• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Мамыр, 2019

Ақсудағы «алтын дүрбелеңі»

1678 рет
көрсетілді

Таяуда Павлодар облысындағы Ақсу қаласының іргесінде басталған «алтын дүрбелеңі» саябырлаған сыңайлы. Ғайыптан тайып байып қалсам деген арманның жетегіне ерген жүздеген адам күрек-сүйменмен қаруланып, экскаватор сияқты ауыр техникалар әкеліп, тып-тыныш жатқан жердің астаң-кестеңін шығарып қазып, күл-топырақты жүк көліктерге тиеп әкетіп, әбден әбігерге түсіп жатқанына куә болған едік. Себебі топырақтың құрамында бағалы металл бар-мыс.
Әлеуметтік желі арқылы таралып жатқан бейне-фото роликтерге қарасаңыз, құдды ХІХ ғасырда Алясканы шарпыған алтын дүрбелеңін еске салады. Көркем шығармаларда, көркем фильмдерде, деректі дүниелерде айтылғандай, құжынаған халық қара жердің қыртысын аударып-төңкеріп, ағын суды сүзіп алтын іздеп, алтыны бар-ау деген жерге таласып-тармасып, сол үшін атысып-шабысып жатушы еді ғой. Тарихта алтын дүрбелеңі жалғыз Аляска ғана емес, Калифорнияда, Аустралияда, Оңтүстік Африка елдерінде де болған. Қазақстандық «клондайк» атыс-шабыстан аман демесеңіз, адамдардың әрекеті соған ұқсас. Айырмашылығы, байып кеткен ешқайсысы жоқ. Павлодар облыстық Экология де­пар­та­менті хабарлағандай, жүздеген адам­ның жабайы жолмен «игеріп» жатқан «кеніші» ондаған жыл бұрын Еуразиялық энергетикалық корпорация және Қазақ­станның электролиз зауыты төккен күлдің үйіндісі, қалпына келтірілуге тиісті жер. Яғни, бұл жерде алтын түгілі дәнеңе жоқ. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегеннің нақ өзі деуге болады.

Облыстық полиция департаменті мен арнайы бөлімше жұмылып жүріп жұртты таратып, ат шаптырым аумақтан «старательдерді» әзер қуып шығыпты. 

– Ақсу әкімдігіне бүлінген жердің құна­рын қалпына келтіру және төңірекке күзет қою туралы талап жіберілді. Ақсу ішкі іс­­­тер департаментіне күлді заңсыз тасы­ған­дардың кім екенін анықтау және одан әрі әкім­шілік жауапкершілікке тарту туралы хат жолданды, – деп хабарлады Экология департаментінің баспасөз қызметі. 

Жұрттың сөзіне қарағанда, күлдің бір қапшығын 3-5 мың теңгеге өткізіп жат­қан көрінеді. Бірақ кім қанша өткізіп пай­даға кенелгені, күлді кім сатып алып жат­қаны туралы да ақпарат жоқ. Жағдай шынында күлкілі. 

Күлкілі дейміз-ау, бірақ дәл осыған ұқсас жағдай бұрын да бірнеше рет қайталанғанын ойласақ, адамдардың аңғалдығына, желдей ескен бос әңгімеге ергіштігіне таңғалмасқа шараң қалмайды. Мәселен, біраз жыл бұ­рын кеңес кезінен қалған кір тастарының құны аспандап шыға келгені есімізде. Алдымен жарнамалық газеттерде, интернетте кір тасының біреуі 2,5 миллион теңгеге сатылып жатқаны туралы ақпарат шыққан. Себебі кір тасы құйылған болаттың құрамында күміс пе, әлде сынап па, әйтеуір бір бағалы металл бар көрінеді... 

Жетпісінші жылдары жасалған ескі ЗИЛ тоңазытқышының бағасы жарты ғасырдан кейін қайта шарықтап кеткен кезі де болды. Оның да бір бөлшегі аса қымбат тұратын, қытайлықтар бірнеше мың долларға сатып алатын болып шықты. Айта берсек, басқа да осыған ұқсас оқиғалар болған. Бір қызығы бұл бұрынғы Кеңес құрамында болған елдерде жиі кездесетін сияқты. Жаңа айтқан кір тасы, ЗиЛ тоңазытқышы туралы оқиғалар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан елдерін шарпығаны осыны көрсетеді. 

Бүгінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қай жерде қандай кен барлығы, оның көлемі қанша екені, игеру қа­­лай жүргізілетіні, қанша жылға созылаты­ны, тіпті түсетін табыс көлемі бірнеше жыл бұрын шотқа қағылып, есептеліп қойы­­латыны белгілі. Өткен ғасырлардағы жабайы жол­мен жерді басып алып, астын үстіне шы­ға­рып қазуға қазір жол жоқ. Тіпті, күл-топырақтан басқа түгі жоқ жердің өзін қазу үшін де тиісті рұқсат алу керек, талаптарды орындау керек. Білім салтанат құрған, халықтың басым бөлігінің көзі ашық, сауаты бар, еліміздегі және алыс-жақынды шетелдердегі жаңалықтарды естіп-біліп жүрген қоғамда «алтын дүрбелеңінің» туындағанына қайран қаласың. Бұл неден болды? Халық соншалықты сенгіш пе? Әлде күл-қоқысты қопарып алтын іздейтіндей әлеуметтік жағдайы төмен бе? Бәлкім, «басқалар қазып жатыр, мен қалып қоймайын» деген ергіштік пе? Біздіңше, соңғысы сияқты. Мәселенің байыбына өз ақылымен ой жүгіртіп жатпайтынымыздың бір көрінісі осы болса керек.