Майдангерлерге мың тағзым
Бастапқы жоспарымда өзіме «Соғысқа Қазақстанның іші мен сыртынан 600 мыңдай қазақ қатысқан болса, соның 200-нен кем дегенде 1 офицер шығуы тиіс, яғни 3 мың офицерді қайткенде де табуым керек» деген міндеттеме қойдым. 2014 жылдың күзінде іздегендерімнің саны 7 мыңнан асқасын, Атырау облысының басшылығын хабардар еттім. Ол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен оның орынбасары Шыңғыс Мұқан бірден қолдап, қаражат бөлді, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 2015 жылдың сәуірінде Атыраудағы «Ағатай» баспасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық кітабымды жарыққа шығарды. Оған 8437 офицер енді.
Тәулігіне 16-18 сағаттан тапжылмай жұмыс жасап, араға 19 ай салып, 2016 жылдың желтоқсанында 12 056 қазақ офицер кірген бұл кітап 25 том болып екінші рет жарыққа шықты. Осы кітапты құрастырғанда алдымен көмекті еліміздің аймақтарындағы қорғаныс департаменттерінен, аудандар мен селолық округтердің басшыларынан дәметкенмін, бірақ олар ешқандай мән бермеді. Майдангерлердің отбасылары да белсенділік танытып жарымады, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандардың 80-90 пайызы құжаттармен дәлелденбеген, көбі бірін-бірі түрлі форматта қайталайды. Сондықтан тек қана мұрағаттармен жеке өзімнің жұмыс істеуіме тура келді. 8 жылдың ішінде 4 миллиондай адамды сұрыптаудан өткізіппін. 2020 жылдың ортасына дейін тағы 1 миллион майдангерді қарау жоспарымда бар.
Қазақтың батыр ұлдары
Аз ғана адамның тағдыры емес, мыңдаған майдангердің құжаттарымен танысқанымда олардың ауыр да таңғажайып ерліктеріне тәнті болдым. Көбінде тапқандарыма қуанып, шаттансам, көзіме жас келтіргендер де кездесті. Бұл тақырыпты зерттеуім әлі жүріп жатыр, бүгінде майдангер офицерлеріміздің жалпы саны 13 100-ден асты. Олардың 12,5 мыңдайы майдандардың алғы шептерінде жаумен бетпе-бет айқасқандар. Осы жерде статистикаға жол беруге тура келеді. Қазақстанның сыртында өмірге келген қазақ офицерлер саны – 1357. Әсіресе Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор облыстары мен Алтай өлкесі, Өзбекстанның Ташкент облысы мен Қарақалпақ АССР-і, Түрікменстанның Красноводск, Чарджоу облыстары, біздің елімізде Батыс Қазақстан облысында офицерлер көп шыққан.
13 мың көрсеткішімізбен мұсылман әлеміндегі ұлттар арасында бірінші орында тұрмыз. Мұсылман тектестер арасында аға офицерлер бойынша татарлар мен башқұрттарды алға жіберіп, үшінші орындамыз. Оның басты себебі – 1731 жылы Қазақия өз еркімен Ресей империясы құрамына енгенінде жасалынған келісімшартта орыс армиясына қазақтарды міндеттеп алу көрсетілмеген еді, ол 1936 жылға дейін сақталынған да, еріктілер болмаса, офицер дайындайтын әскери училищелерге қандастарымыз бармаған. Соғысқа қатысқан 271 аға офицеріміз (3 генерал-майор, 9 полковник, 30 подполковник, 229 майор) – бүкіл офицеріміздің 2,06 пайызы ғана. Салыстырсақ: Орталық Азиядағы 6 ұлт: өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ, ұйғырлардікін қосып есептегенде, офицерлері біздікінен 4 есе кем – 3 мыңнан сәл асады. Аға офицерлері – 69.
Әйгілі қолбасшылар Сабыр Рахимов, Шәкір Жексенбаев, Бауыржан Момышұлы соғыс басталғанда 40-30 жас аралығындағы аға буын саналды. Аға офицер дәрежесіне жеткен жастар да болды. 24 жас офицеріміз майор шенін алған. Олардың ең жасы: Капьят Төлекеев, 20 жасында 192-атқыштар дивизиясының 753-атқыштар полкы құрамындағы 3-атқыштар батальонының командирі, майор, 21 жасында осы полк командирінің сап бойынша орынбасары болды. Қасым Сырғабаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Михаил Ізмұратовтардың есімдері де осы қатарда айтылады.
Ақиқат қалайда ашылады
Майдан даласында бастарын қатерге тігіп, тобықтан қан кешкен қазақ жауынгерлері мен дарынды әскербасыларына әділетсіздік, қаралық жасалынғаны туралы деректер де аз емес. Алдымен әскери құрылымдар бойынша салыстырып көрсетейін. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылдың тамызындағы №383 шешімімен сол жылдың аяғына дейін 11 одақтас республикада 66 ұлттық дивизия, бригада құрылып, олардың 37-сі майдандарда соғыс қимылдарына қатысты. Біздің Қазақстанда 3 дербес атқыштар бригадасы (100-ші, 101-ші, 151-ші) және 2 кавалериялық дивизия (105-ші, 106-шы) ресми түрде Қазақ деп аталды, барлығы фашистік Германия әскерлерімен бетпе-бет шайқасты. Қайран қалдыратыны, осы ұлттық 5 құраманың бірін де қазаққа басқартпады. Мысалы, 100-ші Қазақ дербес атқыштар бригадасы Алматыда құрылды (86% қазақтар), 101-ші Қазақ дербес атқыштар бригадасы Ақтөбеде жасақталды (80,3 пайызы қазақтар), 151-ші Қазақ дербес атқыштар бригадасы Қостанайда өмірге келді (64% қазақтар). Бригада 1943 жылдың қыркүйегінде үшінші рет жасақталған 150-атқыштар дивизиясының негізіне айналды, бұл дивизия Рейхстагқа бірінші болып ту тігуімен тарихқа енді. 105-ші Қазақ кавалериялық дивизиясы Жамбыл облысында (82% қазақтар), 106-Қазақ кавалериялық дивизиясы Ақмолада жасақталды (89% қазақтар). 1942 жылдың тамызында бұл 5 құраманың барлығынан Қазақ деген ұлттық атау алынып тасталды. Ал Латыш, Литван және Эстон атауларымен бұл ұлттардың 9 әскери құрамасы соғыс біржола аяқталғанша сақталынды. Тіпті Латыш пен Эстонның құрамдарында қос-қос дивизиясы бар екі атқыштар корпусы болды. Қазақтың 5 ұлттық әскери құрамасы басында 11 командир болса, ішінде бір қазақ жоқ. Латыштың 3 ұлттық әскери құрамасын 6 адам басқарса – олар 100 пайыз латыштар, бәрі генерал. Литва мен Эстонияда да солай. 1941 жылы майданға Бауыржан Момышұлымен бірдей батальон командирі, аға лейтенант болып кірген 9 орыс офицер 1944 жылы-ақ дивизия командирі, генерал-майор болса, қолбасшыларға берілетін Суворов, Кутузов, Богдан Хмельницкий ордендерінің жоғары дәрежелерін кеуделеріне тақса, есімі әлемнің бестен бір бөлігіне белгілі біздің Баукең 1943 жылдың қазанында полковникке, 1945 жылдың ақпанында дивизия командиріне жетті, ана үш орденнің бірі бұйырмады. 1942 жылдың сәуірінде-ақ 47 дербес танк бригадасының командирі (генерал-майор шеніне лайық лауазым) болған подполковник Ғали Әділбековті 4 айдан кейін 47-дербес гвардиялық танк полкына төмендетумен ауыстыра салады, ол сол лауазымда 1943 жылдың 25 қазанында қаза тапты. Ғ.Әділбековпен бір мезгілде танк бригадасы командиріне тағайындалған И.Якубовский соғысты танк корпусы командирінің орынбасары, генерал-майор, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры болумен аяқтады, кейін КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарлығына, Кеңес Одағының Маршалына жетті. Бұл да өз мемуарында Ғ.Әділбековтің дарынды әскербасы екенін, соғысты жоғары лауазыммен аяқтауы мүмкін болғанын келтірген. Мұндай мысалдар аз емес. 102.0 биіктік аталған Сталинградтағы Мамай қорғаны үшін шайқас 135 тәулікке созылған, Қызыл Армия мен Вермахт 51 мың әскерінен айырылған. Өте маңызды саналатын ол биіктікте жау жеңіл зеңбіректерімен, минометтерімен, төрт жаққа ірі калибрлі пулеметтері орнатылған ДЗОТ-тарымен 62-армияның әскерлерін 4,5 ай бойына үлкен шығынға ұшыратып, жоғары беттетпей қойған. Сол биіктікті 1943 жылдың 9 қаңтарында 284-атқыштар дивизиясы 1045-атқыштар полкының 2-атқыштар батальоны бірінші болып басып алғанынан бастап, одан жауды 26 қаңтарда өзге бөлімдер толық тазартқанша 17 күн бойына ұстап тұрды. Осы үшін батальон командирі лейтенант Шамшит Қабдонасов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Қазақ офицер Кеңес Одағының Батыры атағына лайық еді. Ақиқатты толық ашу – қайсар төзімділікті, үлкен біліктілікті және мол уақытты қажет етеді.
Жазатын дүние әлі көп
Маған дейінгі зерттеу-анықтаулар бойынша әскери авиацияда қызмет еткен офицер қазақтардың саны 8 еді, оларды 88-ге жеткіздім. Жәкір Абанов, Әбділда Айтбаев, Құбайыс Алдияров, Махмет Амантаев, Мұхамедияр Асылбеков, Зия Ахимбеков, Сағын Ахметғалиев, т.б. Осы жерде айтуға тиіспін, әлгі 1943 жылдың 3 шілдесінде 242-нші түнгі бомбалау авиадивизиясы құрамында құрылған ұлттық 1-Латыш бомбалаушы авиаполкінің бүкіл ерлігінен – біздің екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов бастаған тек қазақ ұлтты ұшқыш-штурман офицерлеріміздің ерлік-еңбектері еселеп асып түседі.
Биыл бес томдық «Майдан кешкен. Атыраулық марапатты майдангерлер» және 2 томдық «Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеген қазақстандықтар» деген кітаптарым жарық көрді. Алдыңғысына 5162 орден-медаль алған атыраулық майдангер жерлестерім енсе, екіншісінде ең жоғары атақ бұйырмаған, қазақ жерінде кіндік қандары тамған 321 отандасымызды сол атаққа ұсынған құжаттардың көшірмелерін түгелімен бердім. Кеңес Одағының батыры атағына екі реттен ұсынылған 14 қазақстандыққа қос «Алтын Жұлдыз» бұйырмады. Олардың ішінде 6 қандасымыз бар: Зейтен Байжанов, Құдайберген Жансеріков, Қабыш Көктаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мінайқұл Сағындықов, Сейтхан Темірбаев.
«Женщины-фронтовики Казахстана» деген 6 томдық еңбек әзірленді. Оған 7477 қыз-келіншектер кірді, 637-сі офицерлер. Айтпақшы, 13100 қазақ офицердің 22-сі қыз-келіншектер. Алда жоспарлар жеткілікті. Екінші дүниежүзілік соғыста отандастарымның, аға офицер атқаратын лауазымдарда, әскери авиацияда болғандары, майданда 3 және одан көп орден алғандары туралы кітаптарымды жарыққа шығарсам деймін. Ресейден ұсыныстар бар, алапат соғысқа қатысқан Кеңес армиясының дивизия, бригада, корпус, армия, флот, майдандары мыңдаған басшыларын кітаптарға жинақтау, Башқұртстан мен Шешенстан үкіметтері де ержүрек майдангерлерін толық анықтап беруді әлденеше рет өтініш етті. Түркияның бір телеарнасы қазақ халқын әлемдегі мұсылман тектес ұлттар арасында бірінші орынға шығарған 13 мың майдангер офицеріміз жайлы бір сағаттық құжатты фильм түсіргісі келеді.
Сөзімнің соңында мемлекетімізге, оның болашағына қажет әскери тақырыптардағы кітаптарымның жарық көруіне жағдай туғызып отырған Атырау облысының әкімі, нағыз патриот азамат Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа алғысымның шексіз екенін жұртшылыққа жария еткім келеді.
Жұмабай ДОСПАНОВ,
тарихшы-журналист
АТЫРАУ