Бүгін облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бір ай бұрын жарияланған байқауға жетісулық журналистер, тіл мен рух жанашырлары қызығушылықпен қатысып, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұлт тілінің дамуына қосқан үлесі мен қазақ руханиятындағы орнын саралаған шығармаларын ұсынды.
Қазылар алқасының талқысына түскен еңбектердің арасынан 5 автордың жұмысы іріктеліп, жүлдеге ілікті. Нәтижесінде, басылымның 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық шығармалар байқауының 1-орыны облыстық «Jetisu» газетінің тілшісі Болат Мәжитке бұйырды. Ал жүлделі 2-орынды жас журналист Дастан Қастай қанжығасына байлады. Сондай-ақ 3-орынды «Jetisu» газетінің тілшісі Қажет Аңдас жеңіп алды. Бұдан соң, екі ынталандыру сыйлығы «Қаратал» аудандық газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаев пен «Jetisu» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбекке берілді.
Талдықорғанда өткен салтанатты жиынды ашқан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев қазақ тілінің тағдырлы тарихындағы баспасөздің алатын орнын айшықтап, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұлт дамуы мен тіл мәдениетін қалыптастырудағы ғасырлық шежіресіне тоқталды. Жиында басылым ардагері, кезінде газетте меншікті тілші болған аға буын журналист Әли Ысқабай, белгілі сықақшы Тұрлыхан Кәрім және Нүсіпбай Әбдірахым, Болат Абаған сынды жетісулық майталман қаламгерлер сөз алып, бас басылымға 100 жыл толуымен құттықтады.
Сондай-ақ игі шара барысында басылымның Алматы облысындағы меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали байқауды ұйымдастырған облыс әкімдігіне, Тілдерді дамыту басқармасына және қалың оқырманға «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің атынан алғыс айтты.