• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Мамыр, 2019

Археологтар Сегізсайға жиналады

1978 рет
көрсетілді

Биылғы 11-13 маусым күндері Батыс Қазақстан облысындағы Есенамантау үстірті мен Елекшар қорымында бұған дейін қазба жұмысын жүргізген археолог-ғалымдардың қатысуымен «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық археологтар симпозиумы өтеді.
Археология ғылымында «Лебе­­довка» атауымен енген Сегіз­­сай көне қорымын ғалымдар ер­ек­ше тарихи-табиғи аймақ санай­ды. Батыс Қазақстан облы­сы­н­ың Шыңғырлау және Қара­тө­бе аудан­дарының шекарасында жатқан осы бір мүйісті Мысыр­дың әйгілі «Перғауындар алқа­бы­мен» те­ңесе де болғандай. Орал қала­­сынан оңтүстік-шығысқа қа­­рай 280 шақырым қашықта, Шың­ғыр­лау мен Қалдығайты өзен­де­рі­нің аралығында жатқан осы бір алақандай аумақта 300-ден аса көне қорым – оба бар екен! 

Сегізсай алқабының бір ерек­шелігі – мұнда сарматтар тари­хы­­ның мыңжылдық кезеңін қам­ти­тын обалар сақталған. Жал­пы, ғалымдардың пікірінше сарматтар тарихы төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші савроматтар кезеңі – б.д.д. VI-IV ғғ. Екінші ерте сармат кезеңі – б.д.д. IV ғасырдан шамамен б.д.д. I ғасырдың ортасына дейін созылады. Үшінші орта сармат кезеңі – б.д.д. I ғасырдың ортасынан б.д. II ғасырдың ортасына сәйкес келеді. Төртінші, кейінгі сармат кезеңі – б.д. II ғасырдың ортасынан IV ғасырдың ортасына дейін келеді. Міне, осы мың жыл бойына Сегізсай алқабына сармат патшалары, билеушілері, бақсылары жерленіп келген.

Қазақ даласындағы көне қо­р­­­ым­­­дар ал­тын із­деуші қа­рақ­­­­­шы­­лар тара­пынан да, Пат­ша­­­лы Ресей кезіндегі арна­йы «экспе­дициялардың» іс-әреке­ті­­­мен де талай ғасыр тонауға түскен. Тіпті Кеңес өкіметі тұ­сын­­­дағы археологиялық қазба жұмыс­тарының нәтижесі де осы­ған ұқ­сайды. Сегізсай (Лебедовка) қор­ы­мы 1966 жылдан бастап жыл сайын қазылса да, бүгінде Шыңғырлау аудандық музейінде бұл обалардан табылған бірде-бір жәдігер жоқ! Мәскеуден, Одақтың түкпір-түкпірінен, Орал қаласынан келген археолог­тар құнды бұйым­дар­ды, тарихи жәдігерлерді орта­лық­­­­­­­қа алып кетіп отырған. Бұл жөнінде «Сар­мат­­тар сарқытындай Се­гіз­­сай» атты мақа­ламызда кеңі­­­рек айтқан болатынбыз.

– Біз Кеңес өкіметі жылда­ры және одан бергі уақытта Есенаман­тау үстірті мен Елекшар қоры­мында қазба жұмысын жүр­гіз­ген археолог ғалымдарды Шың­ғырлау өлкесіне қайта жинап, туған жеріміздің тарихын түген­де­­гіміз келіп отыр. Өйткені жо­ға­ры­дағы археологиялық қазба жұ­мыс­тарының есебі, нәтижесі көпші­лікке белгісіз. Кейбір сала­лық әдебиеттерде ғана жария­лан­ға­ны болмаса, жалпы халыққа жетпей жатыр. Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында біз осы тарихқа қайта оралып, 2019 жылдың 11-13 маусым күндері аралығында бұрынғы Кеңес Одағының археологтарына танымал Лебедевка қорымында әр жылдары археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жүргізген ға­лым­дардың қа­тысуымен «Көне Сегізсай» та­қы­рыбында далалық археологтар сипозиумын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Шың­ғыр­лау аудандық музейінің дирек­торы, «Үздік өлкетанушы» төс­бел­гі­сінің иегері Тілеген Қалиев. Бұл симпозиумға Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және спорт министрлігінен өкіл­дер, Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара, Волгоград, Орын­бор, Челябі қалаларынан және Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан археолог, антрополог ғалымдар қатысады деп күтілуде.

Осы күндері Шыңғырлау аудан­­­­дық мәдениет үйінің дәлізінде «Есенамантау» үстіртінде және «Елекшар» қорымындағы архео­логиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған, Батыс Қазақ­стан облысының тарихи-өлке­тану музейі қорындағы жәді­гер­лер көр­ме­­сі қойылады. Бұл осы өңірден табылған тарихи жәдігерлердің қазып алынғаннан кейін тұңғыш рет қайта оралуы десек те болады.

Бұдан кейін «Көне Сегізсай» атты симпозиумның пленарлық оты­рысы өтіп, симпозиумға қаты­су­­шылар Шыңғырлау ауылынан «Елекшар» қорымы арқылы «Есенамантау» қорымына бара­ды. Сол жерде «Археология ескерт­кіштерін сақтау және зерттеу. Ресей Федерациясы және Қазақ­стан Республикасындағы ескерт­кіштерді зерттеудің заманауи әдістері, оларды сақтау проб­­лемалары және шешілу жолда­рын талқылау мәселелері» тақы­рыбында далалық семинар ұйым­дас­тырылады.

Симпозиумға Кеңес өкіметі жылдары осы өңірдегі қазба жұ­мыс­­тарына қатысқан ғалымдар ша­қырылды дедік. Олардың арасында Орынбор қаласынан тарих ғылымдарының кандидаты, «Сегізсай» кешенін қазған архео­лог Сергей Гуцалов, Челябідегі Оңтүс­тік Орал мемлекеттік уни­вер­­ситетінің тарих және архео­логия институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, «Сегізсай» кешенін қазған археолог Сергей Боталов, Ресей ҒА Этнология және антропология институты Физикалық антро­пология орталығының ғы­лыми қызметкері, тарих ғы­лым­дарының кандидаты, Сегіз­сай кешенінен табылған бұйым­дарды зерттеген антропо­лог Егор Китов, Волгоград мем­ле­кеттік университетінің до­ц­ен­ті, «Древности Лебедевки» (Ежел­гі Сегізсай) монография­сы авторларының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Ва­ле­рий Клепиков, орыс геогра­фиялық қоғамы Орынбор аймақ­тық бөлімінің сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Үлгілі және Елекшар кешендерін қазуға қатысқан Сергей Бог­да­нов, Ресей ҒА Шығыстану институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Қазақ­станның батыс өңіріндегі ескерткіштер саласының маманы Арчил Балахванцев, Еділ-Жайық даласының қола және ерте темір дәуірі кезеңін зерттеуші ға­лым, тарих ғылымдарының докторы Александр Хохлов, Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институты Батыс Қазақстан аймағының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаев, «Сегізсай» кешенін қазған танымал қазақ­стан­дық археолог, тарих ғылым­да­рының докторы Рахим Бек­на­заров, батысқазақстандық археологтар Яна Лұқпанова мен тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов және басқалары бар. Шын мәнінде көне Сегізсай өңірін әр жылдары зерттеген археолог ғалымдар бұрын-соңды бұлайша бір жерге жиналған емес.

– Біз осы шара арқылы туған өлкеміздің тарихын түгендеп, ғылым үшін аса маңызды Се­гіз­сай обалар кешенін одан әрі зерт­теудің келешегін жүйеге түсір­гіміз келеді, – дейді Тілеген Қалиев. 

Батыс Қазақстан облысы