• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Мамыр, 2019

Жауынгерлерді ажалдан арашалаған

1808 рет
көрсетілді

Сұрапыл соғыс жылдарында адам жанының арашашысы болып, ерлікпен от кешкен ержүрек дәрігер қыздар Кеңес халқының зор мақтанышы болған еді. Олардың арасында қазақ қыздары да болды. Алайда ерлермен бірге майданда қан кешкен жауынгер қазақ қыздары қасиетті тәуелсіздіктің арқасында ғана ұлт мақтанышына айналды. Міне, солардың бірі медициналық қызметтің гвардия капитаны, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері – Роза Момынова.

Бүгінге дейін әскери дәрігер Роза Момынова туралы біздің дә­йекті мәліметіміз болма­ды. Десек те, майдангер қазақ қыз­дары жөніндегі тыным­сыз із­де­ніс­тің нәтижесінде, жер­гілі­к­ті «Приу­ралье» газетінің 1965 жылғы 8 мамыр күнгі санын­да жария­ланған «Девушки в сол­датских шинелях» атты мақа­ладан Роза Момынованың Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы­ның тұрғыны болғанын анықта­дық. Бұған қоса Батыс Қазақстан облыстық архив қорынан оның әскери киіммен түскен суретін де таптық. (Суретте медициналық қызметтің гвардия капитаны – Р.Момынова).

Жоғарыда айтылған дерекке келетін болсақ, автор Болат Қа­лиев бұл мақаланы Розаның сол кезде Орал қаласында тұрған анасы Ұлмекенмен жүргізген сұхбат негізінде жазғандығын айтқан.

Роза Ғалиқызы Момынова 1919 жылы Орал облысы Жым­питы ауылында дүниеге келген. Жанұяда жалғыз өскен. Ке­йін ата-анасы Орал қаласына қо­ныс аударады. Қаланың Етком­би­наты ауданындағы орта мек­теп­тің 7-класын бітірген соң, Роза 1934 жылы Оралдағы фельд­шерлік техникумға қабыл­да­нады. 1938 жылы оқу бітір­ген тіс дәрігері Федоровка ауылына келіп, жұмысқа орнала­сады. Жүрек қалауымен таңдаған ма­ман­­дығының қыр-сырын жетік меңгеруге тырысқан жас қыз көп уақыт өтпей-ақ ауыл тұр­ғын­дарының сүйікті дәрі­геріне айналады. Дегенмен биік мақ­сат жолындағы арман жет­егін­де жүрген Роза ауылда бір жыл жұмыс істегеннен кейін, меди­цина­лық институтқа құжат тапсыру үшін Алматы қаласына барады. Емтихан тапсыру мерзімінен кешігіп келгендіктен оның жолы болмай, Алматы қалалық №1 емханаға жұмысқа орналасады.

1941 жылы соғыс басталған кезде Алматы қалалық Сталин аудан­дық әскери комиссариаттан шақыру алып, 27 қыркүйекте әске­ри медициналық бөлімше құ­рамын­да Калинин майданына аттанады.

Дәрігер Роза Момынова госпи­тальдағы жаралы жауынгер­лерді емдеп қана қойған жоқ, сонымен қатар, ол жау снарядының оғы кү­­шейген кезде атыс алаңынан тран­шеяда, окопта жат­қан жаралы жауынгерлер­ге көмек­ке ұм­тылып, оларды сү­йемел­деп бо­раған он ортасынан алып шық­ты. Мәселен, дәрігер қазақ қызы туралы «Отан үшін» ат­ты май­дан газетінде «Әскери аға фельд­шер Роза Момынова елі­міз­дің жауынгерлерімен бірге неміс оку­панттарына қарсы кү­рес­ке қатысып жүр. Ол жаралы жауынгерлерді қамқорлықпен күтеді. Оларды қатарға қосу үшін барлық күш-қуатын, білімін аямайды. Олардың үйіне хат жазып береді. Күні-түні жаралы жауынгерлердің қасында болады. Көңілді әңгімелер айтады, газет оқып береді. Жауынгерлер мен командирлер оны өзінің туған қарындасындай жақсы көреді. «Қарағым Роза» деп оның атын құр­метпен атайды. Мерейің үстем болсын, Роза! В.Чепель, 27 наурыз, 1943 жыл», деп жазды.

Ғалым Ғазиз Әбішевтің 1969 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Казахстан в защите социалистического отечества» атты еңбегіндегі мына деректе: «Қандай жерде жаудың оғы күшейеді, сол жерде Роза жүреді. Жылы сөздерімен жаныңа күш беріп, нәзік қолдарымен жарақатыңның аузын таңып, ауруыңның азабын жеңілдетеді. Ол жүздеген жауын­герлердің өмірін қорғап қалды. Олардың көпшілігі қатар­ға қайта қосылды» деген жаралы жауынгерлердің мейірімді дәрі­гер Роза Момыноваға деген сүйіс­пеншілігін көреміз.

Осылайша өмір мен өлім арасында жүрсе де, өзінің адами асыл қасиеттерін жоғалтпаған Роза Момынова туралы жауын­гер­лердің бұл пікірін, сондай-ақ Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архив қорында сақталған мына дерек толықтыра түседі.

Батальон командирі меди­ци­налық қызметтің капита­ны Са­л­а­­хитденовтің дәрігер Роза Мо­­­мынованы «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынған мына жаз­басында: «І-нші Екпінді Ар­мия­­ның 391-атқыштар дивизиясы 473-медициналық бөлімшенің тіс кабинеті бастығы медициналық қызметтің лейтенанты Роза Мо­мынова медициналық бөлімше құрылған күннен бастап қызмет жасайды. Ол әрдайым уақытпен санаспай белсенді еңбек етеді. Өз еркімен ота жасау бөлімінің жұмысына да қатысады. Әскери ірі операциялар кезінде жаудың артиллериялық оғының астында жүріп, әрдайым алғы шеп­тегі медициналық бөлім қыз­меті­нен та­былады. Жолдас Мо­мынова ко­ман­дованиенің әскери тапсыр­масын орындау барысында ал­дыңғы шептегі қазақ жауын­гер­лерінің арасына барып, ана тілін­де бірнеше рет үгіт-насихат жұ­­мыс­­тарын жүргізді. Өзінің не­гіз­гі қызметі бойынша, тек 1943 жылдың жазында ғана 1508 жаралы жауын­герге кәсіби дәрігерлік көмек көр­­сетті. Роза Мо­мы­нова бел­­­сен­ділігі мен ас­қан жауапкершілігі үшін мем­лекеттік «Қы­зыл Жұлдыз» ордені­не ұсы­­ну­ға лайық», деп жазылған.

Осылайша қазақ­тың ер­жүрек мейірім­ді дәрігер қызы Роза Мо­мынова 1943 жылы нау­рыз айында «Жауын­герлік ерлігі үшін» ме­да­лі­мен, сол жылы қыркүйек айын­да «Қызыл Жұлдыз» ор­денімен марапатталады.

Роза Момынова 1944 жылы 30 наурыз күні Балтық майданында ауыр жараланып, Қазан қаласындағы №5872 госпитальге (қазір Бут­леров көшесінде ор­на­ласқан №7 мектеп үйі) жет­­кізіледі. Ар­хив деректеріне қара­­­ғанда ауыр жарақаттанып, гос­­питальда жат­қан Роза Мо­мынова 1944 жыл­дың 1 мамыр күні «Москваны қор­ғағаны үшін» медалімен марапат­тала­ды. Алайда, ажалға не шара, жарақа­тынан айыға алмаған дәрі­гер қыз 1944 жылы 20 мамырда Қазан қаласындағы госпитальда қайтыс болып, сол қаладағы Арск зиратына жерленеді.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты