Бронх демікпесі ересектердің 5%, балалардың 10% зардап шегетін ең көп таралған созылмалы аурулардың бірі болып табылады. ДСҰ анықтамасы бойынша бүкіл әлемде 235 млн.адам демікпемен ауырады.Дүниежүзілік демікпемен күрес күні жыл сайын мамыр айының бірінші сейсенбісінде атап өтіледі. 2019 жылы ол 7 мамырға сәйкес келді. Бұл күн ДСҰ бастамасы бойынша құрылған және демікпеге шалдығудың өршу проблемасына жұртшылықтың назарын аударып, бұл детке душар болғандарға көмек көрсету сапасын арттырып, адамдардың одан хабардар болуына бағытталған. Алғаш рет Бүкіләлемдік демікпеге қарсы күрес күні 1988 жылы аталып өтті.
Демікпе грек тілінен аударғанда «ауыр тыныс алу» дегенді білдіреді. Бұл терминнің авторы – Гиппократ. Көптеген ғасырлар бойы ғалымдар осы аурудың себебін зерттеуге тырысты және тек ХХ ғасырда демікпенің себебі, аллергиялық реакция, сыртқы тітіркендіргішке (химиялық, биологиялық, физикалық) жауап ретінде бронхтардың жергілікті қабынуы болып табылатыны анықталған.
Қазақстанда демікпемен ауыратын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, демікпеге шалдығу 100 000 адамға шаққанда 56,3 кездеседі. Ал бұл 10 мыңға жуық насқас бар дегенді білдіреді.
Көп жылдан бері қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерімен айналысатын «Аман-саулық» ҚҚ президенті, дәрігер Бақыт Түменова: «Демікпе аса жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Бұл тыныс жолдарының қабынуы мен тарылуына тән өкпенің созылмалы ауруы. Аурудың жиілігі бойынша бұл дерт жүрек ауруларынан, инсульттан, қатерлі ісіктен және диабеттен кейін бесінші орында тұр», – дейді.
«Бронх демікпесін анықтау қиын, себебі оны жіті және созылмалы бронхиттермен, өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен, өкпенің қабынуымен, туберкулезбен, басқа да респираторлық, неврологиялық немесе қантамыр ауруларымен оңай шатастыруға болады. Дәл диагнозды жедел дем шығару көлемін өлшеу, бронхиалды секрет анализі, аллергологиялық тексеру және т.б. талдаулар негізінде қоюға болады. Алайда, бронх демікпесін диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерінің көмегімен бақылап, дұрыс ем қолданса, талай науқас ауру белгілерінен арылуы мүмкін», – дейді сарапшы.
АЛМАТЫ