• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Мамыр, 2019

Биыл 12 мың көп балалы отбасы өз пәтерлеріне кіреді — Қ. Өскенбаев

919 рет
көрсетілді

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін ұсыну тетігін іске асыру барысы туралы айтып берді.Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар, олардың ішінде 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдіктердің кезегінде тіркелген (1 қаңтардағы жағдай бойынша – 28 мыңнан аса отбасы).

Жыл сайын көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделген.

Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны қамтамасыз етуге жол ашады, 2025 жылға дейін — 40 мың көп балалы отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады.

Биылғы 1 мамырда 249 баспана берілді. Кеше, 7 мамырда, Семей және Өскемен қалаларында көп балалы отбасыларға 10 пәтер берілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар.

«Бізде баспана берудің арнайы кестесі бар. Мәселен, 9 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Шымкент қаласының көп балалы отбасыларына пәтерлердің кілттері табысталады. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында беріледі», — деп мәлімдеді Қ. Өскенбаев.

Қосымша шара ретінде биылғы маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастау жоспарланған. Бұл займдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін.

Аталған тетікті іске асыруға үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді, 25 жылдың ішінде 56 мың займ берілетін болады.

Сондай-ақ, Қ. Өскенбаев «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілгенін еске салды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражатқа сәйкес жалға берілетін тұрғын үйді бөлу туралы норма анықталды.

«Көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың алғашқы нәтижелері осындай. Біз бұл жұмысты тұрақты бақылауға алдық. Елбасының көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалады. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көп балалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өздерінің пәтерлеріне орналасады (барлық қаржы көздері есебінен – 6 мың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелендіру есебінен – 6 мың). Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасылардың мәселесін толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.