• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Мамыр, 2019

Қостанайда қызғалдақ фестивалі өтті

1254 рет
көрсетілді

Амангелді ауданында бірінші рет «Айналдым, сенен Атамекенім!» атты облыстық қызғалдақ фестивалі өтті.

Торғай даласында қазір қызғалдақ маусымы, қызылды-жасылды кілем төсегендей көктемнің құлпырған шағы. Амангелді поселкесінің іргесіне ақ шаңқан үйлер жағалай тігілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткен мерекеге жиналғандарды облыстық мәдениет  басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан қызғалдақтар мерекесімен құттықтады.

Аудан әкімі Әмірхан Асанов қызғалдақтар мерекесі жас ұрпақты туған жерге патриоттық сезімде тәрбиелеудегі үлкен шара екенін айтты.

Халқымыздың рухани өмірімен астасқан табиғат байлығы қызғалдақ қазақ жерінің бір мақтанышы болып саналады. Қызғалдақ фестивалінде халқымыздың дәстүрлері мен салтын жаңғыртқан қолөнершілер, зергерлер өз қолынан шыққан өнер бұйымдарын көпшілікке көрсетті. Олардың қалай жасалатынын қызықтаушылар көп болды. Айтыс, ат жарыс, балуан күресі, қыз қуу, тоғыз құмалақ жарысы, концерт фестиваль қызығын еселей түсті.

«Фестиваль өте мазмұнды, қызық болып жатыр. Қыстан кысылып шыққан халық сілкініп, көңіл көтеріліп қалды»,  дейді Амангелді ауданының тұрғыны Төлебаев Серік. 

Амангелді ауданындағы Тойтөбе нағыз мереке мекеніне айналды.