым-қатынаста ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі құрылды. Бұл өте сәтті жоба болды, 5 жыл қызмет етті, мектеп мемлекеттік басқару жүйесіне дарынды жас “толқынды” дайындай алды. Мысалға, бүгінде билік басында жүрген, немесе елге біраз танылып қалған Қайрат Ке­лімбетов, Әсет Исекешев, Қайрат Әйте­­­кеев, Азат Перуашев сынды жігіттер осы мек­теп ұшырған түлектер. 1999 жылы ҰЖМБМ мен Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру инс­титуты негізінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. Келесі кезекте Дипломатиялық академия мен Сот академиясы, Мемлекеттік қызмет ака­демиясымен біріктіріле отырып, Мемлекеттік басқару академиясы болып қайта құрылды. Осыған қарамастан, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеп жүрген бірталай азамат елімізде мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау ісінің осал тұстарын зерттеді. Сонда не байқалды? Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді даярлау ісі мамандандырылған түрде жүргізілмейді екен. Ол не деген сөз? Мемлекеттік қызметке ма­ман­дар түрлі саладан келетін көрінеді. Аг­ро­ном, дәрігер, тарихшы, саясаттанушы, қыс­қасы, кез келген мамандық иесі, қарапайым тілмен айтқанда, жоғары білімдері бар жай адамдар мемлекеттік қызметке орналасып, өздерінің сол кіріскен қызметіне бірте-бірте сіңісіп кетіп жатады екен. Ал мемлекеттік қызметкер даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Міне, біздің мектебіміздің ашылуының алғышарты осы–жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау. Академиялық серіктесіміз Сингапур ұлттық университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі. 2008 жылы Елбасының Жарлығымен негізі қаланған МСҰМ өз кезегінде Академия қабырғасында қалыптаса бастаған, мем­ле­кеттік қызметкерлердің кәсіби дайындығын іске асыратын жаңа маңызды сатылардың бірі болып табылады. – Сингапурдың жетістіктері әлемге мәлім. Ли Куан Ю –әлемдік масштабтағы тұлға. Сол себептен де ол елмен серіктесе қимылдау көңілге қонып тұр. Сөз жоқ, адамзат баласы өзінің даму жолында алдыңғылардың озық тәжірибелерін пайдалана отырып, оны жетілдіру арқылы белгілі бір биіктерге жеткен. Біз Сингапурдан, Франциядан, Германиядан мемлекеттік қызметкерлер даярлаудың белгілі бір модельдерін алып, өзімізге ендіріп жатыр екенбіз. Айтыңызшы, қазіргі күні осы тә­жі­рибеде біздің өзімізге тән, өз ерекшелік­терімізге негізделген қазақстандық моделіміз пайда болып үлгерді ме? – Үлгерді. Еске алсақ, 2001 жылы мем­лекеттік қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлаудың және біліктілігін арттырудың тұжырымдамасы қабылданды. Осы тұжырым­дама бойынша елімізде мемлекеттік қызмет­керлерді оқыту, даярлау жүйесі қалыптасты. Оның бірінші негізі–Мемлекеттік басқару академиясы. Қазіргі күні жылына 3 маман­дық бойынша 200-300 магистр бітіріп шы­ғады. Екіншіден, әр облыста 14 жергілікті қай­та даярлау орталықтары жұмыс жасайды, яғни өзімізге тән жүйеміз бар. Биылғы жылы Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында кадр саясаты саласында айтарлықтай проблемалардың бар екеніне ерекше назар аударды. Оның кейбір жағдайда мемлекеттік қызметкерлердің даярлау жүйесінің кемшіліктерінен туындайтынын да атап айтты. Осы мәселеге тоқталатын болсақ, бізде білім беру мен әдістемелік жағынан халықаралық тәжірибеден ойланбай алған тұстарымыз бар. Оларды талдап, сараптамай, біздің жергілікті жағдайға келе ме, лайық па демей пайдаланғанбыз. Біздің мектебіміздің ашылуының бір себебі де осы, яғни халық­аралық тәжірибені сараптамадан өткізу болып табылады. Жоғарыда айттым ғой, бізде мемлекеттік қызметкерлер даярлауда өзіндік қалыптасқан үлгі, тәжірибе жинақталды деп. Өте тәжірибелі, білікті мемлекеттік қызметкерлеріміз нақтылау етіп айтсақ, бүгінде 30-40%-ды құрайды. Бірақ бір мәселе, осы тәжірибені талдап, сараптайтын ғылыми негіз қалыптасып үлгерген жоқ. Былтыр Алматыда саясаттанушылардың екінші конгресі өткізілді. Сонда Ерлан Қарин мен Мәулен Әшімбаев жақсы ойлар айтты. Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіндегі ғалымдар: саясаттанушылар, әлеуметтану­шылар мемлекеттік қызметкерлермен бірлесе жұмыс істемейді. Халық пен мемлекеттік орган арасында жалғастырушы, көпір қы­з­метін атқармайды. Жылына қаншама диссертация қорғалып, монографиялар мен зерттеу мақалалары жазылып жатса да, мем­лекеттік қызметтегі нақты проблемаларды шешудің жолдарын табу көзделмейді. Жа­зылса оның өзі аз, немесе практикадан ал­шақ, таза теориялық тұрғыда қарастырылған. Мысалы, елімізде 67 оқу орнында жастар мем­лекеттік және жергілікті басқару маман­дығы бойынша оқытылады. Ал оқып шыққан түлектердің мемқызметке 2-3 пайызы ғана келеді. Біздің мектеп өзінің бір міндеті етіп, сараптау жұмыстарын атқарумен қатар, екі арадағы көпір болуды көздеп отыр. Тағы бір мәселе. Орталық органдарда қызмет атқаратын адамдар жергілікті органдардың тәжірибесін біле бермейді. Министрліктен шыққан стратегиялық құжат жергілікті органдарға түскенде басқаша қабылданып жатады, жүзеге асырылуы да басқаша жүргізіледі. Біз осы айырма­шы­лықты азайту үшін тыңдаушыларымыздың 30-40 пайызын жергілікті жерлерден келген азаматтар қатарынан қабылдап отырмыз. Олардың ішінде қала, аудан әкімдері бар. – Дәріс берушілер кімдер? – Дәріс оқуға республикадағы мемлекет­тік басқару органдарының бірінші бас­шы­ла­ры, депутаттар, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының белгілі профессор-оқытушылары, ұлттық компаниялар мен ха­лықаралық ұйымдардың басшылары, шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері ша­қырылады. Жақында АҚШ елшісі Хоугланд мырза дәріс берді. Сингапур ұлттық уни­вер­ситеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің профес­сор­лары, Гарвард және Принстон, Йель уни­вер­ситеттерінің мықты ғалымдары сабақ береді. Тыңдаушыларымыз да осал емес. Жо­ғарғы деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер, іштерінде министрліктегі комитет төраға­ларының орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, департамент директорларының орынбасарлары бар. – Оқу мерзімі қанша? – 1 жыл 9 ай. – Сіздер жаңадан ашылып жатырсыздар ғой, бәлкім, сауалым артықтау да көрінер, дегенмен, сұрағанды жөн көріп отырмын. Тарихта жеке бір пассионарлық тұлғалардың тұтастай халықтың өміріне өзгерістер әкелгені аян. Мысалы, Мохатхир Мұхамед, де Голль, Махатма Ганди, Нельсон Мандела немесе жоғарыда есімі жиі аталған Ли Куан Ю. Осы мектептің де келешекте пассионарлық тұлға әзірлеп шығуы мүмкін деп ойлайсыз ба? – Шынымызды айтсақ, көкейімізді тескен түпкі мақсатымыз осы. Неге десеңіз, біздің мектебіміз басқа осындай мамандар даярлайтын мектептерге қарағанда, дәл сіз айтып кеткен тұлғалық деңгейдегі, көш­­басшылық деңгейдегі маманды, азаматты ұшыруды көздейді. Естіп отырсыз, біз көп адам алмаймыз, 22 тыңдаушы ғана қабыл­дай­мыз. Тек білім беру үдерісімен шектелмей, тәрбие моделіне де үлкен зер саламыз. Отан сүю, ұлтқа қызмет ету, азаматтық, кісілік бойынша қарастырылған бағдарламаларымыз бойынша тыңдаушыларымызды ел тари­хын­дағы елеулі орындарға апарамыз. Мысалы, осы тыңдаушыларымызды Ұлытау мен Бурабайға, Қабанбай батырдың кесенесіне алып бардық. Еліміздің тұтастығын сақтап қалған тарихи тұлғалар мен атақты шай­қас­тар болған жерлерге апару деген сынды адамның көкірегіне ерлік пен намысты ұялататын бағдарламаларымыз бар. Кәдім­гідей сол жерлерде сабақ өткіземіз, бұл іске тарихшыларды, әдебиетшілерді тартамыз. Жеке көшбасшылық жайында шетелдерден де мамандар шақырып, арнайы тренингтер өткізіп жатырмыз. Яғни, біздің моделіміз толыққанды көш­басшылық дәрежесіндегі тұлға дайындауды көздейді. Жыл сайын Қазақстанды басқару жүйесіне ғана емес, Қазақстан қоғамына осындай 15-20 шақты азаматты, тұлғаларды беретін болсақ біздің миссиямыздың орындалғаны. – Мемлекеттің негізі – халық. Мемле­кеттік қызметкер дегеніміз – халыққа қызмет етуші. Оның өзінің еңбекақысы, яғни жейтін наны – халықтан түскен салықтан келеді. Солай болғанымен, мемлекеттік органға, мемлекеттік қызметшінің алдына әлдеқандай бір шаруасымен барған қарапайым адам алынбас қамал, қорғанға тіреліп қалады. Осы жайындағы сіздердің пайымдарыңызды біліп, әңгімемізді тәмамдасақ. – Бұл айтып отырғаныңыз, өкінішке қарай, бар проблема. Біздің қөзқарасымыз бы­лай. Мектебіміздің атына қарайтын бол­сақ, Ұлттық саясат мектебі, ағылшын тілінде Publіc polіcy (паблик полиси) деген бір сөз бар. Ол – орыс тілінде, басқа тілдерде мемлекеттік саясат деп аударылады. Ал ағылшын тілінде Publіc және polіcy деген екі түрлі мағына береді. Саясат, билік, биліктің көзі, билік үшін күрес болса, екіншісі қо­ғамдық проблемаларды шешу түрлері, мемлекеттің қоғамдағы мәселелерді шешудегі әрекеттері. Бізде бұлай емес. Бізде мемле­кеттік саясат дегенде қоғам оны билік деп қабылдайды. Билік пен халықтың, қоғамның қарым-қатынасын ағылшындардай білдіретін сөз жоқ. Біздің мектебіміздің ашылуындағы тағы бір маңызды мақсат – мемлекеттік басқару жүйесінің ішкі философиясына өзгеріс әкелу. Билік пен қоғамның қарым-қатынасына өзгеріс енгізу. Жалпы, билік пен қоғам арасындағы қа­тынас өте күрделі, ол ғылыми негізде зерт­теуді қажет етеді. Біз мектебімізде осы мо­дель­ді жан-жақты білетін, мемлекеттік басқару жүйесінде ішкі философиясы өзгерген билік өкілдерін тәрбиелеп шығарсақ дейміз. Олар басшылар ғой, қандай бір билік басына келген адамның көзқарасына көп нәрсе байланысты. Ол жаңа прогрессивті көз­қараста болса, ол сол ұжымның ішкі философиясының өзгеруіне алып келеді. Ішкі жұмыстың әдісі мен тәсілін өзгертеді. Сондықтан біздің мақсатымыз – бұл істе екі жақты, біріншіден, зерттеулер жүргізу, ғылыми негіздің қалануы, екіншіден, жаңа көзқарасы қалыптасқан нақты басшыларды дайындап шығару. Былайша айтқанда, мемлекеттік биліктің элиталық жоғары буыны үшін мемлекеттік басқарушыларды даярлау. Ондай адамның дұрыс стратегиялық бағдары, еліміздің болашақтағы саяси және экономикалық моделін болжай білетін қабілеті болуы тиіс. – Әңгімеңізге көп рахмет, алға қойған мақсаттарыңызда табысты болыңыздар. Саясат Нұрбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін “Халықаралық құқық” мамандығы бойынша, Маршаллтаун (АҚШ) колледжін “Саясаттану” мамандығы, Ынтымақтастық институтын (Италия), La Sapіenza (Рим, Италия) университетінің “Геосаясат және халықаралық қауіпсіздік” мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. 2000 жылы АҚШ Конгресіне сайлау науқанында конгрессмен Марк Смиттің жеке көмекшісі болған, кандидат Альберт Гордың сайлауалды науқанына қатысқан және 2001 жылы Айова штаты (АҚШ) үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінің инновациялық технологиялар бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарып, сол жылы АҚШ президенті әкімшілігінде тағылымдамадан өтсе, 2005-2006 жылдары Неаполь (Италия) университетінің шақырылған лекторы болған. “Қазына” орнықты даму қорында”, ҚР Президенті Әкімшілігінде, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорында лауазымды қызметтер атқарған. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян тілдерін жетік меңгерген. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.