• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 09 Мамыр, 2019

Аң-құсты қаншалықты көбейте аламыз?

1742 рет
көрсетілді

«Қырын құлан жайлаған...»

Маңғыстаудың маң даласы­на аң мен құсты жерсіндіру жұ­мыс­та­ры жүйелі жүргізілуде. Жазы ыстық, қысы қытымыр, шөлді өлке­нің табиғатына бейім тіршілік ие­ле­рі жатырқап-жатсынбай бауыр басып, төлдеп, көбейіп келеді. Та­би­ғи ерекшеліктерімен, мәдени мұра­ла­рымен келешекте туристік зор әлеуетке ие болып, толассыз туристер легін тартамын деп талаптанған өңірге тамашалаушылар үшін аң-құс түрлерін молайту, саятшылық пен әсерлі серуен-сейілді ұсыну да маңызды болып тұр. Сондықтан Маңғыстаудың даласында тіршілік етуші аң-құс түрлерін сақтап, кө­бей­ту­мен қатар, өзге өңірлерден тасы­малданған тұқымдарды жер­сін­ді­ру және санының артуына ықпал ету – өзекті мәселе. Өңірде күшейтілген күзет жұмыстарының нәтижесінде жануарлар өсіп келеді. 2017 жылғы Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жүргізген авиасанақ кезінде қорғалатын жергілікті аймақтардан 1509-дан астам арқар анықталып, қара­құйрық, арқар және басқа да жабайы аңдардың саны алдағы жылмен салыстырғанда көбейгені байқалды.

Кеңестік кезеңде Түрікменстаннан «Барсакелмеске» әкелінген құландар кейін Маңғыстауға да әкелініп, жібе­ріл­­ді. Бұл жер бетіндегі санының азаю­­ына байланысты арнайы қорғауға алы­нып, халықаралық табиғат қорғау ода­ғының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құландар санын кө­бей­тудегі бірден-бір жол болатын. Атал­мыш үрдіс кейін де жалғасын тауып, 1991 жылы 35 құланның тұяғы Маң­ғыстау топырағына тиді. Арада 13 жыл салып жүргізілген санақ нәтижесі олардың қарасы артып, 100-120 құланға жуықтап қалғанын анық­тады. Қазір де Маңғыстауда құ­лан, құс түрлерін әкелу жұмысы то­лас­таған жоқ. 

– Жануарлардың өсімін молай­ту­дың негізгі жолы – реинтродукция­лау, яғни жануарлар түрлері дара нұсқа­ларын бұрынғы мекендеу орта­ларына әдейі ауыстыру. Осы­ған байла­ныс­ты «Қазақстанның биоалуан­түр­­лі­лікті сақтау ассоциа­циясы» та­ра­­­пынан 2017-2020 жылдарға ар­нал­­­ған Қазақстандағы құландарды реинтродукциялаудың биологиялық негіз­демесі жасақталды. Осы биоло­гия­лық негіздемеге сәйкес 2019 жылы «Барсакелмес» қорығынан құлан­дарды Маңғыстау облысының аума­ғы­на әкеліп жерсіндіру жоспарланған. Маңғыстауға 1991 жылы «Ақтау-Боза­шы» мемлекеттік қаумалына құлан­дар әкеліп жіберілген және олар осы жердің табиғатына тез жерсінді, – дейді бұл туралы Маңғыстау облыс­тық орман және аңшылық шаруа­шы­лығы аумақтық инспекциясы басшы­сы­ның орынбасары Ғаббас Досатов.

Сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ли­­касы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмір­­ліктері арасында жануарлар дүние­сінің, оның ішінде сирек кезде­се­тін құстардың өсімін мо­лай­­ту мақ­са­тында 2018 жылдың мамыр айында 500 лашын Қара­қия, Бейнеу аудандары аумағына ұшы­рыл­са, 2013 жылдан бері облыста 1500 бас шамасында дуадақ, лашын табиғат аясына жіберілген.

«Қызыл кітапқа» енген дуадақ құсы­­ның санын Маңғыстауда көбей­ту үшін жылда Біріккен Араб Әмір­лі­гінен және Түркістан облысынан Үс­тіртке бірнеше бас аталған құс әке­­лінеді. Ин­кубаторда өсірілген дуа­дақтардың кең далаға еркін сіңісіп кетуі және қас­­көйлерден қорға­­нуы оңай емес, сон­­дықтан олар үне­мі бақылауда. Дуадақты қор­ғау­дың халықаралық қоры аталық дуа­дақ­тар­ға арнайы қон­дыр­­ғы орна­тып, олардың қайда, қалай жүр­генді­гінен хабардар болып отырса, құс­тарды тасымал кезінде бабымен жет­кі­зу­мен, олардың жай-күйін жасаумен франциялық орнитолог мамандар айналысады. 

«Береген қолым алаған» дегендей, дуадақ әкелген арабтар ителгі құсқа «құда түскен». Келісім бойын­ша олар Үстірт үстінен 50 ителгі аулап, саят­шы­лық құруға құқылы болып шықты. 

«Балығы тайдай тулаған...»

«Маңғыстаулықтар келгенде таң­сық тағам ғой деп балық ұсынушы едім, сөйтсем қателесіппін. Балықтың «көкесі» Маңғыстауда екен», деп еді жуыр­да бір атыраулық жігіт. Балық аулау және оны өндіру ісі ірі салаға айна­лып кетпегенмен, там-тұмдап тірлік етуде. 

– Маңғыстау облысы Каспий теңі­­­зінің жағалауында орналасқан, ба­лықшаруашылық қоры Прорва кенті­нен Суэ жеріне дейін 1350 шақы­рымға созылып жатқан алты балықшаруашылық ауданы 30 учаскеден тұрады, оның 25-і балық шаруа­шы­лы­ғы субъектілеріне бекітілген, 8 учаске резервте тұр.

Маңғыстау облысы аумағында 2018 жылы балық аулауға лимит – 1859 теңге, 2019 жылы лимит 2567 теңге болды. Қалқыма балық түр­ле­ріне майшабақ, тікенді балық (кефаль), қорытпа, ақмарқа жатса, табиғи балықтарға бекіре, шоқыр, қаракөз, сазан, көксерке, табан және қалған уақ балықтардың бәрі жатады. Теңіздегі ба­лықтардың алуан түрлілігінің көп бөлігі теңіз және өзен балықтары деп аталса, ал қалған бөлігі өтпелі және жартылай өтпелі балықтар. Каспий балықтарының 40 түрі кәсіпшілік түріне жатады. Сирек кездесетін және «Қызыл кітапқа» енгізілген түрлері – волжалық майшабақ, Каспий албырты, ақбалық, құтым, тағы басқалар, – дейді Маңғыстау облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақ­тық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов.

Балықтың әртүрлілігі тек қана Кас­пий теңізінде байқалады. Кә­сіп­ші­лік балық аулауда ерекше орын алатын жартылай өтпелі балықтар сазан, табан, ақмарқа, қаракөз, ал теңіздің бай­ырғы балықтары майшабақ және тікенді балық (кефаль) көптеп кез­де­се­ді. Каспий теңізіндегі итбалық – уақ жемтіктерімен қоректенетін бір ғана балық түрі. Итбалық кәсіпшілік түріне жатады, қазіргі уақытта итбалықты пайдалану тоқтатылды. Каспий теңі­зін­­де ауа райының тез өзгеруіне байланысты жағалау аймақтарында кефаль балығының қозғалысы анық байқа­­­лады. Кефаль теңіздің оңтүстік аймақ­тарын қыстап, 800 шақырым қа­шық­­тықта жүріп Түрікменстан теңіз жағалауларына барады. 

Каспий теңізінен балық аулаудың өз­ін­дік ерекшелігі бар. Жылдың не­гіз­гі бөлігі теңізде дауыл болып тұ­ра­ды, балықтар өтпелі, наурыз айы­нан бастап Түрікменстан шекара­сы аймағынан кефаль, майшабақ, көк­сер­ке балықтары келеді, осы балықтар Баутино аумағынан өткеннен кейін олар­ды аулау азаяды, себебі теңіздің сол­түстік аймақтарында балықтар әр бағытқа кетеді. Сәуір айынан бас­тап Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерінен ақмарқа, сазан, табан, қаракөз және тағы басқа балықтары келіп, маусым айында қайтып кетеді.

Судағы тіршілік иесіне қатысты қас­көйлер ісі де тыйылар емес. Түпқараған және Бозашы инспекциясы бөлімдерінің 13 инспекторы теңізде, жағалауда мемлекеттік бақылау, қорғау жұмыс­та­рымен айна­лы­сады. Олар 2 суда жүзу құралы және 3 автокөлікпен қам­та­масыз етіл­ген. Шекара қызметі, полиция де­пар­­таменті, көлік инспекция­сы және прокуратура органдары­мен біріккен іс-шара жоспары жасақ­тал­ған.

2018 жылы Маңғыстау облысы аума­ғында заңсыз аң аулаудың өрес­кел үш фактісі анықталса, Инс­пек­ция­­да жануарлар және өсімдіктерді қорғау бойынша 319 рейд жүргізіліп, 127 құқықбұзушылық анықталған, оның 110-ы әкімшілік, 17-сі қылмыстық құқық­бұзушылық болып табылады, әкім­­шілік істер бойынша салынған 899 мың 458 теңге айыппұл толық өндірілген.

Өз басын қатерге тіге жүріп қас­көйлерге қарсы тұратын қорық­шы­лар­дың еңбегі ерен. 

Аң аулау қаншалықты заңды?

Аңғарға барып аң аулап, қырға шығып қиқулатып қайтатындар жоқ емес. Ол қаншалықты заңды? 

Мамандар сөзінше, Маңғыстау облы­­сында спорттық тұрғыда әуес­қой аң аулау жүргізіледі. Облыс­та тіркелген бір аңшылық шар­уа­­шы­лы­ғын жүргізуші мекемеге 9 аң аулау алқаптары бекітілген. Маңғыстауда аң аулау алқаптарында аңшылық маусым 1 қыркүйектен бастап келесі жылдың 15 ақпаны аралығында өтеді. Ал қасқыр аулау мем­лекеттік қызмет болып табылады. Биыл облыс аумағында 300 бас қасқырға дейін аулауға рұқсат етілген.

– 2016 жылдан бастап Қазақстанда көктемгі аң аулау тоқтатылды. Оған себеп, Қазақстанның биоалуан түр­лілік­ті сақтау ассоциациясы және Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты көктемгі аң аулау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, биологиялық негіздеме дайындады. Биологиялық негіздеменің қорытындысы бойынша барлық суда жүзетін құстардың Қазақстан аумағы бойынша саны күрт азайған. Оның себебі көктемгі аң аулау кезінде ата­лық құстарды аулауға рұқсат бері­ле­ді, ал аңшылардың негізгі бөлігі аталық және аналық құстарды айыра бермейді, сондықтан олар барлығын бірдей аулайды және көктемде үй­рек­­терді суға «алдамшы үйрек» қо­йып аулауы тиіс, оны көпшілігі сақ­тай бермейді. Сонымен бірге көктемгі мезгілде аналық құстардың жұмыртқа салатын мезгілі, – дейді Маңғыстау облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов. Сондай-ақ жан-жануарлардың төлдеп, кө­бейетін көктем мезгілінде аңшылар мыл­тық атып, аң аулайтын болса, жануарларды өз мекендерінен үркітетіні белгілі.

Сонымен туристік әлеуетті арттыру жолындағы Маңғыстауда қо­нақ­тарды тарту тек теңіз жаға­лауын­да­ғы демалысқа немесе қала­ның әсем­дігіне байланысты емес және бұл айтыл­ған­дар­мен ешкімді таңғалдыра алмайтынымыз анық. Даланың табиғи көркімен бірге тарихи-мәдени ескерткіштерді таны­ту қаншалықты қызғылықты болса, шөл даланы шарлаған жан-жан­уарлар дүниесі де – үлкен әлем, тама­шалауға тұратын құбылыс. Оны барын сақтау, қорғау және көбейту, жоғын және шөл далаға бейімін әкеліп жерсіндіру әрі қиын, әрі қажетті жұмыс. Тек туристер үшін емес, даланың байлығы – халық өмірінің сәні мен мәні.  Маңғыстау облысы