Қазекемнің мұндайда: «Әйелі ұл тапқандай қуанып!» дейтін әзілін еріксіз еске түсіреді.
Біз отырған машинаның руліндегі жігіт басын шайқап: «Қуаныштың да өз орны, өз жауапкершілігі бар емес пе, – дейді әлгі жүргізушіден сақтаныңқырап келе жатқанын сездіріп. – Бүйте берсе, бірнәрсеге арандап қалуы әбден мүмкін ғой».
Әрине, мынау мегаполистегі көше қозғалысы ешкімнің де еркелігін көтере алмайды. Ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың тізгінінде шиыршық атып бір-бір «Жүйке» отырғанын естен шығармаңыз. Олардың бірінің шамына ши жүгіртсеңіз, жүз көлікке кесіріңіз тиюі мүмкін.Әйткенмен, артқы орындықта жалғыз өзі отырған балуан тұлғалы, жомарт мінезді досымыз кеңк-кеңк күліп: «Әй, жігіттер, бәрінен де анау терезедегі жазудың салмағы ауыр емес пе?! – деді гүжілдеп. – Жаңа ғана дүниеге келген сәбиді батыр етіп тәрбиелеуден артық жауапкершілік бар ма, сірә?..».
Осыдан соң әрқайсымыз оның сөзін өзімізше таразылап, үнсіз қалдық.
Кім білсін, біз туғанда да әкеміз батыр болады деп қуанған шығар деген ой іштей мазалап келе жатты...