Он жеті жыл жай айтуға ғана. Ол менің төре газеттің төріне озып, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары ретінде ұжымға жетекшілік жасап, ресми тұрғыдан қызмет атқарып, еңбек еткен мерзімім. Әйтпесе басты басылыммен байланысым ту алыста жатыр. 1956 жылдың желтоқсан айында тырнақалды «Ақкөл» атты өлеңімді жариялап, ақындық қадамымның, ақеділ қаламымның тұсауын тұңғыш кескен ұлық үнжария осы. Содан бері соншалық жиі болмағанымен, ара-тұра жазғандарымды бастырып, араласып отырдым. Мұны мен қашан да бел көріп, бедел тұтамын. Мен үшін бұл мейірімі мол, пейілі кең парасат мектебі, айтқаны айнымас заң сияқты. Күні бүгінге дейін басқармасынан түскен тапсырыс болса, жаны-құтым қалмай, қашан қалтқысыз орындағанша, тыным таппаймын.
Менің ғана емес, мыңдардың, миллиондардың мерейлі мектебі болған бұл басылымға деген ынта-ықыласым сонау балаң күннен-ақ бөлек. Сол үшін баяғыда бір опық жей жаздағаным да бар. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімде үлгерімі жақсы оқушыларды комсомол қатарына алу үшін аудандық жастар ұйымының басшысы шалғайдағы ауыл мектебіне өзі келді. Бір аяғын майдан даласында Отан үшін беріп келген, еңгезердей қарасұр жігіт екен. Жасанды аяғын көсіле тастап таяқпен жүреді. Мектеп комсомол комитетінің, пионер ұйымының жетекшілерін және бір жас мұғалімді ала отырып, үміткерлермен жеке-жеке әңгімелесті. Сын сағат маған да жетті. Сұрай қалса, сонау Мәскеудегі Михайловтан бастап, Алматыдағы Қанапин, облыстағы Досаев, аудандағы мынау Мұқымовқа дейінгі комсомол басшыларының аты-жөнін жатқа білемін. Жоқ, бұл оларды емес, ата-тегімді сұраудан бастады. Алдымда жауап бергендердің бәрі жеті атамыздан бері жалшы болған кедейлерден деп ызамды келтірген. Сонан болар мен:
– Асып кеткен бай да емес, отқа қарап отырған кедей де емес, орта шаруаданмын, – деп сарт еткіздім.
– Ә, отқа қарап отырған кедей де емес дейсің бе?! – деп мырс етті хатшы.
– Газет оқисың ба өзің? Оқитының қандай газет?
– «Социалистік Қазақстан».
Онда биыл жазда Ашхабадта не болғанын айтшы. Ашхабад қандай қала екенін білесің бе?
– Білемін. Түрікменстанның астанасы. Бірақ барған да, көрген де қалам емес. Сондықтан онда не болғанын қайдан білемін, – дедім мен де жүнім жығылмай.
– Газетте жазған оны. Алапат жер сілкінісі болып, алты жүзге тарта адам опат болған. Ондай оқиғаларды біліп отыру керек. Алайда етің тірі бала екенсің, сені комсомол қатарына алайық, – деді хатшы суық түсін сәл жылытып.
Осылай арқа тұтар аға басылымды айтамын деп, нардан жығыла жаздағаным бар. Газет ақтарғанда алдымен дәйім өлең, әңгіме, фельетондарын теріп оқып, саясат жағына мән бермейтінімді несіне жасырамын. Сол дағдыдан әлі де арылып кеткенім жоқ. Қазір әйтеуір танымдық, талдамалы дүниелерді іздеп, соларға көбірек зер салатын болдық. Бас басылым сондай мәселелерге арна ашып, тарихымызды тірілтуге ден қойғаны бір ғанибет болды. Баяғыдан бері күткеніміз осы емес пе еді.
Біз деп отырғаным – саптыаяқтың сабынан қарауыл қарап бұлтартпайтын партиялық бақылаудың әсіре күшті кезіндегі журналистердің жанкешті буыны. Күндіз мақала өңдеп, түнде бет қарап, таң ата қол қойған газетін ертеңіне Үлкен үйден «қырағы көздер» қашан «дұрыс екен» дегенше ұстараның жүзінде жүргендей күй кешетінбіз. Талабы зор, салмағы зіл сол жүргеннен сытылып шыға алмай жүргенде 1973 жылы басымды жауапкершілігі бұрынғыдан бетер шынжыр ноқтаға салуға тура келді.
Алдында аға газеттің бас редакторының бірінші орынбасары қарымды қаламгер, қабілетті публицист Сапаржан Хайдаров қайтыс болып, орны біраз уақыттан бері бос тұрған-ды. Басылым басшысы білімдар да биязы, сарабдал да, салиқалы, сырбаз азамат Ұзақ Бағаевтың қалауы астаналық облыстың газетінде бірінші орынбасар болып жүрген маған түскен соң оның орынбасары болуға келісімімді бергенмін. Орталық партия комитетінің бөлімдерінен, тиісті хатшылардың алдынан өтіп, келесі аптада болатын бюрода бекітілейін деп тұрғанда Ұзекең кенет өмірден өтіп кетіп, менің мәселем кейінге ысырылды.
Ақыры, араға екі-үш ай салып, Бас редакторлыққа белгілі журналист, білікті ұйымдастырушы, партиялық жұмысты ұзақ істеген беделді қайраткер Сапар Байжанов бекітілді де, оншақты күннен соң біріміз орынбасар, біріміз жауапты хатшы болып Мыңбай Ілесов екеуіміз келдік. Алты ай бойы үш бірдей басшысы болмай, жалғыз қалған бір ғана орынбасардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып әбден ығыры шыққан алакөңіл ұжым бізді жаман қарсы алған жоқ. Жылы сөз естімей жетімсіреген жазарман жігіттердің ендігі үміті жаңа басшылықта екенін біз де сездік.
Шынын айтқанда, газеттің жағдайы да мәз емес еді. Мазмұны жұтаң, мағлұматы аз, әйтеуір ҚазТАГ-тан түсетін ресми материалдармен сықиып шыға береді екен. Авторлық толғаулар беру, көкейтесті мәселелер көтеру, тың тақырып табу жағы жоқтың қасы. Штаттағы қызметкерлердің міндеті жазу емес, еңбекшілер хатын қорытып, пікірлерін ұйымдастырып, газетті қатесіз шығару деген жаңсақ қағида бел алып, олардың өз жазғандарына орын сирек берілетін болған. Соның салдарынан бұрын әралуан басылымдарда көрініп жүрген Әділ, Әнуар, Дәрібай, Ғалымжан секілді тәп-тәуір жас журналистер дағдарып қалған. Тіпті, меншікті тілшілердің өз жазғандары жарияланбай, айлап жатады екен. Олардың да міндеті жазу емес, еңбекшілер пікірін ұйымдастырып, солардың атынан материал жіберу деп қадап қойған. Осындай «ұйымдастырудың» нәтижесінде диқан ғалымша, шопан ақынша, малшы маманша, құрылысшы сәулетшіше сөйлейтін, бір-бірінен егіз-тамшыдай айнымайтын мақалалар қаптап кеткен.
Әлгі айлап жатып қалған материалдардың арасынан Көкшетау облысындағы меншікті тілші, ақиық ақын Еркеш Ибраһимнің төрт тіркемемен астық таситын атақты жүргізуші Жәмшит Қожантаев туралы өлең-очеркі шыға келді. Оны оқи сала бас редактор кезекті бас мақаланың орнына салғызды. Бұл тілші жазған жақсы материал жатпайды деп, он тоғыз облыстағы өкілетті өкілдерімізге берілген белгі еді. Содан бастап тиісті бөлімдеріммен қоса меншікті тілшілерге де жетекшілік ету маған жүктелді. Бірінші орынбасар болғанда да, солардың жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, ыстық-суығын бірге арқаластым. Обалы не керек, меншікті тілшілеріміз барын салып, жанын салып жұмыс істеді. Шамасына қарай шабатын жүйріктей, қай-қайсысы болсын хал-қадерінше тың мәселелер көтеріп, газет беделін арттыруға атсалыса бастады. Бұл үрдіс бөлім қызметкерлеріне де жел беріп, олар да дүр түлеп, қаламын еркін сілтеуге кірісті.
Әдетте «Социалистік Қазақстан» қазақ баспасөзінің қарашаңырағы деп шашбауын көтеріп, шаң жуытқымыз келмейді. Тіпті, оны партияның басшы органы ЦК-ға ұқсатып «СҚ» деп қолпаштаймыз. Соншалық іш тартқаннан санаға сіңіп, зердеге орнығып қалғанынан шығар. Қазір де бас басылымды ауызекі «СҚ» деп атаймыз. Қазақ қаламгерлерінің ығайлары мен сығайлары осы шаңырақтан шыққан. Оның табалдырығын бір аттап, көрігінен бір өтуді армандамайтын журналист кемде-кем. Сондықтан бұған бір сіңіп, тұғырына көтерілген жанның отырған орнынан қозғалмайтыны, өсіп кетпесе, өшіп кеткісі келмейтіні заңды да. Өстіп отырып, газетте жүріп-ақ, газеттен шығып қалуға болады. Біз келгенде бес бөлімді алпысты алқымдап қалған, асуға да таяу бес ақсақал басқарып отыр екен. Бәрі де Отан соғысының от-жалынын кешіп келген майдангерлер. Ел алдында елеулі еңбегі бар осынау ардагерлердің өздерімен ақылдаса отырып, жасы асқандарын әспеттеп, құрметті демалысқа шығарып, орнын жас толқын жаңа буынмен толықтыру туралы бас редакторға ұсыныс түсірдім. Қарияларды қанша қимағанмен басылымға жаңа леп, соны серпін, тың күш керек қой.
– Сонда мұншалық мықты журналистерді қайдан аламыз? – деді басшы.
– Облыстардан аламыз. Сыртта «СҚ» түгілі Алматыға басын бір батыруды армандап жүрген талай тұлпар тұяқ, жез қанат журналистер бар. Қазір ұжым кілең оңтүстік өңірдің азаматтары. Арқадан, Атырау мен Алтайдан бір жан жоқ. Әлгілерді шақырсақ, аймақтарды да кеңінен қамтыр едік.
– Оларға пәтер керек қой.
– Өзіңіз білесіз, көзі тірісінде Бағаев досыңыз Бюроның алдына газеттің жай-күйі жөнінде мәселе қойып, Орталық Комитет алдындағы екі жылда «СҚ»-ға он пәтер беруді Алматы аткомына жүктеген жоқ па еді?!
Орамды ойға, орынды пікірге, оң ұсынысқа жанып кететін санасы сергек Сапекең «пәлі» деп бір күліп алды да, алақанын сарт еткізіп, «ендеше осыған кірісейік», – деді. Ұзамай-ақ екі жылға жетер-жетпес мерзімде екі қарияны құрметті демалысына шығарып, жасырақ бір ардагерді облыстық газетке редактор етіп жіберіп, көрнекті бір бөлім бастығын «Қазақстан» баспасына, өнер жайында жазуға ыңғайы бар әріптесін «Мәдениет және тұрмыс» журналына Бас редактор етіп ұсындық. Үлкен бір бөлімнің меңгерушісі «Қазақстан коммунисі» журналынан өз орнын тапты.
– Олардың орнын арнайы шақырылған алғыр қаламгерлер басты. Торғайдан Бекболат Әдетов, «Лениншіл жастан» Болат Бодаубаев, Қостанайдан Қойшығара Салғарин, Өскеменнен Тоқтарбек Қызықбаев, Қызылордадан Зұлқарнай Сақиев, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбеков, ҚазТАГ-тан Кеңес Юсупов, Шымкенттен Халидолла Рахматуллин келді. Кілең қырықтың ар жақ, бер жағындағы шоқ шайнап, от бүріккен арынды да алымды қаламгерлер. Кейінірек сыннан басқаға мойын бұрмайтын қаламы жүрдек, қиялы қиғақ Нұридден Муфтахты Атыраудан алдырттық. Оған бос орын болмай, әуелі редакция меңгерушісі етіп алып, артынан фельетон бөлімін ашып бердік. Көпшілік көңілінен шыққан сын мақалаларымен ол да газет беделін көтеруге көп еңбек сіңірді.
Ұлық газет ұжымының кадр мәселесін кезінде біз осылай шешкен едік. Өзімізде өндірістік тәжірибеден өткенде ерекше көзге түскен журфак түлектері Ержұман мен Сауытбекті, Жүнісбек пен Жұмабекті қызметке алып қалып едік, олар да газет мерейін өсіруге өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде жоғарыда аттары аталғандардың бәрі дерлік қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тұғырлы тұлғалары.
Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «СҚ»-ның беделі биіктен, абыройы асқақтаған тұсы да солар қызмет істеген кезең. Бір бетке тұтас берілетін очерк-эсселер, сұхбат-сырласулар, тақырыптық беттер белгілі бір мәселе жайында өткізілетін «дөңгелек үстел» басындағы әңгімелер сол кездің тумалары. Белгілі бір саланың басшылары мен мамандары, айтулы еңбек адамдары бас қосып, ойларын ортаға салған кейбір «Дөңгелек үстел» әңгімелері қаптал бетке берілетін, тіпті тұтас нөмірге де көсіліп кететін. Кейін олар көтерген мәселелер бойынша тиісті мекемелер қаулы қабылдап, қыруар шұғыл шаралар белгілеп жататын. Тақырыптық арнаулы беттер өз алдына.
«Жетісу» газетінде интервьюдің орнына «Съезд делегаттарымен сұхбат» деп өзім алғаш пайдаланған «Сұхбат» мағынасын молайтып, ұғымын ұлғайтып, «СҚ»-ға бірден сіңіп, әйдік бір айдарға айналды. Ұмытпасам, қазіргі киелі мәні бар «Елбасы» сөзі де әу баста менің қаламыма оралған сияқты. Кезінде Абылайхан наймандардың хандығын Қаракерей Қабанбайға ұсынғанда батыр: «Ел бөлінбеуі керек, Елбасы біреу болуы, басқалары оған тіреу болуы тиіс» деген екен. Сол сөзді мен 90-жылдардың басында Тұңғыш Президент туралы жазған очеркімде пайдаланып, «Елбасы біреу, ел-жұрты тіреу болуы керек» деген тақырып қойған едім. Ал «Егемен» сөзін бірінші болып енгізгенімді жалтақтамай-ақ, толтырып айта аламын.
Ол кезде игі басылымның бірінші орынбасарлары Үлкен үйдің ұйғарымымен Парламент тілшісі ретінде Мәскеуге жиі барып, Халық депутаттары съезінен репортаждар беріп тұруға тиіс болатын. Балтық республикаларының суверенді ел боламыз деп, Одақтан шығып жатқан тұсы «Алтыншы баптың айналасындағы айтыс» деп Мәскеуден жазып жіберген мақаламда суверенитетті «егемендік» деп қолданған едім. Жазғаным еш өзгеріссіз тоқсаныншы жылғы ақпан айының ортасында жарық көрген. Жаңа сөзге жаны құмар Шерхан басшымыз «Егеменді» бірден мақұлдады. Осылай «коллективтің» орнына ұжым, «совхоздың» орнына кеңшар мәтіндері сөздік қорымызға сіңіп кетті.
Өз басым газет-журналдарда ұзын саны 30 жыл басшылық қызмет атқарғанда 500-ге тарта бас мақала жазған адаммын. Кеңес кезінде бас мақаласыз газет шықпайтын, оны басылымның туы деп білетін-ді. «СҚ»-дағы съез, сессия, пленум сияқты мәртебелі жиындардан кейін бірінші бетке беріліп, төрт бағанды алып жататын насихаттық тұжырымдама, бас мақалалардың денін мен жазатынмын.
Елге әйгілі танымал тұлғалар жайындағы бас мақалаларды да газетке енгізген мен едім. Басты мақала болған соң оның пікірі айқын, тілі айшықты, әрлі де, нәрлі, ойлы болуы ләзім. Ол үшін ұдайы ізденіп, дамыл-тыным таппау керек. Сондай ізденістердің нәтижесінде талай тың тіркестер туындап, сырттан кірген сөздердің қазақ ұғымына жеңіл аңдатпа (аннотация), бағдарлама (программа), айқындама (концепция), тұғырнама (платформа) тәрізді бірпара баламалары табылып, тілімізді байыта түсті.
Бір өкініштісі, сол мақалалардың бәрі авторсыз басылып, газеттің ұжымдық туындысындай ортақ дүние саналып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әйтпесе, олардың бірсыпырасы тілі төгіліп, үні сайрап тұрған тәп-тәуір публицистика еді. Әттең, олардың кейбір пысықайлардың ғылыми, әдеби еңбексымақтарына еніп, әдіп болып, әлдекімнің жемсауына кеткеніне ішің удай ашиды. Жарық көрген күннің ертеңіне-ақ оларды бәзбір ғалымсымақтардың арасына бірді-екілі бірдеңелер қосып, радиодан өзі шығарғандай сампылдап оқып тұрғанын естіп, зығырданым қайнағаны бар. Мұны мен өзімді дәріптеу үшін емес, еш болған еңбекке өзегім өртенгеннен айтып жатырмын.
Жалпы, жаңа сөзді журналист жасайды да, жазушы пайдаланады, халық игілігіне айналдырады. Көбіне оның алғашқы авторы ұмыт қалады. Кәдімгі хан айтқан сөзді қара да айтады. Бірақ аузының дуасы жоқтың «кері». Қазір сөз қадірін білетіндер де шамалы. Ал Алаш арыстарынан бастап, алдыңғы толқын ағалар тың пікір, ұтқыр ойға айрықша мән беруші еді ғой. Жетпісінші жылдардың орта шегінде «пляжды» жағажай деп алғанымызға қуанып, қазақтың маңдайына біткен марғасқа қайраткер, санаулы санаткерлердің бірі Нұртас Оңдасыновтың редакциямызға хат жолдап құттықтағаны бар. Жарықтық Алматыға жолы түссе редакциямызға бір соқпай кетпеуші еді. Бірде Қарағандылатып келіп, бізге арнайы кіріп, қал-жағдайымызды білді. Әңгіме үстінде: «Тың тақырыптарыңды жаңа, жатық терминдеріңді көріп, қуанып отырамын. Газет тіл байлығының кен көзі ғой» деп бастап, ойын әрі қарай өрбіткен-ді. – Әрине, кен иесі – «халық». Баяғыда Совмин төрағасы болып тұрғанда бір күні «Социалистік Қазақстанды» қарап отырып, «Ауылшаруашылық мәдениеттерінің өнімділігін арттырайық» деген тақырыпқа көзім түсіп, түсінбей аңырып қалдым. Сосын телефон шалып, редакторы Балтабек Асановты шақырып алып «Мынау өнімділігін арттыратын қандай мәдениет?» деп сұрадым. «Сельскохозяйственная культура» емес пе?» деді ол абалақтап. Ежелден егіншілікпен айналысып келе жатқан Оңтүстік халқы мұны «Ауыл шаруашылығы дақылдары» дейді, арпа, сұлы, бидай, көкөніс, бәрі соның ішінде. Сондықтан бұны бұдан былай «дақыл» деп жазыңдар» деп дақылды енгізген мен едім. Қазақтан тілге бай халық кемде-кем. Сол байлықты байыпты зерттеп, зерделей білсек, сырттан келген кез келген сөзге балама тауып, тіпті өзімізше түрлендіріп, тілімізге сіңіріп жіберуге болады.
Бұл күндері мұндай ұлтқа қамқор, тілге жанашыр, биік мансапты, бірегей қайраткерді қайдан табарсың? Қазіргілер қит етсе, көпке түсінікті болсын деп, орысша шүлдірлей жөнеледі емес пе?..
Әлгі Асановтың қырқыншы жылдардың басында «СҚ»-ның бас редакторы болғанын бүгінгі буын білмейді де. Биыл 100 жылдығын тойлағалы отырған газетімізге зерттеушілердің айтуынша, 42 редактор қол қойған екен. Солардың кейбіреуі екі-үш нөмірге ғана қол қойған. Ал мен бас редактордың орынбасары бола жүріп, төрт жүзге тарта нөмірге қол қойдым. Бірақ редактор емес, орынбасар деп. Алайда төре газеттің төбе басшысы болмадым деп ешқашан өкінген емен. Саңлақ ақын Сырағаңның, Сырбай Мәуленовтің Бауыржан Момышұлына арнаған бір өлеңінде:
Күннің көзі тұрғанында қанталап,
Тұрғанында жан-жақтан жау анталап,
Өзің батыр болмасаң да ағажан,
Шығып едің сан батырды арқалап, – деген жолдар бар. Сол айтқандай, өзім Редакторы болмағанмен, ағалық ақылымды аямай, алғаусыз қамқорлықпен баулып, қанатымның астына алған төрт шәкіртім, атап айтқанда: Сауытбек Әбдірахманов, Уәлихан Қалижанов, Ержұман Смайылов, Жанболат Аупбаевтың «СҚ»-ға бас редактор болып, мәртебелі басылымның тізгінін ұстағаны маған зор мерей. Аға үшін одан асқан абырой бар ма?!
Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы