Әрине, түркі өркениеті ғана емес, адамзат мәдениетінде айрықша орны бар «Қорқыт ата» дастанының жаңа қолжазбасының табылуы қуанарлық жайт. Түбі бір түркіге ортақ мұраны бір кіндіктен тараған бауырлардың кез келгені насихаттап, жаңалықтарды жаһанға жар сала отырып жариялауға құқылы. Алайда әр елдің мәдени мұралары, рухани қазыналары болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында да рухани мұра мәселелеріне айрықша назар аударып, Ұлы даланың киелі жерлері мен ұлы есімдерін ұлықтау ісін, фольклорлық мұраларды зерттеуді тапсырған-ды. Қорқыт баба – Ұлы даланың ұлағатты һәм ұлы перзенті. Біз Қорқыт бабаны қазақ даласында мәңгілікке байыз тапқан тұлға ретінде бағалаймыз. Қазақстанның бастамасымен және Түркия, Әзербайжан елдерінің қолдауымен Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізу мәселесі көтеріліп, былтыр күзде аталған ұйым Қорқыт ата мұраларын тізімге қосты. 2015 жылы Халықаралық Түркі академиясы Парижде «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі» атты арнайы шара да ұйымдастырған. Бұл басқосу «Қорқыт ата» кітабының Дрезденнен табылуының 200 жылдығына орай ұйымдастырылып еді. Осы мысалдардың өзі-ақ Қазақ елі де Қорқыт ата мұраларына жанашыр екенін, бұл бағытта елеулі істер атқарып жатқанын көрсетсе керек. Алайда соңғы нұсқаға қатысты ақпаратты біздің ғалымдардың білмей қалып, жаңалықты өзге зерттеушінің жаһанға жар сала хабарлауы таңғалдырып отыр. Біз сол қолжазбаны түрік ғалымына кім бергенін білгіміз келеді. Қолжазбаны сақтап келген әулетті де танығымыз келеді. Өйткені мұндай мұраны ғасырлар бойы сақтап отыру ерлікке пара-пар іс. Қазақ даласына келген талай саяхатшы ұлттың жауһарларын жинап кеткені тарихтан белгілі жайт. «Қорқыт ата» дастанының бір қолжазбасы табылған Маңғыстау өлкесін кезінде Рихард Каруц тәрізді талай саяхатшы-этнографтар кезген. Өзгелер де болды. Ұлы даланы мақсатты түрде кезіп, түркі жұртының мұраларын сыпырып-сыйырып кетуді көздеген сансыз саяхатшы естімеген, білмеген мұраны тәуелсіз елдің азаматтары қалай шетел ғалымына беріп қойғанына таңғаласыз. Сөз басында жаңалыққа қатысты «бірақ» дейтін тұстары бар» деуіміздің сыры осында. Өйткені сауал тым көп. Айталық, осынау құнды мұраны қазақ ғалымдары қалай білмей қалды? Не себепті қолжазбаны түрік ғалымы жаһанға таныстырып отыр? Түрік ғалымының жариялағаны түпнұсқа ма, жоқ әлде Метин Екижи мырза көшірмесін ғана алып, соған сүйеніп мәлімдеме жасады ма? Түпнұсқаның өзі қайда?.. Тізбектей берсек көп сауалға әзірге мардымды жауап болмай тұр. Сондықтан жаңадан табылды дейтін нұсқа «құпия қолжазбаға» айналып кетті.
Әлбетте, біз ұлы мұраны айдай әлемге паш еткен ғалымға хабарласуға тырыстық. Алайда, Метин Екижимен байланысу мүмкін болмады. Ғалым Түркияның Байбұрт қаласында өткен симпозиумнан кейін журналистерден бойын аулақ салғаны байқалады. Тек түрік ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында өзінің Маңғыстау облысы аумағында түркі мәдениетіне қатысты зерттеу жасағанын айта келе, «Сол жердегі достарымыз өз қолдарында Қорқыт ата кітабының нұсқалары бар екенін айтты. 61 беттік файлды маған берді. Бұл файлдардың ішінде Қорқыт ата кітабының он үшінші дастаны саналатын «Салур Қазанның айдаһарды өлтіруі» деген жыр да бар. Одан бөлек Қорқыт атаның даналық сөздері кездеседі», депті. Ғалымның пікіріндегі «файл» деген сөзді қолжазбаның көшірмесі ретінде ұқтық. Сондықтан, түпнұсқа бізде қалған шығар деп үміт етеміз. Өйткені Түркияның Байбұрт қаласында өткен симпозиумда дастанның электронды нұсқасы таныстырылған. Яғни, әзірге дастанның түпнұсқасын түрік ғалымы ешкімге көрсеткен жоқ. Алайда мұның өзі көңіл түкпіріндегі күдікті сейілте алмай тұр. Тіпті, түпнұсқа бізде қалғанның өзінде, қолжазбаны түрік ғалымына бергендер ұлт мұрасына тым салғырт қарайтынын байқатып отыр. Әрине, бұл жерде айыпты ғалымдар емес шығар, мұраны сақтаған азаматтардың жеке шешімі болуы да мүмкін. Алайда халық қазынасын, ұлттық мұраны сақтамау, өзгеге бере салу бабалар аманатына жасалған қиянат болар еді. Өйткені қолжазба Қазақ даласында ұзақ жылдар бойы сақталған. Оны тұтас бір әулет көзінің қарашығындай қорғап келді. Ресей мен Еуропаның сансыз саяхатшыларының көзіне түсірмеді, оларға сыбыс та білдірмеді. Сөйткен мұраны отандық ғалымдар білмей қалады да, шетелден келген зерттеуші тауып ала қояды. Күмән тудырған жағдай осында. Түрік ғалымының «достарымыз» дегендері кімдер екені әзірге беймәлім күйі қалып отыр. Ал қазақстандық бірқатар ғалымдар атақты дастанның жаңа нұсқасы табылғаны жайлы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған ақпараттан білгенін, мұндай қолжазбаның елімізде сақталғаны жайлы деректен беймағлұм екенін айтты. Арнайы хабарласқанымызда академик Мырзатай Жолдасбеков те, профессор Шәкір Ыбырай да түпнұсқаны көрмей тұрып қандай да бір байлам жасауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар М.Жолдасбеков түрік ғалымы айтқан нұсқа ел ішінде сақталмай, Түркияға апарылған болса елдігімізге сын екенін тілге тиек етті. «Түпнұсқаны көрген жоқпын, сондықтан қандай да бір пікір білдіре алмаймын. Тек түпнұсқа Түркияға әкетілген болса, ұятқа қаламыз», деді М.Жолдасбеков. Ал Қорқыт мұраларын зерттеуге талай жылдарын арнаған ғалым Ш.Ыбырай болса, қолжазбаны көрмегенін, бұл жаңалықты ақпарат құралдарынан ғана естігенін, бұрын мұндай қолжазба сақталғаны жайлы сыбыс та болмағанын айтты. Түрік ғалымының қазақстандық шәкірті, PhD доктор Бекарыс Нұриманға хабарласқанымызда, ол ұстазының жаңалықты Түркияда өткен симпозиумда сүйіншілегенін айтты. Сондай-ақ ол түпнұсқаның нақты қайда екенін өзі де біле алмай отырғанын тілге тиек етті. «Түпнұсқаның дәл қазір нақты қайда екенін білмеймін. Бұл ақпараттың өзін Метин Екижи ағайымыздан естідік. Ол кісімен байланысып отырмын. Іссапарда шетелде жүргендіктен, «Түркияға жеткен соң хабарын беремін» деді. Бірақ түпнұсқа ол кісінің немесе басқа біреудің қолында дегенді нақты айта алмаймын. Орайы келгенде айта кетейін, Ватикан нұсқасында алты, Дрезден нұсқасында он екі жыр бар. 63 беттен тұратын, табылып отырған үшінші нұсқада Қорқыт атаның даналық сөздері және «Салур Қазанның жеті басты айдаһарды өлтіруі» деген он үшінші эпос бар. Иә, бұрын-соңды айтылмаған жаңа эпос! Метин Екижи бұл қолжазбаға «Түркістан» нұсқасы деп ат беріп отыр» деді.
Яғни, «Қорқыт ата» кітабының ғылымға белгісіз болып келген жаңа қолжазбасын дәл осы тақырыпты қаузап жүрген зерттеушілеріміз бұрын естімеген. Нақты пікір айта алмай отырғандары да содан болса керек.
Одан бөлек «Қорқыт ата» дастанының жаңадан табылған қолжазбасына қатысты әлі де нақтылауды қажет ететін жағдайлар бар. Яғни, қолжазба шынымен түпнұсқа ма, жоқ әлде кейін жазылған дүние ме дегенге қатысты мәселе. Байбұртта өткен симпозиумға қатысқан PhD доктор, тіл маманы Гүлім Шадиева жиынға қатысушылардың жаңалыққа күмәнмен қарағанын да айтты. «Түркиядағы симпозиумға қатысқан ғалымдардың біразы жаңалыққа күмәнмен қарап отыр. Өз басым симпозиумның екінші күні қатыстым. Метин Екижи мырза басқосу кезінде қолжазбаны кімнен алғанын айтпаған әрі түпнұсқаны көрсетпепті. Өзім де көрген жоқпын. Сондықтан нақты пікір айта алмаймын. Дегенмен, мәтін қолымызға тиер болса, қолжазбаның қай дәуірде жазылғанын анықтау қиын емес. Өйткені Қорқыт ата кітабының бүгінге дейін жеткен нұсқаларының барлығы дерлік Анадолы жерінде жазылған. Халықтың ауызша айтып келген дастаны оғыз тайпалары Анадолы жеріне барған соң, XV-XVI ғасырларда хатқа түскен. Сөйте тұра оларда да XIІІ- XІV ғасырға тән ерекшеліктер кездеседі. Бізге белгілі нұсқаларының барлығында кейін қосылған элементтер бар. Бір-екі кейіпкерінің есімі де мұсылманша. Ал Маңғыстау жерінен табылған нұсқа шынымен «Қорқыт ата» дастаны болса, онда бұл ең көне нұсқа болуы тиіс. Әрі жазу тілі де өзгеше болуы ғажап емес», дейді.
Қысқасы, «Қорқыт ата» дастанының жаңадан табылған қолжазбасының түпнұсқасы қайда екенін білетін ғалым кездестірмедік. Әрі қолжазбаның шынайылығына да күмән бар. Алайда түрік ғалымы жариялаған қолжазба шынымен жаңа нұсқа болса, сонымен қатар, оны түрік ғалымы ел аумағынан шығарып әкеткен болса, онда ұяттан өртенуден басқа амалымыз қалмайды. Өйткені әлемдік деңгейдегі мұра қатарына кіретін дүниені бағаламаған ел болып шығамыз. Әрі мұндай жағдайда кінәлілер тек қолжазбаны өзгеге бергендер, ел ішінен іздемеген ғалымдар, тіпті шетелдік ғалым ғана болып қалмайды. Шекара мен кеден қызметтерінің де үлкен кемшілік жіберіп, салғырт болғанын мойындауға мәжбүр боламыз. Әдетте әуежайларда жолаушыларды басынан бақайшағына дейін тексеретін құрылымдар түпнұсқаны елден алып кетуге жол берген болса, жауапкершіліктің бір ұшын сол құрылымдарға жүктеуі керек. Тек біздің көңіл осындай «құпия қолжазбаның» түпнұсқасы елде дегенге сенгісі келеді.