ҚХР-дан алынған 2 млрд юаньға (112 млрд теңгеден астам) 9 автокөлік бекеті мен 1 темір жол өткізу бекеттерін жаңғырту және техникалық жабдықтау жоспарланып отыр. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Экономика» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Жібек Абылқасымова жоспарланған жоба 2022 жылға қарай аяқталуы тиіс екенін айтады. Несиені юаньға шаққанда жылдық мөлшерлемесі 2%-ды құрайды. Өтеу мерзімі – 20 жыл. Алғашқы 5 жылда тек пайыздық төлем аударылмақ. Алтыншы жылдан бастап соңғы мерзіміне дейін қарыздың негізгі сомасы төленеді деп жоспарлануда.
– Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасының барлық периметрі бойынша бақылау пункттерін жаңғырту, сондай-ақ тауарлардың қозғалысын толық циклді автоматтандыру – кедендік әкімшілендіру деңгейінің сапасын көтереді. Сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері барынша азайтылады. Бұл тұтастай алғанда трейдерлер мен елдің қаржы шығындарына жағымды әсер етеді, – деді Ж.Абылқасымова.
Finprom.kz агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2018-2019 жылдары құны 4,4 млрд АҚШ доллары болатын 11 қазақстандық-қытайлық жоба жүзеге асырылуға тиіс. Биылғы жылдың басында қытайлық инвестициялардың көлемі 15,6 млрд долларды құрапты. Соңғы үш жылда ҚХР-дың инвестициялық ағындарының желілік өсуі 6,6%-ды көрсетіп отыр.Салалық сегментте Қытай елінің инвесторлары үшін ең тартымды 5 сектор қарастырылған. Бұл – тасымалдау және қоймалау (4,9 млрд доллар), тау-кен өндірісі (2,6 млрд доллар), қаржы және сақтандыру қызметі (2,2 млрд доллар), құрылыс, қайта өңдеу өнеркәсібі (2,1 млрд доллар). ТОП-5 саланың үлесі барлық қытайлық инвестицияның 88,9%-ын (14 млрд АҚШ доллары) құрайды. Бүгінгі таңда екі ел компанияларының бірлескен жобаларының ұзын саны 51-ге жетіп, жинақталған инвестиция 27 млрд долларды құрағанын да айта кету керек. Көзделген меже іске асырылса, 20 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылуы ықтимал.
Дегенмен, мына бір жайтты естен шығармаған абзал. Геосаясаттағы тектоникалық өзгерістерді назарға алсақ, көршілерімізге жасалған санкциялардың салқыны Қазақстанға да тиюі ғажап емес. АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда соғысы өрши беретін болса, бұл белгілі дәрежеде қазақстандық экономикаға да әсер етуі ықтимал. Өйткені Ресей мен Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда әріптестері. Тағы бір фактор, АҚШ-тағы ақша-кредит саясатын қатаңдату. Бұған қоса мұнай нарығындағы тұрақсыздық – күн тәртібіндегі мәселенің бірі.
– Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, Ресейге қарсы жасалған санкциялардың Қазақстанға тигізетін әсері ірі экономикалық шығындарға немесе геосаяси шиеленістерге әкеледі деген қауіп соншалық үлкен емес. Қазақстан көпвекторлы саясатын әрі қарай жалғастыра береді. Дипломатиялық тетіктер арқылы өзінің интеграциялық байланыстарын үдете түседі. Президент белгілеген мультивекторлық саясат дұрыс, – дейді Ж.Абылқасымова.
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанмен іргелес немесе алшақтау жерде орналасқан экономикалар көп. Олармен де санасып, кез келген жағдайға бейімделе білу қажет.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
журналист
СЕМЕЙ